Басын мына жерден оқып аласыз2 тарауҒалам ауылдан жырақ, тау бөктеріндегі бұрын малшы қыстағы б...
Мұхарбек Жәкейұлы. Киенің көзі – көңілде...
Фотосурет автордан
Торғайда Батырлан Сағынтаев дейтін дүр бар. Өзі ақын, өзі өнертанушы. Арқалықтағы өлкетану музейінде жұмыс істейді. Тұтас бір ғылыми-зерттеу институтының міндетін бір өзі атқарып жүрген азамат. Тарихты түгендеп, ел аузындағы ескі әңгімелерді жинайды. Торғайдың ақындық мектебі мен күйшілік өнерін тереңнен қаузайды. Кейде қандай да бір дерекке күмәніміз болса, осы Батырланға жүгінеміз. Қойны-қоншыңды, қоржыныңды небір құнды қазынаға толтырып жібереді.

Өлеңі ме? Оның өлеңі де, әлемі де бөлек! Жалпы, әдебиетті уақыттың үнін, адамзаттың жан дүниесін сөзбен кестелейтін рухани кеңістік деп алсақ, Батырлан сол кеңістікте өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақын. Ол кейінгі буынның жадынан көмескілене бастаған рухани құндылықтарды жырлайды.
Батырланның «Сардар» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Кие» атты жыр жинағын ақынның туған жер тарихына, ұлттық таным мен рухани мұраға деген айрықша ықыласындай қабылдадық. Кітап атауының өзі символдық мәнге ие.
«Шайқалып ніл аспанның шарбы бұлты...» деп басталатын алғашқы өлеңінен-ақ уақыттың еншісіне кеткен тұтас бір өмірдің, көшпелі тіршіліктің, көмескі тартқан көркем бейнесін көресіз. Көресіз де, көңіліңіз құлазиды.
«...Ел көшкен жағасынан Шибай бұлақ,
Солқылдап жылап ағып, солды үміті», – деген жолдарды оқығанда, «Қайырлы болсын сіздерге, Бізден бір қалған Еділ жұрт» деп жырлаған Қазтуған жырау еске түседі. Кешіріңіз, бұл жерде ешқандай сарказм жоқ. Тоқсаныншы жылдардың топалаңында байырғы қазақ даласында қаншама елді мекен қаңырап қалды. Батырлан жырлаған шындықтың ащылығы сол – иесіз қалған ата қоныспен бірге бабалар ізінің бірте-бірте көмескіленіп бара жатқаны. Ақынның «Солқылдап жылап ағып, солды үміті» деуі де содан. Бұлақтың көз жасы – тұтас бір дәуірдің үзіліп қалған үмітіндей. Оның зарлы үнінен көшкен елдің шерін естігендей боласыз. «Еділ жұрт» деп егілген Қазтуған мен «Шибай бұлақ» деп шер тарқатқан Батырланның арасында ғасырлар алшақтығы болғанымен, екеуінің де жүрегін сыздатқан мұң біреу-ақ. Қазтуған жыраудың зарында да, Батырландағы бұлақтың үнінде де ел тағдырына деген алаң, өткен күнге деген сағыныш бар. Бірі Еділ бойын қимай күңіренсе, екіншісі Шибай бұлақтың мұңлы сарыны арқылы тұтас бір дәуірдің шерін қозғайды. Екеуін жалғап тұрған да – туған жерге деген ұлы сағыныш пен ел басынан өткен қасіреттің өшпес ізі.
Қазақ үшін ата қоныстан айырылу қасіреті тоқсаныншы жылдармен ғана шектелмейді. Жинақтағы «Отызыншы жылдардың өлеңі» – тарихи жараның әлдеқайда тереңде жатқанын аңғартатын туынды. Бұл – ата жұртынан амалсыз көшкен елдің, сол көштің жолында тағдыр тәлкегіне ұшыраған тұтас халықтың қасіреті.
«...Қара бауры тілініп, қара жауып,
Қаралы көш жерінен барады ауып». Алғашқы жолдардан-ақ өлеңнің ауыр тынысы, қасіретті сарыны сезіледі. Ақын «қара» сөзін қайталап қолдану арқылы ел басына түскен зұлматтың тұтас көркемдік кеңістігін қалыптастырады. Қаралы көштің артында абақтыға кеткен азамат, иесіз қалған шаңырақ, үміті үзілген ана мен жетім қалған бала бар.
Әсіресе «Бір әулеттен қалса деп бір зүрият» деген жолда ананың бар үміті мен тілегі жатыр. Зұлмат заманның қасіретін тартқан ана өз басының амандығынан бұрын, әулетінің тұяғы үзілмеуін тілейді. Ақын ананың ұрпақ алдындағы аманатқа деген адалдығын бір ғана жолға сыйдырып жіберген.
