Маржан Ершу: «Жақсы дүниені қолдау маңызды...»

Фотосуре автордан

ӘДЕБИЕТ
104

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, прозашы, аудармашы, драматург, сатирик, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Маржан Ершудың шығармашылығына арналған «Уақыт пен қаламгер» атты сырласу кеші өтті. Іс-шара аясында қаламгердің «Жалғыз қол» кітабы мен ақын шығармашылығына арналған «Маржан Ершудың суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Екі кітаптың да өзіндік жаңалығы бар болғандықтан, оқырмандарға таныстыру мақсатында Маржан Ершумен сұхбаттасқан едік.

– Маржан! «Жалғыз қол» атты поэмаң ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы – 2025» аясында жазылған туынды екенін ақпарат көздерінен оқып білдік. Кітаптың алғысөзін жазған Бақтықожа Ізмұхамбетов: «“Жұмысшы мамандықтары жылы” аясында елі үшін аянбай еңбек еткен қайраткер тұлға, соғыс және еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкер, орденді директор Тұрдығали Мәмбетовтың 100 жылдығына орай жазылып отырған бұл поэманы оның адамгершілік қасиеттерін сипаттап, еңбек ету үлгісін айрықша сипаттап, нағыз еңбек адамының бейнесін танытқан шығарма деп есептеймін. Елге еңбегі сіңген ердің бағасы қашанда қымбат. Тұрдығали Оңдасұлы көзі тірісінде ерен еңбегімен елге танылса, өмірден өткен соң кейінгі ұрпақ оның еселі еңбегін, өнегелі өмірін көркем шығармадағы бейнесі арқылы таниды. Әдебиеттің құдіреті де, қасиеті де – осында», – деп жазған екен. «Жұмысшы мамандықтары жылы – 2025» аясында жазылған бұл кітап тапсырыспен жазылған дүние ме? Әдебиетші қауым тарапынан өз бағасын алды ма?

– Біріншіден, бұл кітап тапсырыспен жазылған жоқ. Ел басшысы Қ. К. Тоқаев былтырғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бір жақсы бастама болды. Адамды адам еткен – еңбек емес пе?! Халқымыз «Еңбек ер атандырады» деп бекерге айтпаса керек. Еңбек адамының ерен тұлғасы жырлануы керек деп ойладым. Мен кейіпкер іздедім. Кейіпкерімді өз топырағымнан таптым. Осы поэманы жазу барысында туған ауылым Ақкиізтоғайдың тарихымен, жер жағдайымен танысып, адамдардың өмірін зерттеп шықтым. Менің кейіпкерім – Тұрдығали Мәмбетов директор болған тұста біздің ауыл нағыз миллионер совхоз болған екен. Мал шаруашылығы өте жақсы дамыған. Тіпті Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Әбді Дүйсенбековтың озат тәжірибе мектебі ұйымдастырылып, іс-тәжірибесі бойынша облыста мектеп ашылған. Әбді ақсақал мал өсіру тәжірибесінен дәріс берген екен. Еңбек өнімділігін арттыру үшін осындай әдісті де ойлап тапқан Тұрдығали ағамыз көрінеді. Тұрдығали Мәмбетов – Ақкиізтоғай ауылының жұлдызын жаққан басшы болған. Қазақ мұндай кісіні елдің бағына туған адам деп айтады. Кейіпкерім мықты адам болғандықтан, поэмам шынайы шықты деп ойлаймын. Кітабымды оқығандар ұнатып, жақсы пікірлерін айтып жатыр. Бірақ Жазушылар одағы тарапынан әзірге дейін «жаңа шығарма екен» деп мән берушілік бола қоймады. Бұл кітабым «Жұмысшы мамандығы жылына» орай өткізілген немесе берілген әдеби конкурстарда сыйлықтарға ие болған жоқ, аталған да жоқ. Былтыр мамыр айында Жазушылар одағының Атырауда «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» атты көшпелі пленумы өтті. Сол жиында Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов аймақтағы атақты жеті кәсіпкер туралы кітап жазу үшін жеті қаламгерге грант бергізеді. Бұл – жеті кәсіпкер өздері туралы кітап жазғызу үшін жеті қаламгерге ақша төлейді деген сөз. Бұл сөз ел ішінде сол кезде үлкен жаңалық боп таралғанмен, бірде-бір кітап жазылған жоқ. Жай көзбояушылық болып қалғандай әсер қалдырды. Жарнама үшін жасалынған науқаншылдық әрекеттер әдебиеттің беделін кетіреді. Оның үстіне қаламгердің бәрі бірдей портретист емес. Шығармада образ жасау деген бар. Көп ақындарда лирикалық леп болғанмен, образ жасай алмайды. Мен өзімді портретистпін деп санаймын. Білсеңіз, бұл менің бірінші портреттік поэмам емес қой?!

