Түнгі клубта өрт шығып, 30 адам тіл тартпай кетті

Фото: видеодан кадр

ЖАҢАЛЫҚТАР
222

Таиланд астанасы Бангкокта орналасқан Rong Beer Na Ladprao музыкалық бары мен түнгі клубында болған жойқын өрттен қаза тапқандар саны 30 адамға жетті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Сонымен қатар, 70-тен астам адам түрлі дәрежедегі күйік пен түтінге улану салдарынан ауруханаларға жеткізілген. Зардап шеккендердің біразы ауыр халде жатыр.

Қайғылы оқиға түн ортасына таяу болған. Куәгерлердің айтуынша, алдымен ғимараттың ішінде жарылысқа ұқсас дыбыс естіліп, артынша жалын өте жылдам таралған. Бірнеше минуттың ішінде қою түтін бүкіл ғимаратты басып, келушілер жаппай сыртқа ұмтылған.

Алдын ала тергеу мәліметінше, өрттің шығуына кондиционер жүйесіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, полиция ғимараттағы қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын тексеріп жатыр. Тергеушілердің мәліметінше, кейбір эвакуациялық есіктердің жабық немесе бөгеліп тұрғаны, ал ішкі әрлеуде тез жанатын материалдардың қолданылғаны адамдардың дер кезінде сыртқа шығуына кедергі келтірген болуы ықтимал.

Құтқарушылардың айтуынша, көптеген адамның мәйіті терезесі жоқ дәретханалардан табылған. Мамандар олардың қою түтіннің кесірінен шыға алмай қалғанын айтады. Өрт кезінде ғимараттың ішінде жүзден астам адам болған.

Бангкок губернаторы қаладағы барлық ойын-сауық орындарында өрт қауіпсіздігіне қатысты жаппай тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді. Билік өкілдері қауіпсіздік нормаларын бұзғандарға қатысты қатаң шара қолданылатынын айтып, қайғылы оқиғаға кінәлі тұлғаларды анықтау үшін арнайы тергеу басталғанын хабарлады.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Екібастұзда көпқабатты үйдің ауласында жеңіл көлік алты жастағы баланы қағып, ол оқиға орнында қаза...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлеуметтік желіде үш Ұлттық ұлан қызметкерінің баланы қолынан ұстап алып бара жатқан видеосы тарады....