Нұр-Сұлтан қаласы, «EXPO» Халықаралық көрме орталығында 20-24 сәуір күндері «Euras...
«Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ
Кеңес Одағы кезінде Целиноград қаласының №2 көпшілік кітапханасы базасында қалалық 19 кітапхана біртұтас жүйеге біріктіріліп, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қалыптасты. Алғашқы кітап қоры – 371969 данадан тұрды. Оқырман саны 25806 адам болды.
Сонымен, 1974 жылы қалалық кітапханалар біріктіріліп, кітапханалар жүйесі құрылып, қалалық Мәдениет бөліміне қатысты бір орталыққа бағындырылды.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің алғашқы директоры болып Попова Ираида Георгиевна тағайындалды. Бұл кезеңде жаңа кітапханалар ашу, оның кітап қорын жинақтау жұмыстары атқарылды.
1985 жылы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры ретінде Ида Романовна Ляуэр тағайындалды. Бұл жылдары жүйе кітапханаларының саны 24 кітапханаға жетті. Кітапханалардың кітап қоры орталық кітапханалық коллекторлардан толықтырылып отырды. Қала кітапханаларына Кеңес Одағының әрбір қалаларынан кітапхана ісін дамытуда жас мамандар жолдамалармен жіберіліп, кітапхана жүйесі жас маман кітапханашылармен қамтылды. 1990 жылы қала тұрғындарына 24 кітапхана кітапханалық қызмет көрсетті, оның ішінде 16 көпшілік кітапхана, 8 балалар кітапханасы. Бұл жылдарда кітап қоры 524921 дананы құрады, ал оқырман саны 48026 адамға жетті.
1992 жыл Кеңес елінде қоғамдық – саяси, әлеуметтік – экономикалық, мәдени дамудың барлық салаларының тоқырауға ұшыраған кезі, бұл кезең кітапхана ісіне де үлкен ауыртпашылығын тигізді. Кітапхана ғимараттарын алып қою, кітапханаларды дамытуға қаражаттың бөлінбеуі салдарынан кітапханалар жабылып, кітапханалардың құлдырау кезеңі басталды. Осылай 1992 жылы қала әкімшілігінің 05.05.1992 жылғы №185 ұйғарымы негізінде және Мәдениет бөлімінің 13.05.1992 жылғы №92 «Кітапханаларды жабу» бұйрығымен Целиноград қаласының ОКЖ бойынша 15.05.1992 жылғы №16 бұйрығымен №10 көпшілік кітапханасы, №6 балалар кітапханасы жабылса, 27.06.1992 жылғы №27 бұйрығына сәйкес №13 көпшілік кітапханасы жұмысын тоқтатты. Жабылған кітапханалардың кітап қорын сақтап қалу мақсатында кітап қоры жүйе ішіндегі кітапханаларға бөлініп берілді.
1993 жылы халыққа қызмет көрсететін 21 кітапхана қалды, оның ішінде 14 көпшілік, 7 балалар кітапханасы. Бұл кездегі кітапханалар қоры 465498 данаға түсіп, оқырман саны 43603 болып азайды. Қалған кітапханалар жаңа нарық заманында қаражатсыз күн кешті. Кітапханаға кітап қорын толықтыруға және мерзімді басылымдарды алуға бюджеттен қаражат бөлінбеді.
1994 жылы Ақмола қаласының қала әкімшілігінің 16.12.1994 жылғы №3-1-416 бұйрығымен №7 көпшілік кітапханасы жабылды. Кітапханаларды жабудың негізгі себептерінің бірі материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға қаражаттың тапшылығы, кітапханалардың өз балансында ғимараттарының болмауы, кітапханалардың апаттық ғимараттарда орналасуы болды.
1995 жылы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры болып Познякова Татьяна Георгиевна тұрды. Бұл кезде кітапханалар торабында 20 кітапхана, яғни 1-Орталық қалалық кітапхана, 12 көпшілік кітапхана және 7 балалар кітапханасы халыққа кітапханалық қызмет көрсетті. Кітап қоры 448312 данаға жетіп, кітап берілім саны 969652 дана, оқырман саны 45418 адам болды. Бірақ кітапханаларды жабу процессі тоқтамады, 1996 жылы Қалалық Мәдениет бөлімінің 05.11.1996 жылы №34 бұйрығымен №1 көпшілік кітапханасы қызметі тоқталды. Жабылған кітапхана қоры қаламыздың әскери бөлімдеріне, балалар үйлеріне тегін бөлініп берілді.
Ақмола облысының әкімінің 1996 жылдың 7 қарашасы «Денсаулық сақтау, бiлiм және мәдениет мекемелерiнiң жүйелерін қайта ұйымдастыру және оңтайландыруға арналған шаралар туралы» № 120 шешімі негізінде 1997 жылы 1 қаңтарда облыстық Мәдениет басқармасы теңгерімінен Қалалық мәдениет бөлімі теңгеріміне 14.01.1997ж №3-1-24 Қала әкімі шешімімен екі кітапхана берілді:
Облыстық Гайдар атындағы балалар кітапханасы;
Облыстық Көзі көрмейтін, көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана.
Облыстық Гайдар атындағы балалар кітапханасы біздің жүйеге Гайдар атындағы Орталық балалар кітапханасы ретінде атауы өзгеріп, Жеңіс даңғылы 101 көшесіндегі Орталық балалар кітапханасы ғимаратына орнықтырылды. Ақмола қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің өз Орталық балалар кітапханасы №3 балалар кітапханасы ретінде қызметі өзгертіліп, Қалалық мәдениет бөлімінің 10.07.1997 ж. «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кiтапханаларын қайта орналастыру туралы» № 19 бұйрығымен Ташенов көшесінде орналасқан Көзі көрмейтін, көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ғимаратына орналастырылды.
01.01.1998 жылы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесінің құрамында 19 кітапхана Ақмола қаласының тұрғындарына кітапханалық қызмет көрсетті. Оның ішінде:
Орталық қалалық кітапхана: 10 – көпшілік кітапхана, 7- балалар кітапханасы, Көзі көрмейтін, көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана.
Кітапханаларының қоры 562343 дана, кітап берілім саны 1040489 дана болып, оқырман саны 48512 адамға жетіп өсті.
1998 жылы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін Рысқұл Жұмағұлұлы Ыбыраев атқарды.
Қазақстан тәуелсіздік алып, еліміз қоғамдық–саяси жағынан тұрақтанып, әлеуметтік –экономикалық, мәдениет салаларының даму кезеңі басталды.
1998 жылы желтоқсан айынан бастап Астана қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің директоры болып Сапарғалы Балықбайұлы Медеубеков тағайындалды.
Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрамына 18 кітапхана кіреді. Сонын ішінде:
Орталық қалалық кітапхана;
10 көпшілік кітапханалар;
Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы;
5 балалар кітапханасы;
Арнайы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана.
Кітапхананың жалпы кітап қоры: 695 000
Ескерту!
Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.