ДОМБЫРА БАЛЛАДА Бір кезде күй болды ма, ...
Айгүл Кемелбаева. Абайдың қара сөздері 7 тілде
Фотосуретті автор ұсынды
22 қазан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа ұлағат» атты ұлы ақын мұрасының балаларға бейімделген нұсқасының таныстырылу рәсімі жоғары деңгейде өтті. Әлемнің жеті тілінде жарық көрген кітаптың авторы – Республикаға белгілі ұстаз Гүлмира Амандықова.
Кітаптың демеушілері ірі кәсіпкер іскер азаматтар және мәртебелі елшілер, жазушылар, филолог ғалымдар, оқырман қауым қатысқан салтанатты бас қосуды ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Күміс Сейітова құттықтау сөзбен ашты. Мұнда жыл басынан бері Абай жылына арналған ғылыми конференциялар, кітап тұсаукесерлері үзбей өткізіліп келе жатыр. Іс-шараны кітапхананың ғылыми хатшысы Аслан Ғафуров байыппен жүргізіп отырды.
Абай ұлттық бренд болып қалыптасты. Жаңа кітап қазақ руханиятына компаниялар ат салысқан басылым болуымен құнды. Капитал әлемі нарықтық қоғамда ғылым мен әдебиетке көмек қолын созғаны құптарлық. Абайтануға қосылған бөлек форматтағы бұл кітап биыл 15 қазанда Майндағы Франкфурт қаласында «Frankfurter Buchmesse 2025» –77-ші дүниежүзілік аса ірі кітап жәрмеңкесінде біздің республиканың ұлттық стендінде таныстырылған болатын. Кітап патшалығында өткізілген жетпіс жетінші көрмеде Абай есімі үзбей жаңғырып, киелі сандарға тегін үйлесіп тұрмағаны анық. Себебі кездейсоқтық дегеніміз жоғары өлшемдегі заңдылық болып табылады.
Абайдың нақлия, ғақлия жанрында жазылған әрі монолог, әрі диалог сипатты таным-түсінігін, дүние сырына хакімдік көзқарасын артқы ұрпағына, иісі адамзатқа данышпандық өсиетін қарапайым сөздермен баланың санасына жеткізіп, жалпы қоғамға түсінікті болуға жасалған еңбек сүйінішке лайық.
Қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, 5 оқулық авторы Гүлмира Әбілмәжінқызы Амандықова «Ұстаздық еткен жалықпас, / Үйретуден балаға» деген Абай өсиетіне адалдығын танытты. Кітаптың жарық көруіне «Сәтті жұлдыз» сияқты отандық компания меценат болып, қаржылай қолдау көрсеткен. Осы компанияның коммуникация департаменті директоры Нұрлан Алматұлы Мұхамеджанов «Қазақ халқы ғана емес, әлем қауымдастығы үшін де маңызды басылым» деп баға берді. Кітап «BUK EKSPERT KAZAHSTAN» баспасынан сапалы қағазға басылып шыққан.
Қазақ әдебиетіне қатысты кесек іс-шаралардан қалыс қалмайтын Испания Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес мырза бұл кітап туралы «Абай рухын әлем аудиториясына жеткізудің жаңа бастамасы» деп айтқаны шындық.
Аударма жанры мәдениеттер арасындағы алтын көпір саналуы заңды. Филолог ғалым, профессор Серік Негимов Абайдың этнолингвистік, патриоттық, көсемдік қара сөздерін түсіну оңай еместігіне мән беріп, оқырманға олжа салып, елдікке бастар қасиетті ұғымдарды бойға сіңіруге өзгеше жол тапқан Гүлмира Амандықованы стратег, көшбасшы деп ризашылықпен атады. Мәдениеттер алмасудың өз дипломатиясы бар.
Абайтанушы ғалым Ербол Тілешев: «Абайды жұртшылыққа ұсынудың мәдениетін меңгеру керек, ол жағы дамып келеді. Оны дамыту әлі де жоғары деңгейді қажет етеді. Кітаптың безендірілуін, бір бетте аударма жеті тілде қаз-қатар орналасуын қазақ аудиториясына қабылдау қиынырақ» дей келе, Абайдың мұқабадағы бейнесі жасанды интеллектпен берілгеніне орынды сын айтты. Абайдың өз фотосуреті көзге оттай басылары айқын. Әрбір қара сөздің басында сөздік келтірілген. Иллюстрациялық суреттер ЖИ-мен берілген екен. Қазақ даласының бедері, ескі тұрмыс көріністері, тау-тас, киіз үй, жылқы, аң-құс бейнелері берілген. Киіз үй түркі-моңғол көшпелі халықтарға тән атрибут болғанымен оның қазақы пішіні бөлектеу екенін жасанды интеллект ескермей кеткені аңғарылады. Бір жерде төбесі тым шошақ, бір жерде жазық, расында қазақ үй көк күмбезіндей дөңгелек келеді. Шәкәрім энциклопедиясында жарық көрген график суретші Нұрбұлан Өтепбаевтың Абай туған өлкені көзбен көріп, өзі де туып-өскен елін жүрегі елжірей сүйіп дәл бейнелеген қанық суреттерін алғанда тамаша болар еді.
Қазіргі жаһандану заманда мәдениетті нарыққа бейімдеп жүрген ақын, түркітанушы Едіге Қожахметке сөз берілгенде, ол кітап продюсерлігіне бас қойғанын жеткізді. Оның «Мәдени мұра нарыққа, әсіресе, экспортқа шықпай жатыр. Интеллектуалдық өнімдердің сыртқа шығуы ұлт мәдениеті үшін аса маңызды әрі сырттан валюта кіретіндей жасау парыз» дегені көкейге қонымды. Расында біздің елде әлі ұлттық әдебиетті жалпақ әлемге тасымалдау, үздік авторларды жер жаһанға, дәлірегі, аудиториясы мол ірі тілдерге сапалы аударма арқылы танытуға бағытталған әдеби агенттік қызметі жұлдызы жанар сәт сағатын зарыға тосумен келеді.
Презентация соңында сөз алған Гүлмира Амандықова бұл бас қосу бата сұрау екенін, өзі үшін кітаптың мазмұны маңызды болғанын, шет тілдер үшін жасауды мақсат еткенін; және жеке қаражатқа шыққан кітап екенін, мыңнан астам кітапты тегін таратқанын айтты. Аруақ қолдап, осы іске бел буып, үш жыл ішінде жүзеге асырғанда идеясы ерекше авторға Мекемтас Мырзахметұлы, Мұрат Әуезов, Роллан Сейсенбаев сынды тұлғалар ақыл қосып, рухани қолдағаны сүйінішті.
24-25.10.2025.