Өлеңдегі «жөргек-кебін», «тірі аруақ», «қобыз шанақ қорымдай қоңыр дала» секілді тіркестерден ақынның бейнелі тілге бейімдігін аңғарамыз. Әсіресе «жөргек-кебін» метафорасының мағынасы терең. Жөргек – өмірдің бастауы, кебін – өлімнің белгісі. Осы екі ұғымның бір тіркесте қатар келуі өмір мен өлімнің арасындағы қасіретті қайшылықты ашып тұр.
Енді бірде «Қобыз шанақ қорымдай қоңыр дала» деп күңіренеді. Мұнда қобыз – халықтың зары, қорым – қасіреттің ізі, дала – сол тарихтың куәгері. Үшеуі бірігіп, қазақ деген халықтың шерлі шежіресін шертіп тұрғандай әсер аласыз.
Өлеңнің басындағы азалы сарын соңғы шумақта да үзілмейді. «Көк күмбезі жылап тұр ай қадалған» деген түйінді жолда ақын жер бетіндегі қасіретті ғарыштық кеңістікпен астастырып жіберген. Осы арқылы өлеңнің трагедиялық тынысын тереңдете түседі.
Жалпы, Батырлан өлеңдерінде метафора, эпитет, теңеу, кейіптеу тәсілдерін еркін қолданады. Табиғат құбылыстарын адам жанының ішкі сезімімен байланыстыруға шебер. «Күннің құлауы», «қайыңның бүрсең қағуы», «бұлттың күн кірпігін жасыруы», «көк жүзін мұң шалуы» – осының бәрі табиғат көріністері арқылы адамның көңіл-күйін бейнелейтін поэтикалық суреттер.
Кітапқа енген өлеңдердің бір парасы ел тарихындағы тарихи тұлғалардың тағдырына арналған екен. Солардың бірі – «Кейкі өлімі жайындағы хикая».
Бұл – тарихи тұлғаның тағдырын арқау еткен, елдік пен ерлік, сатқындық пен тарихи шындық мәселелерін қозғайтын шығарма. Ақын Кейкі батырдың қазасын суреттей отырып, оның өліміне қатысты ел ішіне тараған әртүрлі әңгімелердің ақ-қарасын ажыратуға ұмтылады. Әсіресе батырдың басын кетпенмен шапты деген сөздің негізсіз екенін мына шумақтар арқылы аңғартады:
Көсеуін қыздырма сөз топта көсеп,
Тиылмай сыбырлаған көп дау, өсек.
– «Кейкінің кетпенменен басын шауып»,
Таралды «қор қылыпты-ау» деп қауесет.
Жендеттер атқарғасын өз жұмысын,
Жыр еткен жаудың ісін сөз құрысын.
Кейкінің басын кетпен қиғаны өтірік,
Шындығы пайдаланған өз қылышын.
Ақын мұнда ел арасына тараған жаңсақ әңгіменің шындығын ашып, батырдың қазасына қатысты тарихи ақиқатты алға тартады. «Ер ұлдың елдік еді бар мұрады» деген бір ауыз сөзімен азаттық жолында құрбан болған ердің асыл мұратын айқындап, рухына тағзым етеді.
Ал «Марал ишан жуғысы» деген өлеңінде ел жадында сақталған аңыздың ізімен бүгінгі қоғамның рухани ахуалына ой жібереді. Марал ишанның мәйітін жуған бұлақтың бойында өскен жалғыз жидені қазаққа теңейді.
...Жоқ болғасын Марал сынды абызым,
Көп болғасын танымаған Хақ ізін.
Жалғыз жиде – жалқы халқым секілді,
Әркім келіп айта берер уағызын.
Соңғы тармақта азаматтық алаңдаушылық анық сезіледі. Бұл – рухани бағдарынан жаңылып, жат уағыздың жетегінде кеткен елдің ертеңіне алаңдаған ақынның жанайқайы.
...Бірақ мұның жайын бүгін кім білді,
Көбейгесін дүмше дінді бүлдірді.
Ақ кебінге оранар күн жеткенше,
Азғырды да, ақ жанымды кір қылды.
Алла алдына аппақ болып баруға,
Арыма да керек болар бір жуғы.
Жұп-жұмыр шумақ. Соңғы жолында ар алдындағы жауапкершілік аңғарылады. Тарихи оқиғаны бүгінгі күннің рухани мәселелерімен сабақтастыра отырып, автор оқырманды өз арының алдында есеп беруге шақырады. Өлеңнің басты қуаты да осында.
Жинақтың поэмалар бөлімі мазмұндық жағынан да, тақырыптық тұрғыдан да назар аударуға тұрарлық. Мұнда «Сүгір-Мәпруза», «Шер-дүние», «Алтын көмбе», «Кие», «Бектен Құла», «Байғабыл-Кәделі» секілді тарихи тұлғалар тағдырынан бастап, ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге, өнер мен махаббатқа дейінгі кеңістікті қамтитын сіңірлі шығармалар топтастырылған.
Соның ішінде «Сүгір-Мәпруза» поэмасының орны бөлек. Шығармада әйгілі күйші Сүгір мен Мәпруза арасындағы сезім, өнерге деген құрмет, күйдің құдіреті өзара сабақтасып өріледі.