– «Жақсы әке – балаға отыз жыл азық» деген сөз бар. Сіздің кейіпкеріңіз Тұрдығали Мәмбетовтың ұрпақтары бұл кітапты қалай қабылдады?

– Тұрдығали ағаның ұрпақтарына хабарласып, поэма жазғанымды айттым. Олар оқып, тебіренді. Қуанды. Сөз түсінетін жандар ғой. Осы кітабыма демеушілік жасап, шығарып берген де өздері. «Жалғыз қол» кітабымның тұсаукесері облыстық әкімдіктің қолдауымен Атырауда өтті. Одан кейін Құлсарыда жалғасты. 1975 жылы Ақкиізтоғайдағы мектепті салдырған Тұрдығали Мәмбетов екен. Мектепте «Тарих және Т. Мәмбетов» кабинеті ашылды. Тұрдығали ағаның балалары, немерелері түгелдей осы шараларға тік тұрып қызмет жасады. Әке сыйлаудың үлгісін көрсетті. Ол кісі ерте кеткен ғой, өмірден елуден сәл асқанда. Жалғыз қолмен қан майданнан оралған соң, мүгедекпін деп мұңайып отырмай, ел ісіне, аудан, совхоз шаруашылығына аянбай адал қызмет жасаған. Есіл ерді ел де ұмытпапты. Тұрдығали Мәмбетовтың көзін көрген ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер маған риза болып, ақ тілектерін арнады. Шыны сол, ел жақта бұл кітабым ұзақ жыр болды. Оқығандар қоспасы жоқ, шынайы жазылған көркем кітап екен десті. «Көзін көрдік қой, жаратылысы бөлек жақсы адам еді ғой, жарықтық», – деп көздеріне жас алды.

– Екінші кітап – Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен республикалық «Сарайшық» журналының бірлескен жобасы бойынша шыққан. «Маржан Ершудың суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» деп аталады екен. Бұл кітаптың жарық көруіне не себеп болды?

– Атыраудан «Сарайшық» деген республикалық әдеби-танымдық журнал шығады. Әлеуметтік желіде журналдың сайты бар. Осы журналдың бас редакторы – белгілі ақын, журналист әрі әдебиеттанушы-сыншы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Гүлзада Ниетқалиева. Жыл сайын Атырау университетінің журналистика бөлімінің студенттері «Сарайшық» журналынан практикадан өтеді екен. Осы сайтта менің туындыларым жарияланып жатады. Студенттер кейде Гүлзада Ниетқалиевадан: «Маржан Ершу қазір жазбай кетті ме? Шықпай жатыр ғой өлеңдері», – деп сұрайды екен. Сонда Гүлзада ханым: «Ол жаза бере ме? Сендер неге жазбайсыңдар оның шығармалары туралы? Талдау мақала неге жазбайсыңдар? Жазсаңдар, мен сендерге бағыт-бағдар берер едім. Жазуды жазып қана үйренеді», – деп студенттерге ақыл айтады екен. Жаз айының бір күнінде Гүлзада маған хабарласып: «Осылай да осылай. Сен туралы кітап жазып жатырмыз. Студенттер сенің поэмаларыңды талдап жатыр», – дейді. Мен таң қалдым. Кейін танысып қарасам, әжептәуір дүние болыпты. Бұл кітаптың мазмұнының көркем болып шығуына ақын Гүлзада Ниетқалиева көп еңбек сіңірді. Енді бұл еңбекті қалай шығарамыз деп жүргенде, оның да жолы табылыпты. Кітап Х. Досмұхамбедов атындағы университеттің баспасынан ректор Саламат Ідірісовтің қолдауымен жарыққа шықты. Бұл өзі қазан айында Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп қалды. Осылайша мерейтой қарсаңында бұл кітап Атырау университеті мен «Сарайшық» журналының бірлескен жобасы боп, болашаққа жол тартты. Сол кезде университет ұжымы шығармашылық кешімді өткізіп, кітаптың тұсаукесерін ұйымдастырды. Қазір қай салада болмасын, жақсы дүниені қолдау маңызды. Елімізде қаншама жоғары оқу орындары бар, тіл-әдебиет, журналистика бөлімдері бар. Студенттерді ақын-жазушылардың шығармашылығымен оқып-танысуға, зерттеп-зерделеуге, жазу дағдысына баулыса жақсы емес пе?! Осы жақсы дүниені ең алғаш болып Атырау университеті қолға алып отыр. Сол үшін де ректор Саламат Ідірісовке ризамын.

