Жеңіс күні қарсанында ұсынылатын әскери фильмдер

КИНО
2890

Әрқайсымыз үшін 9 мамыр – бейбіт аспан мен жарқын өмірдің ажырамас символына айналған ерекше күн. Соғыс батырларының тағдырын түсіну үшін Қазақстанда араға уақыт салып ерлік пен елдік, Отанға деген сүйіспеншілік пен шынайы достық туралы әскери фильмдер түсіріле бастады. «Мәдениет порталы» Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында киносүйер қауым үшін кеңестік кезең мен Тәуелсіздік  алғаннан  кейінгі жылдары түсірілген Ұлы Отан соғысы батырларының ерліктерін сипаттайтын фильмдердің топтамасын ұсынады.

«Ана туралы аңыз» (1967, реж.: А.Карпов) 

Фильм Ұлы Отан соғысы тақырыбын қамтып, соғыста ұлынан айырылған ананың оқиғасы баяндалады. Бас кейіпкер Әмина Өмірзақова сомдаған ана кейіпкер оқу мен жазуды білмейді. Майданнан келген хаттарды оқумен сауатын ашып, жалғыз ұлынан хабар күтумен болады. Анаға әр отбасына майданнан келген қаралы хабарларды жеткізуге тура келеді және олардың қайғысын түсініп, соны жеңілдету үшін жанашырлық жүгін мойнына алады. Туынды ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған. Бірінші Бүкілодақтық кинофестивальде Әмина Өмірзақова «Үздік әйел рөлі үшін» номинациясын және фильм 1964 жылы Карловы Варыдағы халықаралық кинофестивальде Құрмет дипломын, 1967 жылы К.Байсейітова атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын иеленген.

«Әлия» (1985, реж.: Б.Шамшиев)

Фильм Ленинградты азат ету үшін шайқаста қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың рухына арналған. Біз көрермен ретінде 1943 жылғы Ұлы Отан соғысының бетбұрыс кезеңіне түсеміз. Соғысқа қажетті мергендердің үздігін даярлау мақсатында жас жеткіншек қыздардан арнайы курс даярланады. Олардың қатарында болашақ Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова да болды. 1943 жылдың тамызынан 1944 жылдың қаңтарына дейін жас мерген қыз 78 гитлерлік жауынгердің көзін жояды. Небәрі алты ай ішінде Әлия Молдағұлова соғыста сөзсіз ерлік көрсетіп, 18 жасында майдан шебінде көз жұмады. «Мергендер» XIX Бүкілодақтық кинофестивальде «Үздік әскери-патриоттық фильм үшін» жүлдесіне ие болды.

«Ел басына күн туса» (1967, реж.: М.Бегалин)

Туынды 1941 жылы Мәскеу маңындағы Волоколамск бағытында соғысқан, фашистерді тоқтатып, қарсы шабуылға шыққан аты аңызға айналған Панфилов дивизиясына арналған. Дивизия құрамында болған Бауыржан Момышұлының 1941 жылы Мәскеу түбінде шайқасқан Панфилов дивизиясына арналған кітаптары мен материалдарының желісі фильмге арқау болды. «Ел басына күн туса» фильмінің сценарий авторлары – Мәжит Бегалин мен мәскеулік Василий Соловьев. Бастапқыда фильм Александр Бектің «Арпалыс» повесі бойынша түсіріліп, жұмыс барысындағы атауы «Волоколамск тас жолы» болды. Алайда, басталып кеткен жұмыс кенеттен үш айға дейін тоқтап қалды. А.Бекпен мәміле жасау қиын болғандықтан, сценарий жаңадан Б.Момышұлының кітабы мен оның материалдары негізінде жазылып, көрерменге жол тартты.

