«Оян, қазақ!» деп ұран салған Алаш арысының туғанына 141 жыл

коллаж MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
85

Бүгін, 25 қараша – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ақын, жазушы, ағартушы, публицист Міржақып Дулатұлының туған күні. Қазақ халқының азаттығы мен ұлттық тәуелсіздігі жолында күрескен тұлғаның дүниеге келгеніне 141 жыл толды, деп хабарлайды  MadeniPortal.kz

Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада қазіргі Қостанай облысының аумағындағы Торғай өңірінде дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болып өскен ол ұстаздық қызмет атқарып, кейін бүкіл ғұмырын қазақ халқының ұлттық санасын оятуға, білім мен мәдениетті дамытуға арнады.

1909 жылы жарық көрген «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы қазақ қоғамына үлкен серпіліс әкелді. Қаламгер өз шығармалары арқылы халықты білімге, өнерге, бірлікке және азаттыққа үндеді.

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Ұлттық сананы оятуға бағытталған бұл еңбек патша билігінің қудалауына ұшырады.

1910 жылы Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы жарық көрді. Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман саналатын шығармада әйел теңсіздігі, әлеуметтік әділетсіздік пен қоғамның өзекті мәселелері көтерілді.

1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлымен бірге «Қазақ» газетінің негізін қалауға атсалысқан Міржақып Дулатұлы ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Жер, тіл, білім, ұлттық бірлік пен мемлекеттілік оның қоғамдық-саяси қызметінің басты бағыттарына айналды.

1917 жылы Алаш партиясы мен Алаш автономиясын құруға белсене қатысып, қазақтың ұлттық мемлекеттілігін қалыптастыру жолында еңбек етті.

Алайда ұлт мүддесі жолындағы қызметі үшін кеңестік биліктің қуғын-сүргініне ұшырады. 1928 жылы тұтқындалып, бастапқыда ату жазасына кесілді. Кейін бұл үкім он жылдық түрме жазасына ауыстырылды.

1935 жылы 5 қазанда Алаш қайраткері айдауда жүріп, 49 жасында дүниеден өтті. 1988 жылы ресми түрде ақталып, 1992 жылы сүйегі туған жеріне әкелініп, қайта жерленді.

Міржақып Дулатұлының өмірі – ұлтқа адал қызмет етудің, ел болашағы үшін күресудің жарқын үлгісі. Оның азаттық, білім, ұлттық намыс пен елдік сана туралы идеялары арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Алаш арысының «Оян, қазақ!» деген ұраны бүгінгі ұрпаққа да үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи аманат болып қала береді.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қостанай облысында Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы...

Өнер

Қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы мен өмірі туралы естеліктер көп. Алай...