– Маржан! Әңгімеңе рахмет. Кітаптағы ректор мен бас редактордың «Маржанның – Маржандары» атты алғысөзімен осы сұхбатымызды аяқтасақ.

Сұхбаттасқан: Анар Қабдулина

 

МАРЖАННЫҢ – «МАРЖАНДАРЫ»

Маржан Ершу – қазақтың көрнекті ақыны. Шығармашылығы Қазақстанда ғана емес, түркі елдерінің оқырмандарына да жақсы таныс. Қазақ әдебиетінде кез келген әлем ақындарымен иық тірестіріп жүрген ақын ғана емес, сонымен қатар драматург, аудармашы, прозаик, сатирик, әдебиеттанушы ғалым. Әкесі алашқа аты белгілі ақиық ақын Аманқос Ершуов он жеті жасында:

«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,
Байқасаң, аспанда да алалық бар.
Біреуде шал да болса, шалалық бар,
Біреуде жас та болса, даналық бар», –

деген, бұл күнде афоризмге айналып кеткен бір шумақ өлеңімен танылған еді. Аманқостай әкенің өнегесін алған, Алтындай анамыздың тәлім-тәрбиесін алған Маржан өнер көгіне ерте қанат қақты. Ол өзінің тектілердің тұяғы, батырдың сойынан екенін өлеңдері арқылы дәлелдеп келді.

«Қара жерде – қалы кілем,
Тозаңданса, қағып ілем.
Өлеңімді көкке жазам,
Жұлдыздардың жарығымен!» –

деп енген еді тоқсаныншы жылдардың соңында қазақ поэзиясына. Әдебиеттің түрлі жанрында жиырмаға тарта кітап шығарып, оқырман назарына ұсынды. «Шырақ», «Пырақ», «Аламан» атты кітаптары «Айек» деген псевдониммен шықты. Маржанның қай кітабы болсын, әдебиет әлемінде тың жаңалық, өзгеше құбылыс. Псевдониммен кітап шығарған қазақ ақыны, әзірше, бір өзі. Аталған кітаптардағы туындылар бірін-бірі қайталамайтын, салмақты, уытты дүниелер.