«Мәншүк туралы дастан» (1969, реж.: М.Бегалин)

Фильм 1969 жылы «Қазақфильм» киностудиясында Мәжит Бегалиннің режиссерлігімен түсірілді. Фильмде қаһарман қыз Мәншүк Мәметова мен оның жолдастарының соғыстағы бір күні көрсетілген. 1943 жылдың қазан айында Калинин майданының 100-ші жеке атқыштар бригадасының пулеметшісі Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза табады. Фильмдегі бас кейіпкер Мәншүк Мәметова Кеңес Одағының Батыры атағын алған алғашқы қазақ әйелі болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылдары Режиссер Бегалин мен Мәметова бір атқыштар бригадасында қызмет етіп, бірнеше рет кездескен. Мәжит Бегалин соғыста оң қолынан жараланғасые елге оралып, ВГИК-тің режиссерлік курсын аяқтап, бірнеше соғыс фильмдерін түсірді.

«Пантераның секірісі» (1986, реж.: Л.Аранышева)

Лейла Аранышеваның режиссерлік дебюті «Пантераның секірісі» Ұлы Отан соғысы тақырыбын қамтиды. Жапонияның КСРО-ға қарсы соғысқа кіруін тездету үшін Гитлер Токиоға өзінің эмиссарын жіберді. Жапонияға бет алған неміс дипломаттарының ұшағы жанармай толтыру үшін Қазақстанның шағын қаласына қонуға мәжбүр. Гитлердің жоспарын бұзу мақсатында Кеңес одағы «Пантера» операциясын жүзеге асырады. Капитан Кадыровтың опертобына ұшақтың қонуын қамтамасыз ететін неміс диверсанттарын табу және залалсыздандыру тапсырмасы беріледі. Фильмде топ командирінің басты рөлін сомдаушы кәсіби емес актер, бірақ әйгілі боксшы, КСРО-ның екі дүркін чемпионы Әбдірашид Әбдірахманов. Фильмнің кеңесшісі – генерал-лейтенант Г.Кочкин болды. 

«Бауыржан Момышұлы» (2013, реж.: А.Сатаев)

2013 жылы режиссер Ақан Сатаевтың батыр Бауыржан Момышұлы туралы шыққан 5 бөлімді телехикаясы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бес сериядан тұратын телехикая Александр Бектің «Волоколам тас жолы» кітабының бірінші бөлімі негізінде түсірілген. Оқиға 1941 жылдың шілде айынан басталады. Сол кезде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы әскери комиссариатта қызмет етіп жүрген кезі. Бұл кезде Алматыға болашақта аты аңызға айналған дивизияны қалыптастыру үшін генерал-майор Панфилов келеді. Бауыржанмен танысып, оны жақынырақ білген Панфилов батальондардың бірін Момышұлына сеніп тапсырады және көп ұзамай дивизия майданға аттанады.

«Қасым» (2013, реж.:Л.Белозорович)

Туынды екінші дүниежүзілік соғыста Украин ормандарын кешіп, есімі аңызға айналған батыр Қасым Қайсеновтың өшпес даңқын әйгілейтін төрт бөлімді телехикая. Қасым Қайсеновты Чапаевтың партизандық отряды соғысқан Украина елі «Тыңшы Вася» атымен жақсы таниды. Телехикаяда Украина фронтындағы соғыстың нәтижесіне себеп болған Қайсеновтың ерлігі суреттеледі. Соғыстың басында Қасым әскери барлау мектебін бітіріп, содан кейін ол жерде Партизан қозғалысын ұйымдастыру үшін оккупацияланған Украина аумағына жіберіледі. Дәл осы күндері Қазақ диверсанты Чапаев атындағы отрядты басқарып, соғыстағы ерлік жолын бастайды.

«1941 жылдың жазы» (2022, реж.: Б.Шекеров)

«1941 жылдың жазы» фильмі – фашизмді жеңген ұлы жеңістің 75 жылдығына, Ұлы Отан соғысына қатысушы, ғалым, жазушы және қоғам қайраткері қазақ халқының даңқты ұлы Әди Шәріповтың жауынгерлік жолына арналған. Әр жылдары Шәріпов Сыртқы істер министрі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы болды. Фильмдегі оқиға соғыстың басталу кезеңін және немістер басып алған Беларусь аумағында партизан отрядын алғашқылардың бірі болып басқарған Әди Шәріповтың әскери жолына негізделеді.

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...