Мұхарбек Жәкейұлы. Дүние – дидарғайып

Фотосурет автордан

ӘДЕБИЕТ
102

Дидар Сәрсенбекова өлеңдердегі сыршылдық пен рухани тереңдік

«Жаным!» – деме! Мен біреуді жан дегем».

Ақын Дидар Сәрсенбекованың «Дидарғайып» жыр жинағы қолыма тигенде осы жолдар көзіме оттай басылды. Бұл – бізге сонау тоқсаныншы жылдардағы студенттік кезеңнен таныс өлең. Жүрек шіркін шым ете қалды. Көңіл түкпірінде бұғып жатқан тәтті естеліктер қайта оянып, сағыныш сезімі кеудемді кернеп кетті. Көз алдыма жастық дәуреннің алаңсыз күндері, өлең құмар достардың жарқын бейнесі келді...

Дидар – ақын. Оның үстіне, сол кезеңдегі жастар арасында кеңінен танылған сыршыл ақын. Студент кезінен республикалық басылымдарда топтама өлеңдері жиі жарияланып, әдеби ортада мойындала бастаған.

Содан бері де біраз уақыт өтіпті. Әркім өз тағдырының сүрлеуімен кетіп, шығармашылық өмір де сан түрлі кезеңдерді бастан кешіреді екен. Дегенмен ақын жүрегінде қордаланған жырлар оқырманымен қауышатын сәтін күтіп жатыпты.

Биылғы жыл Дидар үшін жемісті болды. «Атамекен» баспасынан оның екі кітабы жарық көрді. Атап айтқанда, «Дидарғайып» атты тұңғыш өлеңдер жинағы мен аудармалары кітап боп, оқырманға жол тартты.

«Дидарғайып» жыр жинағына автордың әр жылдары жазылған өлеңдері енген. Туған жер, махаббат және табиғат тақырыптарын арқау еткен туындылары терең философиялық ой-толғаныстарға толы. Енді соларға аз-кем талдау жасап көрейік.

Дидар Сәрсенбекова поэзиясының басты ерекшелігі ішкі жан дүниесін бүкпесіз, шынайы жеткізе білуі дер едік. Бұл қасиет оның кітаптың беташарындағы мына бір жыр жолдарынан анық байқалады.

Оның:

Менің өлеңдерім –

ата-бабамнан қалған парасат ұстамы,

қиял-арманның қалқып ғаламат ұшқаны, – деп басталатын өлеңінде шығармашылықтың мәні мен ақындық болмысы қатар көрініс табады. Лирикалық кейіпкер үшін өлең – ата-бабадан мирас болған рухани қазына, адам жанының терең түйсігі мен болашаққа ұмтылған арманның көрінісі. Осы өлеңдегі «Жүректің сұлулық шыңына құштары» деген жолдар ақын жанының сұлулыққа, рухани кемелдікке деген ұмтылысын танытады. Ал соңғы тармақтағы «...түк емес, шын емес, түс бәрі, түс бәрі...» деген қайталау өмірдің өткіншілігі туралы философиялық ойға жетелейді. Онда өлеңді толық оқып көрейік.

Менің өлеңдерім –

ата-бабамнан қалған парасат ұстамы,

қиял-арманның қалқып ғаламат ұшқаны,

жанымның жып-жылы әлемді құшқаны,

сананың ертеңді болжаған тұспалы,

жүректің сұлулық шыңына құштары,

жүйрік ой, түйсік қой тартысы ұшқары,

тылсым сәт кететін әлемнен тысқары,

... түк емес, шын емес, түс бәрі, түс бәрі...

Осылайша ақын рухани ізденіс әлеміне терең бойлап кетеді.

Ал «Серпілу» атты өлеңінде автор өз көңіліндегі мұң мен үміттің арпалысын шебер бейнелейді.

Шалыс басып – шырғалаңға шырмалдым,

Әлде әуелде құмға жоспар сызғанмын.

«Құмға жоспар сызу» метафорасы арқылы ақын нені меңзеп тұр? Бір қарағанда өлеңнің өн бойынан өкініш пен торығу сезімі байқалғандай әсер аласың. Бірақ, автор толық күйреуге берілмейді. Соңғы шумақтағы «Жер бетінде жақсылық көп дейді жұрт, Серпілсе екен көкіректе тұнған мұң», – деген жолдар үміт сәулесін аңғартады. Бұл – Дидар поэзиясына тән ерекшелік. Ол мұңды суреттей отырып, одан шығу жолын да ұсынады.