Маржан – эпик ақын. Тарихтың қойнауында, ғасырлар қатпарында жатқан шежірені тауып алып, оны саф алтындай дүниеге айналдырып, сол бір есте жоқ ескі күндерді қайта тірілтеді, халық жадына оралтады. «Исатай-Махамбет» поэмасындағы Махамбет пен Исатай образы ерекше сомдалған бейне деп айтуымызға болады. Он тоғызыншы ғасырдағы Бөкей ордасындағы халық көтерілісі тақырыбын өзек етіп алған туынды ішкі иірімдерімен, философиялық тұжырым, психологиялық шешімімен құнды. Қазақ жұртының анасына айналған Бопай ханымның есімін ел жадына оралтты. Маржанның «Бопай ханым» поэмасы да – тарихи деректер мен тарихи шындықты өзек еткен туынды. Тақырыбы – қазақ әйелінің ел өміріне, саясатқа, ел басқару мәселелеріне араласуы, күрескерлігі мен елдің анасы атануы болса, идеясы – қазақ қыздарын білімді, саясаткер, ер-азаматтармен қатар жүріп, елге пайдалы іс тындыруға шақыру, Бопай ханым бейнесі арқылы қазақ әйелдерінің мемлекет басқарып, басшылық тізгінді де қолына алатын қайраткерлігін ұрпақ санасына құю. Бопай ханым образы қазақ әйелінің кемеңгерлігін, ақылдылығы мен көсемдігін бір басына жинаған күрделі бейне. «Дина» поэмасының тақырыбы – өнер, өнер адамының соқтықпалы, соқпақты тағдыр жолы. Шығарма эпиграфына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өзегі толы ақ жалын ақын Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы» поэмасынан үзінді алыпты. Автордың бұл жерде ізденісте екені байқалады. Өзі жазатын тақырыбын тереңнен толғап, дерек көздері арқылы зерттеп барып жазуының өзі оның шығармашылыққа үлкен жауапкершілікпен қарайтынының куәсі. Дастан үш бөлімнен тұрады: «Шыңдалу», «Шамырқану», «Шарықтау». Дастанның экспозициясы – Динаның келін болып түсуі, барған жерінде қолынан домбырасын тастамай, жиын-тойларда дауылпаз күй тартып, ел еңсесін көтеруі. Әрине, жас келіннің бұл мінезін оғаш көріп, беттерін шымшылап, сыртынан сөз ететіндер де бар, бірақ олардың сыпсың сөзі өнер адамын тоқтата алмайды. Сөйтіп жүргенде елге күй атасы атанған жалды Құрманғазының келуі, Динаға тебіреніп бата беруі. Поэманың оқиғасының дамуы «Кербез» күйінің шығу тарихын суреттеуі болса, оқиғаның шиеленісі «Шамырқану» тарауында нақышталыпты. Ел ішіндегі оқиғалардан тыс қала алмаған Динаның «16-жыл» атты күйінің тұсауы кесіледі. Әрі қарай оқиға одан әрі шиеленісе түседі, азаматынан айырылған күй анасының жан дүниесі өте нанымды бедерленген. Ал «Қарақасқа ат», «Жігер» күйлерінің жарыққа шығуы Динаның тұлғасын одан әрі биіктете түскендей. «Шарықтау» бөлімінің аты айтып тұрғандай, дастан сюжетінің шарықтау шегі осы бөлімде. Динаның Алматыға келіп, үлкен сахнадан өнер көрсетуі, ел өміріндегі жаңалықтарға үн қосып, «Тойбастар» күйін тарту етуі, 1936 жылы Мәскеудегі колонна залында қазақтың қара домбырасының құдіретін мойындатуы алапат селдей тасқындай жыр жолына түскен. Шығарманың шешімі – Динаның екінші өмірі, халық жадындағы өлмес ғұмыры, өнермен егіз туған Динаның күй анасы атанып, адамзат тарихында мәңгі қалуы. Бұл поэмадан кейін «Дина» драмасына ол жан-жақты дайындықпен, ізденіспен келді. «Дина» драмасын Батыс Қазақстан облыстық Х. Бөкеева атындағы драма театры сахнаға шеберлікпен алып шықты. Оған дейін «Айша бибі» мюзиклін оқырман назарына ұсынған еді. Драматургтің таланты – оның шығармашылық қиялға ерік беруінде! Аталған мюзиклде бір деталь бар: Айшаны жылан шағып өлтіретін тұсында, жыланды әзәзіл бейнесінде беріп, образға айналдырып жіберген. Мистикалық образ, кішкене деталь болса да, өте шеберлікпен өрілгендігін атап айтайық. Немесе, «Исатай-Махамбет» драмасындағы Ықыласты жындандырып жіберетін жерін алайық, Маржан адам психологиясының иірімдеріне өте керемет сезімталдықпен терең бойлай білетін суреткер. Ол сөзді ойнату арқылы, кейіпкердің ішкі жан дүниесін шеберлікпен өрнектейді.