Поэманың алғашқы бөлімінде ұлынан айырылған Ерденнің қайғысы, оны жұбату үшін келген Ықылас пен жас Сүгірдің өнері суреттеледі. Қобыздың қоңыр үні арқылы жан жарасын жеңілдету идеясы шығарманың өн бойына арқау болған. Кейінгі оқиғаларда Сүгір мен Мәпруза арасындағы рухани жақындық өнер тілімен ашылады. Мәпрузаның домбыра тартуы, Сүгірдің оған арнап «Жантелім» күйін орындауы – екі өнерпаздың бір-бірін сөзсіз түсінген сәттерінің көркем көрінісі.
Ақын күй арқылы адам жанының арпалысын, жүрек түкпіріндегі шер мен сағынышты сөйлете білген. Мәпрузаның мезгілсіз қазасынан кейін Сүгірдің қайғыға беріліп, қос ішектен жұбаныш іздеуі осы ойымызды тереңдете түседі.
Жинақтағы «Бектен Құла» поэмасынан ел ішіндегі тұрмыс-тіршілік, жүйрік ат пен бәйге дәстүрі арқылы қазақ қоғамының болмысын танимыз. Ал «Байғабыл-Кәделі» шығармасында махаббат пен әлеуметтік қарым-қатынас, тағдыр қайшылығы көрініс тапқан.
Жалпы, қазақ ұғымында жылқы – тектілік пен еркіндіктің символы. Батырлан бұл танымды кітап атауын алған «Кие» поэмасында Аққукөк тұлпардың тағдыры арқылы көркем бейнелейді.
Алты бөлімнен тұратын поэманың негізгі идеясы – текті тұлпардың қасиетін дәріптеу, оған жасалған қиянатты әшкерелеу. Поэмада теңеу, эпитет, метафора, кейіптеу тәрізді көркемдік тәсілдер молынан ұшырасады. Әсіресе тұлпардың дене бітімі мен шабысын суреттеген тұстарда атбегілікке қатысты атаулар орынды қолданылған. Бәйге көріністері ширақ ырғақпен, әсерлі бейнелермен өрілсе, табиғат суреттері Аққукөктің тағдырымен астасып жатады.
Осы жерде Батырланның ақындық бастауына да назар аударған жөн. Ол – Нұрхан Ахметбековтің дастандарымен сусындап, халықтық поэзияның нәрін бойына сіңірген қаламгер. Нұрхан ақынның эпикалық дәстүрі мен жыршылық өрнегі Батырлан шығармашылығынан да аңғарылады. Әсіресе ел тарихын, адам тағдырын, ат пен ердің байланысын жырлауда осы дәстүрдің ізі байқалады. «Кие» поэмасы – сол рухани сабақтастықтың бір көрінісі.
Енді поэманың композициялық ерекшелігіне тоқталсақ. Шығарма оқиғасы хронологиялық жүйемен өрбиді. Алты бөлім бір-бірімен сюжеттік тұрғыдан сабақтасып, тұлпардың бүкіл өмір жолын қамтыған. Автор ел аузындағы әңгімелер мен қариялардың естеліктерін пайдаланып, туындыға шежірелік сипат беруге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, Аққукөк туралы поэма – тұлпардың тағдыры арқылы қазақтың атбегілік өнерін, жылқыға қатысты ұлттық танымы мен адамгершілік құндылықтарын танытатын шығарма.
Жинақта махаббат лирикасы да бар. «Ханшадай асқақ көрінген», «Біз танысқан сол сәтті тылсым жырлап», «Жырда жазбай кетіп ек, хат та жазбай» секілді өлеңдерде жастық шақтың мөлдір сезімі мен махаббаттың мұңды сәттері қатар өрілген.
Жалпы, Батырлан Сағынтаевтың «Кие» жинағының мазмұндық ерекшелігі тақырыптарының сан алуандығында дер едік. Ақынның тілдік қолданысында халықтық сөз өрнегі, көне ұғымдар, жер-су атаулары мен төл дүниетанымға тән бейнелі тіркестер молынан кездеседі. Мұның бәрі өлеңдердің көркемдік бояуын қанықтырып, өзіндік өрнегін айқындай түседі.
Сонымен бірге кейбір шығармалардағы күрделі тіркестер мен сирек сөздердің қолданысы оқырманның мәтінді қабылдауын біршама қиындатуы мүмкін. Сондай-ақ жекелеген өлеңдердегі ой сабақтастығы мен ырғақтық үйлесімге назар аударылса, көркемдік әсері одан әрі арта түсері сөзсіз. Мұны жинақтың мазмұндық байлығы мен ақынның ізденісін ескере отырып айтылған ұсыныс деп қабылдаған жөн.
Жыр жинағының соңғы бетін жапқанда көңілімізде: «Біз осы бабадан жеткен аманаттың қадірін қаншалықты біліп жүрміз?» сауал қалды. Бәлкім, «Кие» кітабының құндылығы да оқырманды осы сауалмен бетпе-бет қалдыруында шығар.