«Тағдырым» өлеңінде ақынның ішкі драмасы мен өмірге деген күрделі көзқарасы терең көрінеді.

Тағдырым – әйнектер сынығы,

Өмірім – күндердің былығы.

Әйнек сынығы нәзіктік пен жарақаттың символы тәрізді. Лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі мұңды болғанымен, өлеңнің әсері жасандылықтан ада. Ақын әйел жүрегіндегі жалғыздықты, күдік пен сағынышты табиғи түрде жеткізе білген. «Құлақта – күдіктің күбірі, жүректе – сезімнің сыбыры. Күн сайын таңертең оятар, Беймаза сағаттың шырылы», – деген тармақтар адамның ішкі жан әлеміндегі психологиялық күйді дәл бейнелейді. Бұл да Дидардың адам жанының терең иірімдерін суреттеудегі шеберлігін көрсетеді.

Ал:

Тасқа тиген мың тамшы кері кетті,

Жынды жел қолшатырды керіп өтті.

Күз. Жауын. Саксафондық көңіл-күйдің

дәл бүгін Алматыға кері кепті, – деген шумақ ақын поэзиясындағы табиғат пен көңіл-күй үндестігінің жарқын үлгісіндей көрінеді. Мұнда күзгі жаңбыр мен жел көрінісі сыртқы табиғат құбылысы ғана емес, лирикалық кейіпкердің жан дүниесінің айнасы ретінде алынған. Әсіресе «саксафондық көңіл-күй» тіркесі айрықша назар аудартады. Саксафон үні көбіне мұңды, сырлы әуенмен байланыстырылатыны белгілі. Сол себепті бұл образ ақынның сағынышқа, мұңға толы көңіл-күйін тереңдете түседі. Ал Алматы атауы өлеңге нақты кеңістік беріп, белгілі бір естелік пен сағыныштың мекеніне айналғандай әсер қалдырады.

Сонымен бірге Дидар Сәрсенбекованың шығармашылығында қоғамдағы әділетсіздікке алаңдау, адам тағдырына араша түсу секілді азаматтық ұстанымдар айқын көрінеді. Соның бір дәлелі – Әйгерімге арналған өлеңі.

Өлеңнің алғашқы шумақтарынан-ақ ақын Әйгерімнің бейнесін рухы мықты, қайсар тұлға ретінде сомдайды.

Жалған жала үйсе де,

Жеңем дейді жігер қыз.

Әділетсіз күйсе де,

Өз бағасын білер қыз.

Бұл жолдарда Дидар өз кейіпкерінің сыртқы қысымға мойымайтын қайратын ерекше бағалайды. «Жалған жала», «әділетсіз» сөздері арқылы тағдыр тауқыметі көрсетілсе, ал оған қарама-қарсы қойылған «жігер қыз», «өз бағасын білер қыз» тіркестерінен Әйгерімнің ішкі беріктігін танимыз.

Өлеңнің келесі шумақтарында ақын оның ерік-жігерін одан әрі асқақтата түседі.

Темір торға жапса да,

Тайсалмаған қайсар қыз.

Қолға кісен салса да,

Басылмаған жасын қыз.

Мұнда «темір тор», «кісен» секілді ауыр образдар физикалық еркіндіктің шектелуін білдірсе, «жасын қыз» метафорасы рухани еркіндіктің сынбағанын көрсетеді. Ақын үшін Әйгерім – тағдырдың ауыр соққысына қарамастан ар-намысын жоғалтпаған тұлға.

Өлеңнің ең әсерлі тұстарының бірі – автордың жан айқайы мен кейіпкеріне шырылдап араша сұрауы. Ол Әйгерімнің туған күнін қамауда қарсы алуын ерекше күйзеліспен суреттейді.

Туған күнін қамауда

Қарсы алуда жалын қыз.

Бұл жолдарда ақынның ішкі қасіреті анық сезіледі. Әдетте туған күн қуаныш пен шаттықтың белгісі болса, мұнда ол еркіндіктен айырылған жанның тағдырымен астасып, трагедиялық сипат алады.