Маржанның шығармашылығына бір сәтте талдау жасап, баға берудің өзі қиын. Оның шығармашылық қуатының күшін бір кітапқа сыйғызу да мүмкін емес. Ол ұлтымыздың рухани құндылықтарын, тарихын майдан қыл суырғандай өте бір шеберлікпен зерттеп, өткенімізді жадымызға оралтып, өшкенімізді жандырып жүр. Мәселен, өз елінен өз бағасын ала алмай, Мәскеу асып, дүние жүзі жұртшылығына танылған сирек дауысты әнші Ерік Құрманғалиевтің талайлы тағдыры туралы «Феномен» атты деректі проза жанрында кітап жазды. Түркі дүниесінде өзіндік орны бар, қазақ десе ішкен асын жерге қойып, жылдар жылнамасында жасырынған тарихымызды зерттеген Иштван Қоңыр Мандоки туралы «Қыпшақ Қоңыр» деректі проза жанрындағы кітабы бүгінде жұртшылықтан өз бағасын алуда. «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» әдістемелік кітабында бүгінгі ұрпақ тәрбиесі мен кітап мәдениетін насихаттауда ертегілердің алатын орны мен маңызы туралы жақсы баяндаған. Маржанның тағы бір аты – ертегіші ақын. Оның «Құдыретті қобыз туралы ертегі», «Ит пен бала туралы ертегі», «Аспид пен Медянка туралы ертегі», «Шам мен жыр туралы ертегі» т.б. ертегілері әдебиетші қауым тарапынан жақсы бағасын алған. Маржан қаламына арқау еткен Исатай-Махамбет, Жошы хан, Бопай ханым, Дина, Хиуаз Доспанова, Бауыржан Момышұлы, Рысалы батыр, Фариза, Ділдә Матайқызы, Тоқтар Әубәкіров, Ораз би, Қырық қыз т.б. поэмалары – қазақ шежіресінен ойып тұрып орын алған тарихи тұлғалар. Оларды жазу үшін ішкі дайындық, рухани өрлеу керек-ақ! Рухы биік, жан сарайы көркем, өзіне-өзі биік талап қоя алатын, үздіксіз ізденіске толы, талғамы биік қаламгер ғана эпикалық туындыларға құлашын сермейтіні сөзсіз.

Әдебиеттегі жеңіс тек күрес арқылы келеді. Әдебиеттегі жеңіс бір кезде беріліп қалған атақпен, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» секіріп өтетін айла-әдіспен өлшенбейді. Әдебиеттегі жеңіс – талант еңбегі, жауапкершілік, ізденіс, төзім, көздеген нысанасына жету жолындағы суреткердің өмірлік жолына тән үлкен күшінің қуаты.

Маржан Аманқосқызы академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «Меңдекеш Сатыбалдиевтың әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Маржан ұстазы, ғылыми жетекшісі академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың жазбаларында бойтұмарындай үнемі қайталап отыратын «Әдебиет – ардың ісі» дейтін асыл сөзін үнемі назарда ұстап, сол үдеден шығып, әдебиетке қол-аяғы балғадай көркем дүниелер әкелді.

Құрметті оқырман! Қолдарыңызға тиіп отырған ақын шығармашылығына арналған «Маржан Ершудың суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» атты кітаптың ерекшелігі – Маржантанудың басы және Маржан Ершудың шығармашылық табиғатын, ақындық тұлғасын әдебиетші-сыншы, журналист, магистрант, студенттер қауымы мен оқырмандар көзімен көруге, ашуға, танытуға талпынғандығында. Кітап қалай шығыпты, діттеген нысанаға жетті ме дейтін сұрақтардың төрелігін өздеріңізге қалдырдық.

Саламат ІДІРІСОВ, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті КеАҚ Басқарма төрағасы, ректор, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, ақын, әдебиет сыншысы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
республикалық «Сарайшық» журналының бас редакторы

 

author

Маржан (Айек) Ершу

MADENI TV

Жетісу облысы Ақсу ауданында екі ауыл тұрғыны өз әкесін ұрып-соқты және қорлады деген күдікке ілінді...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырау облысында төрт адамның қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде тан...