Энг Ли: «Мен үшін(кино)- ішкі сезімдердің көзге көрінуі. Дәл осы үшін де біз жұмыс ж...
Zholtay Zhumat-Almashuly. «...КИНОНЫҢ ҚҰПИЯ КІЛТІ – КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕ!..»
Кейде ойлап жүрген ойыңды дөп басатын, ол ғана емес, жүрегіңді ерітіп әкетердей әсерлі жазбаларға көзің түссе, кім-кімнің де масайрап-марқайып қалары бар! Тап осындай жағдайға бүгін өзім де кенелген сияқтымын. Жоқ, бұл бер жағы, ашығын айтар болсам, рахаттана, риза бола оқыған бір мақалам бар. Оның авторы – Данияр Саламат! Бүгінгі «Егемен Қазақстанға» жариялаған ой-толғамын айтып отырмын.
Расымен де қазақ киносы оқыс серпіліп, жаңаша бетбұрысқа бет алсын десек, біз өткеннің озық «сабақтарына» қайтадан оралуымыз керек-ақ! Неге қазақ киносы кенжелеп, жарқ етпей, жаңа заман көшіне ілесе алмай, кейіндеп қалып келеді? Басты себеп неде? Осы бір кілтипанды ашық та айқын сөз етпейінше ілгерілеу мүлде жоқ!
Бірінші кілтипан – киноға өзек болған сюжет мүлде қасаң, тартымсыз, сенімсіз болып келетіні.
Екінші кілтипан – оқиғаның өзі де, өрбуі де өмірден алшақ жатады.
Үшінші кілтипан – кейіпкерлердің қолапайсыз қимыл-қозғалысын былай қойғанда, сөйлеген сөздері нанымсыз, құлаққа түрпідей тиіп жатады. Төртінші кілтипан – қайсыбір киноны алсаң да, өзінің ұлттық болмыс-бітімі мен салт-дәстүрінен ада, ешкім көріп-білмеген қайдағы бір нәрселерді молынан тықпалайды кеп!
Тап осылай тоқтаусыз жалғастыра беруге болады бұл әңгімені! Сонда дейміз-ау, әлгіндей дәм-татуы жоқ тартымсыз киносценарийді жазып, экранға тықпалап жатқан кімдер екен? Неліктен киносценарийстер арасында белгілі-белгілі қазақ қаламгерлері некен-саяқ болмаса, көбіне көріне бермей жатады? Жә, осымен тізгін тарта тұралық. Ендігі мәселе – осындай тығын болып тұрған тығырықтан шығудың сара жолы қайсы?
Данияр інім тап осы түйіннің толғақты шешімін дөп басып айта алыпты өз мақаласында! Бізге, уа киногер ағайындар, ендігі жерде қайтадан көркем әдебиетке, әрине уақыт сынынан өткен озық та ойлы әдебиетке оралу әбден керек! Ондай қадамдардың кино өнеріне әкелген абыройы мен беделін, салмағы мен сапасын мен осы жерде санамалап- термелеп жатпай-ақ қояйын! Қазақ көркем сөзі тап бүгінгі заманда ешкімнің «қойын баға» бермейді! Бар бізде де кесек-кесек туындылар, тартымды жазылған талантты шығармалар! Кешегі Бейімбеттен бастап бүгінгі Тынымбайға дейінгі аралықта қаншама асыл дүниелер, жан жадыратар шынайы шығармалар жарық дүниеге келгеніне ешкім де шүбә келтірмес.
Тіпті Тынымбайдан кейінгі толқын ішінен де, көңіл қойып іздер болса, озық өнер туындылары тағы да табылары бек шындық! Сонда дейміз-ау, бұл не деген салсүйектік? Неге өзімізде бар салмақты-салмақты көркем қазыналарды дереу қолға алып, ел сүйсінер фильмдер түсіріп, сонымен әлем алдында жарқылдап сөйлеп, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанғымыз келмейді?
Әрине, ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз, мұндай ізгі қадамның алғашқы қарлығаштары бар екені де өтірік емес, бірақ саусақпен санарлық-ақ, сосын да қайталап айтып, шегелеп сөз етіп жатырмыз. Ал, ұлт кино өнері жайынан осындай аз-кем әңгіме шертіп, өз ойымызбен бөлісуге алғашқы себеп - талантты інім Даниярдың бір шағын жазбасы болды! Ойланайық, киногер достар!!!