Әлия Дәулетбаева: «Жақанов әлемі: саз, сурет, сағыныш»

Фотосурет sarayshyq.kz

ӘДЕБИЕТ
296

 

Атырауда өткен Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойына шолу

      Кейде бір адамның ғұмыры тұтас бір халықтың рухани тарихымен астасып жатады. Сондай сирек жаратылған тұлғалардың бірі — қазақ өнерінің абызы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор, жазушы, музыка зерттеушісі Илья Жақанов. Оның әндерімен талай ұрпақтың жастығы үндесіп, талай жүректің сағынышы тербелді. Ал, оның қаламынан туған сырлы дүниелер қазақ руханиятының алтын қорына айналды. Биыл тоқсанның төріне шыққан өнер иесінің мерейтойы Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өзі мекен ететін Атырау өңірінде айрықша сән-салтанатпен аталып өтті.

 

Жайықтағы мамыражай мамыр күндері Атырау қаласы тағы бір мәрте өнер мен руханияттың ордасына айналды. Бұл күндері мұнайлы шаһардың аспанында Илья Жақанов әндерінің әуені қалықтап тұрғандай әсер қалдырды. Әсіресе, «Еділ мен Жайық» әні шырқалған сәтте көрермен жүрегінде туған жерге деген сағыныш пен елдік рух оянғандай болды.
 6 мамыр күні Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы өнер музейі қабырғасында «Жақанов әлемі» атты көлемді фото-шежіре көрмесі ашылды. Бұл көрме — бір адамның өмір жолын ғана емес, қазақ мәдениетінің тұтас бір дәуірін көз алдыңа әкелетін рухани кеңістік іспетті болды. Мұнда композитордың балалық шағынан бастап, шығармашылық кемеліне келген кезеңдері, туған топырағы, өскен ортасы, әдебиет пен музыкадағы қолтаңбасы кеңінен қамтылды. Көрмеге қойылған суреттер мен архивтік құжаттар келушілерді өткен күндердің елесіне жетеледі. Әсіресе, Илья ағаның бейнелеу өнеріндегі туындылары көпшілікті таңғалдырмай қоймады. Оның қылқаламынан туған суреттерден де музыкадағыдай нәзік лиризм мен терең сезім аңғарылады. Композитордың өміріндегі көп адам біле бермейтін бір қыры — оның суретшілік жолы. Жетпістен асқан шағында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетін тәмамдап, кәсіби суретші дипломын алуы — өнерге деген адалдықтың, ізденістен жалықпайтын қайсар рухтың көрінісі. Бұл — адамның жасы емес, жүректегі жалын ғана маңызды екенін дәлелдейтін тағылымды өнеге.

2000 жылдардың басында Илья Жақановтың Атырауға қоныс аударуы да заңдылықтай көрінеді. Себебі оның шығармашылығы мен Ақ Жайықтың табиғаты өзара үндесіп жатқандай. Ол табан тіреген күннен бастап атыраулық жұрт композиторды махаббатпен қабылдады. Ал оның «Ағады, Жайық, ағады», «Доссор вальсі», «Еділ мен Жайық» әндері өңір жұртшылығының рухани қазынасына айналды. Әсіресе, «Еділ мен Жайық» әнін бүгінде Батыс аймақтың бейресми әнұраны десе, артық айтқандық емес.
Музейдегі тағылымды кеш Атырау Жастар театры әртістерінің театрландырылған композициясымен басталды. Сахнада Илья Жақановтың ғұмыр жолы мен шығармашылық әлеміне деген тағзым әсерлі сөздер арқылы бейнеленіп, көрерменге ерекше тебіреніс сыйлады. Өнер мен өмір астасқан сол сәттерде меретойтой иесінің жүрегін терең сағыныш пен іңкәр сезім билегендей еді. Іс-шараға Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасы төрағасы  Мереке Құлкенов, сондай-ақ Жамбыл өңірінен, Қарағанды мен Батыс Қазақстаннан арнайы келген қонақтар қатысты. Зиялы қауым өкілдері Илья Жақановтың қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі орны туралы тебірене сөз сөйледі. Олардың әрбір лебізінен өнер иесіне деген шынайы құрмет сезіліп тұрды.

 

Сол күні кешке Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында «Еділ мен Жайық» атты үлкен гала-концерт өтті. Бұл кеш қазақ ән өнерінің алтын дәуірін қайта тірілткендей әсер қалдырды. Театр сахнасында қалықтаған сырлы әуендер көрермен жүрегін әлдилеп, әркімді өз естелігіне жетеледі. Концертке еліміздің танымал өнер жұлдыздары қатысты. МұзАРТ тобы, Толқын Забирова, Сүндет Байғожин Ерлан Рысқалиев, Гүлмира Сарина, Сәуле Жанпейісова бастаған еліміздің өнерпаздары Илья Жақановтың жүрекке жақын әндерін орындап, көрермен ықыласына бөленді. Кеш соңында зал толы көрермен ұзақ қол соғып тұрды. Бұл тек бір композиторға көрсетілген құрмет емес еді. Бұл — қазақтың ән өнеріне, ұлттық руханиятқа, сырлы әуенге деген халықтың ықыласы болатын.

 

Тоқсан жыл — бір адамның ғұмыры үшін ұзақ жол. Ал сол тоқсан жылын ұлтының өнері мен руханиятына арнау — екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Ақ Жайық жағасында өткен осы мерейтой халық жадында ұзақ сақталары анық. Себебі бұл кештерде тек ән ғана шырқалған жоқ. Бұл кештерде қазақтың жаны сөйлеп тұрды.

 

Жоқшы


(Илья Жақановқа)


Қай ғасырда, қай нүктеде,
Мұратыңды ұқтың, аға?..
Қайсы ендік, бойлықпенен
жолаушылап шықтың, аға?..

Кімдер саған қол бұлғаған,
Қай ғасырдың өтініші?..
Тынышыңды мәңгі ұрлаған
Қай серінің өкініші?..

Сұрша құмға сіңіп кеткен
Қайсы өзеннің жылғасы еді...
Қапияда ұмыт кеткен
Қайсы арудың сырғасы еді?..

Көмескілеу аңызың да,
Көрген түстей аяның да.
Ықыластың қобызында.
Ықылымның баянында.

Көкірегіңде сең жүргенде
Жас толды ма жанарыңа?..
Сен тауларға телміргенде 
Таулар саған қарады ма?..

Ерназардың сегізіне,
Ер Төстіктей сұрау салған.
Сүңгіп жылдар теңізіне
Самайыңды қырау шалған.

Соқпақтарда, сүрлеулерде,
Мейлі даңғыл, жіңішке ме...
Көне шоқты үрлеуге де
Кеуде керер тыныс керек.

Жайлаукөлдің кештерінде,
Еділ-Жайық арасында...
Алатаудың бөктерінде,
Жеті өзеннің жағасында...

Самғап әнің кеткен шақта
Бір сағыныш бебеулесе...
Келер шақта, өткен шақта
Есіміңе ел елеңдесе...

Жарқын кезең, қилы асуда,
күн туғанда елең-алаң.
Ұмытшақтау бұл ғасырға
Сіздей сақшы керек, аға!
Сіздей жоқшы керек , аға!

author

Әлия Дәулетбаева

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Актер Рүстем Жаныаманов пен оның жұбайы, актриса Жанаргүл Жаныаманова ауыр қайғы...

ЖАҢАЛЫҚТАР

«Қазгидромет» синоптиктері 2, 3 және 4 маусым күндеріне арналған Астана мен Алматы қалал...