Өлеңнің:

Тастап өзін талауға

Жақтап жұртын жалынсыз, – деген жолдарында қоғамға деген реніш байқалады. Лирикалық кейіпкер халықтың үнсіздігін, әділетсіздікке қарсы тұра алмауын ауыр қабылдайды. Бұл сарын өлеңнің «Қайран жұртың тағы үнсіз...» деген соңғы тармағында шегіне жетеді.

Ақын халықты кінәлаудан бұрын оның дәрменсіз күйін, үн қатып араша түсе алмауын, қоғамдағы әділетсіздік алдында шарасыз қалған халін көрсетеді. «Қайран жұрт» деген тіркес өкініш пен аянышты қатар білдіреді. Бұл – ақынның елінің үнсіздігіне күйінуі. Дидардың поэзиясындағы азаматтық лириканың ең өткір тұсы да - осы.

Ал қарапайым ғана «Дүние дидарғайып» өлеңін ақынның азаматтық болмысын, өмірге деген көзқарасын және адамгершілік қағидаларын айқын көрсететін сіңірлі шығарма деп қабылдауға болады.

Деуші еді жардың шетін баспаңыздар,

Адамдық шектен тегі аспаңыздар.

Бір жығылып, бір тұрып жүрген кезде,

Артымызда, әйтеуір, басқан із бар.

Бұл жолдарда халықтың даналығынан бастау алатын өмірлік философия жатыр. Ақын адам қандай қиындық көрсе де, қандай биікке көтерілсе де адамдық қалпынан айырылмауы керек деген ойды айтады. «Артымызда, әйтеуір, басқан із бар» деуі арқылы әр адамның өмірдегі ісі мен сөзіне жауапты екенін меңзейтін терең тұжырым жасайды.

Өлеңде қоғамның түрлі құбылыстары шынайы бейнеленеді.

Кесірткедей құбылған ұлық көрдік,

Ащы суға тойып ап, ұлып көрдік.

Бұл арқылы ақын екіжүзділік пен рухани дағдарысты сынға алады. Алайда ол қиын кезеңдерді еске ала отырып, халықтың мойымаған рухын бәрінен жоғары қояды.

Бөлке нанды кезекпен алған кезде,

Еңсемізді көтеріп тұрыпты өрлік.

Осы екі тармақта тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыр тұрмыс көрінісі, қандай жағдайда да ар-намысын жоғалтпаған халықтың қайсар мінезі бейнеленген.

Ал өлеңнің соңғы шумақтары ақынның өмірлік философиясын толық ашып бергендей.

Тірі болсақ, сүргін мол мына ғасыр,

Әлі талай сынаққа лақтырады.

Ақын өмірді үздіксіз күрес пен сынақ алаңы ретінде қабылдайды. Сөйте тұра ол тағдырдың қиындығынан қорықпайды. Керісінше, адамның ең басты міндеті – қандай жағдайда да адаспау, ардан аттамау деген ойды алға тартады.

Өлеңнің түйініндегі «Құлдыраңдап жеткенде жар шетіне, Дүбірлеп өтер дүние дидарғайып» деген жолдар ерекше философиялық мәнге ие. Мұнда өмірдің өткіншілігі, адамның фәни дүниедегі сапары бейнеленеді. Бұл өлеңде лирикалық кейіпкердің азаматтық тұлғасы мен қайсар мінезі, рухани беріктігі мен өмірлік ұстанымы тұтас көрініс тапқан. «Дүние дидарғайып» өлеңі ақынның шығармашылық кредосы іспетті. Бұл туынды Дидар Сәрсенбекова поэзиясындағы сыршылдықтың терең философиялық толғаныспен ұштасатынын дәлелдейді.

Жалпы, Дидар өлеңдерінің негізгі өзегі адам жанының нәзік күйін, өмірдің күрделі шындығын және рухани ізденісті бейнелеу деп айтуға болады. Ақын кейде мұңаяды, кейде өткенге өкінеді, кейде тағдырмен сырласады. Бірақ оның лирикалық кейіпкері ертеңгі күнге деген үміттен толық қол үзіп кетпейді. Бұл қасиеттер ақынның шығармашылық болмысын айқындап, оның жырларын бүгінгі қазақ поэзиясындағы сыршыл лириканың сәтті үлгілерінің қатарына қосады.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

18 маусым, бейсенбі күні Бутаковка өзені маңында 16 жастағы жасөспірім велосипед теуіп жүріп құлап,...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан Үкіметі Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада...