Бүгін Шымкенттегі «Жеңіс» саябағында «Мәртебелі поэзия мінберінің» ашылу сал...
Мұхарбек Жәкейұлы. Көк айғырдың үйірі (әңгіме)
Фотосурет автордың жеке мұрағатынан
Сол жаз біздің ауыл орақты ерте бастады. Сәуірдің ортасын ала тасыған су шабындыққа барынша жайылып, жер дүние телегей теңіз болды. Ылғал топыраққа молынан сіңіп, бидайық пен арпа жылдағыдан бітік шықты. Ырғын өнімнен үмітті ауыл адамдары еңбекке білек сыбана кірісіп кеткен.
Таң сыз бере баяу желмен тербелген көк шалғын теңіздей толқиды. Шөптің ұшар басына ілінген тырнақтай таңғы шық маржанша жарқырайды. Құстардың үнінен құлағы тұнған кең дала тіршіліктің тынысын сезіне бастағандай. Әрбір бұта мен шөп басы жарыққа шөліркеп, айналасына іңкәр кейіппен қарайды. Еңістен сығалап шыққан күн сәулесімен табиғат-ана көзін ашқанда шөпшілер де шабындық басынан табылатын.
Жасы жетпістің бел ортасындағы Қабдолла шолақ жыл сайынғы әдетімен биыл да бурылын ерттеді. Кемпірінің: «Отағасы-ау, өмірің осылай ат үстінде өте ме? Жасарып келе жатқан жоқсың. Түзде жүріп, оқыстан жазым болсаң, құдай-ау, жұртқа не бетімізді айтамыз? Құрығанда құрығыңды балалардың біріне берсеңші» дегеніне қиқар шал құлақ аспады.
Сталинград түбіндегі кескілескен ұрыста ауыр жараланған қария есін госпитальде жиыпты. Снаряд жарықшағы оң қолын иығынан төмен жұлып әкеткен екен. Жарты жылға жуық ем алып, елге оралған соң, тағдыр сынағына мойымай жалғыз қолымен колхозда қара жұмысшы, кейін бригадир болып еңбек еткен.
Қабекеңнің қазіргі кәсібі – совхоздың шөбін жекенің малынан қору. Ертелі-кеш бурыл атына мініп ап, шабындықты шолып жүргені. Қырағы көзі қыбыр еткенді қалт жібермейді. Шөпке түскен малдың кімдікі екенін де айнытпай таниды.
Шалдың мінезі тарпаң. Сөзінде ызғар бар. Көбіне қабағы қатулы жүреді. Сол қаталдығы кейде шектен шығып кетіп жататын. Ерте көктемде жер кеуіп, қарашаның алғашқы қары түскенше ауылдың «Нариман» атанып кеткен төменгі көшесінің балалары Қабдолланың үйінің жанындағы ашық алаңқайда доп теуіп, футбол ойнайды. Көңілді оралса, Қабекеңнің олармен жұмысы жоқ. Жарыса берген сәлемдеріне жылы жымиып, үйіне кіріп кететін. Ал қабағы қатыңқы келсе, иманыңды үйіре бер. Доп қуған балаларды бурыл аттың бауырына алып, қуып таратады. Қас қылғанда, қыңыр шалдың ондай сәттері өте көп. Кемпірінің: «Құдауанда, балаларда нең бар еді?» деп кейігенін құлағына ілмейді. «Ит қорыған жерге өш» дегені рас-ау, қанша қуып жатса да, балалар сол жерге үйірсек.
Осы Қабекеңнің бар күш-қайраты сол қолына көшкен cекілді. Бір қолымен-ақ жаздың күндері шөп айырлайды, қыста қар күрейді. Ал жүген-құрық тимеген шу асауларды бастықтыруға келгенде арқаланып кететінін айтсаңшы. Бала күнінен ат құлағында ойнаған деседі. Жігіт шағында көкпар тартып, төңірекке даңқы жайылған. Ат үстінде белдескенді тақымына қысып, талай қарсыласының мысын басыпты. Тіпті, Қабекең атын ерттей бастаса, бірлі-жарым мал аңдыған ұры-қары ауылды айналып өтеді екен деген де сөз бар.
Шалың қазір де шау тарта қойған жоқ. Жалғыз қолымен бурылын өзі ерттеп, айылын өзі тарта береді. Құрығы қолынан түспей жүргені де сол күш-қуатының арқасы. Алакөбеңнен берісі Өтеген, арысы Ақжан, Артель жақтағы шабындықты шолып қайтады. Алда-жалда шөпке түскен мал болса, жақын маңдағы қыстақтағы қоралардың біріне апарып қамайды.
Ұсақ мал кезекпен бағылады. Сауын сиырлар күн батар-батпастан желіні сыздап, өрістен ауылға асығады. Ал жылқы – түздің малы. Тіпті, сауын биелердің өзі ағытып жіберген соң, ауылдан ұзап кетеді. Түнде шабындыққа түсетіндер де – солар. Ертесіне жылқы айдап әкелуге шыққандардың көбі үйірін қыстақтағы қоралардан іздеп табатын. Ондайда қорықшы шалдың жіби қоюы қиын. Танауын шүйіріп, маңғазданып кетеді. Совхозға айыппұл төлеп әзер құтыласың.
Ауылдағы шаруа адамының күндегі тірлігі осы. Таңның атысы, күннің батысы тынымсыз еңбекпен өтеді. Бірақ бәрі бірсарынды дей көрмеңіз. Аспан ашық болса, олардың да көңілі жай, ал көкжиекті бұлт торласа, ертеңгі күніне алаң.
Бір күні осы ауылдың маңында жал-құйрығы жібектей төгілген келісті көк айғырдың үйірі пайда болды. Он шақты құлынды бие, арасында төрт-бес қысырақ бар. Ешқайсының ен-таңбасы жоқ. Бұл төңіректің малына ұқсамайды.
Бөтен үйір елдің көзі таса болса, шабындыққа емін-еркін кіріп, алаңсыз жайылатын боп алды. Қорықшы шал қуып шығады. Жылқылар үркіп, бытырай қашқанымен көп ұзамай қайтып оралады. Иесіз малды қораға да қамап көрді. Қайдан, қалай шығып кеткені белгісіз, таң атпай жатып, әлгі жамандатқырлар шабындықта жүреді.
Аяқ жетер жердің бәріне көк айғырдың үйірі туралы хабар тарағалы біраз болды. Әзірге бұл ауылға жоқ іздеген ешкім келе қойған жоқ. Алда-жалда «Шәкір там» тұсындағы ағаш көпірден өткен бөгде машина не салт атты көрінсе, ауыл адамдары құдды бір жоқ іздеуші келе жатқандай елең ететін. Әлгілердің басқа шаруамен жүргенін ести сала қайтадан жоқ іздеушіні іздеуге кіріседі. Ас-садақа, той-домалақ, әйтеуір адам қарасы жиылған жердің бәрінде әңгіменің ауаны өзінен-өзі көк айғырдың үйіріне ауады.
Әдеттегідей түске таман ауыл адамдары Аққораға жиналып қалды. Кеше түнде қорықшы шал үйірді Артельдегі шабындықтан қуып әкеп, осындағы лапасқа қамаған. Содан бері аш тұр.
Аққораның шығыс жақ бетіне жүк машинасы кеп тоқтады. Ішінен қолына папка ұстаған, бойшаң кісі түсті. Рөлдегі жуан сары да папка ұстаған кісіге ілесті. Екеуі лапастың аузына жиылған топқа жақындады. Папка ұстаған кісі № 1 бөлімшенің меңгерушісі Әлімжан Еңсепов екен. Ауыл адамдары жапырлай амандасты.
– Бұл қай ауылдың жылқысы болды екен, ә? Әлі хабар жоқ па? – деп ферма меңгерушісі күндегі сұрағын қойды. Ілесе келген жуан сары да: «Иә, қай ауылдың жылқысы болды екен, ә? Әлі хабар жоқ па?» – деп меңгерушінің сөзін айна-қатесіз қайталады.
– Әзірге іздеген ешкім бола қойған жоқ. Дәу де болса, Қарақұм арқылы Сыр бойынан ауып келген жылқы сияқты, – деді ауылдың аға жылқышысы Садыр, ат үстіндегі әдетімен асықпай сөйлеп.
– Нақа, иесі жоқ болса, өзіміз бөліп алсақ қайтеді? – деді арт жақтан әлдекім.
– Тәйт әрі! Кісінің ақысын жеуге ұялмайсыңдар ма?! – деп Тобық қарт дауыс көтеріп, жақтырмай зекіп тастады.
– Меніңше, бұлар Ұлытау жақтан келді-ау. Сол жақтың жылқыларының бітімі бөлек қой, – деп манадан үнсіз тұрған Қадылбек сөзге араласты. – Кеуделері кең, аяқтары сіңірлі. Нағыз көшке лайық тұқым.
Негізі, Садыр мен Қадылбектің сөзінің жаны бар еді. Садырға жеті атасынан жылқы біткен. Жыланшық бойын жайлаған атасы Нұртай – мыңғыртып мал айдаған бай. Заманында атақты Кейкі батырмен сыйлас болған. Мергенді осы Садырдың әкесі Әбілқасым алты-жеті жасында көріпті. Жарықтық арғы беттен келіп, сыралғы досына аунап-қунап қайтады екен.
Жаңа Үкімет орнаған соң Жыланшықтың жағасындағы талай сабаздың малы талауға түсті. Нұртай да кәмпескеге ілініп, қолындағы бар малын санап берген. Ал Садырдың әкесі Әбілқасым кейін сол Үкіметтің әкеден тәркілеген жылқысын бақты. Зейнетке шыққасын құрығын баласына аманаттады.
Қадылбектің әкесі Бердақ та осы совхоздың ең шалғай Айырқұм бөлімшесінің озат жылқышысы болған. Бертінге дейін өмір сүрді. Қартайған шағында Қабдолланың үйінің тұсындағы қара суға кетіп өлді. Жас күнінде өткел бермес тасқын суды жүзіп өткен деседі.
Қадылбек біраз жыл совхоздың жылқысын бағып, Жаманқопа жағында жүрді. Кейін аға жылқышы Төлеужан істі болып сотталып кеткесін, басының аман қалғанына шүкір етіп, ауылға оралған. Көп ұзамай К-700 тракторының рөліне отырды. Қазір совхоздағы озат механизаторлардың бірі.
Ауыл адамдары осылайша белгісіз үйірдің қайдан келгені туралы өз болжамын айтып, даурығысып жатты. Әркім өз тұжырымын дәлелдеуге тырысып, қызылкеңірдек пікірталас туындап, жұрт екіге айырылып тарқасты. Ферма меңгеруші мен жуан сары жүк машинасына қайта отырып, орталыққа тартты.
Көк айғырдың үйірі пайда болғалы бері бұл ауылдың адамынан ғана емес, жылқысынан да маза кетті. Әшейінде өз биелерін місе тұтпай, бөгде үйірдің байталдарын өзіне қосып алатын озбыр айғырлар көк айғырдың үйірінен аулақ жайылады. Дөненінде бәйгеге шауып, кейін үйірге салынған Басқардың Құласирегі де желкесін күжірейткенімен, көк айғырға жақындай алмады. Жалын қомпайтып, тынысын ішке тартып, шайқасқа тас-түйін дайын тұрған көк айғырды көргенде, Құласирек құлағын қайшылап, жер тарпыған қалпы сескеніп, тайсақтап қалды.
Көп ұзамай көк айғыр осы Құласиректің үйірінен Үлпілдекті өз үйіріне қосып алды. Үлпілдек – Ақбет Олжабайдың көктемнің басында құлын тастаған байталы.
Үлпілдек десе, үлпілдек еді. Жүні күнге шағылысқан күмістей құбылып, үлбіреген жібекке ұқсайды. Сауыры саусақ тигізсе, сырғып түсетіндей жұп-жұмсақ. Құйрық-жалы шолпы таққан қыздың бұрымындай желмен ойнайды.
Жануардың бойы сұңғақ, мойын иілісі қылдай нәзік, аяқтары тік, жүрісі ырғақты. Үлпілдек қырдан құлдилай түскенде, үйірдегі айғыр біткенді елітетін. Артқы аяғын сәл керіп, арқасын кербез бүккенде делебесі қозып, тынысы жиілемейтін айғыр жоқ. Тіпті, ауыл маңындағы саяқтар да оқыранып, елеңдей бастайды.
Алғашында бөтен үйірге қосылған Үлпілдектің бойында үрей болғанымен, кейін хайуанға тән сезіммен табиғаттың заңына бойсұнды. Айғыр тұмсығымен мойнынан иіскеп, тынысын сездіргенде денесі дір етті. Тістегендей етіп жалынан тартты. Сосын жер тарпып, өзінің үстемдігін сездірді. Тек содан кейін ғана көк айғыр шын құмарлықпен әрекетке көшті. Үлпілдектің белі майысып, алдыңғы екі аяғы бүгілген күйде шырқырай кісінеді. Енді бір сәт жүрегі дүрсілдеп, тынысы үдей түсті.
Уақыт өтіп жатты. Күзге салым ауыл жігіттер көк айғырға құрық салды. «Мініп, жуасытайық» деп ерттеп көрді. Бірақ жануар үзеңгі салдырмады.
Бірде ауылдың іргесіндегі көк тақырда ерттеулі көк айғыр байлаулы тұр екен. Үйірі екі қопаның ортасындағы түбекте жайылып жүр. Қолы бос адамның бәрі осында жиналған. Жігіттер жағы айғырды айнала қоршап, қалай да мінбекке бекінді. Көк айғыр бірін де маңайлатқан жоқ.
Осы сәтте Қырғыбөгет жағынан салт атты қарайды. Жазық көкжиекпен жылжыған сол қарайған сүт пісірім уақытта ауыл іргесіне таяды. Қабдолла қорықшы екен.
Мән-жайға қаныққа қария бурылынан түсіп, айғырға жақындады. Көк айғыр бір сәт тіксініп, құлағын қайшылады. Жер тарпып, алға адымдап барып кілт тоқтады. Қабдолла сол қолымен жалынан ұстаған қалпы, аяғын үзеңгіге салар-салмас көк айғырға ширақ қарғып мінді. Бұған дейің ауыл жігіттерін жанына жолатпаған асау бұл жолы қарсыласқан жоқ. Қарт тебініп қалғанда-ақ жорта жөнелді.
Кең даланы дүбір кернеді. Тынысы еркін, екпіні ерен. Көк айғырдың тұяғы жазықтың төсін жаңғыртып бара жатты. Қорықшы бара-бара көкжиекке сіңіп, қара ноқаттай бұлдырап, ақыры шаңға жұтылып, көзден ғайып болды.
– Жарықтық иесін күтіп жүрген екен ғой, – деді әлгінде ғана жануарды тізгіндеуге жарамаған Мешітбай күзетші күңк етіп.
– Асауды күшпен емес, жүрекпен жеңуге болады, – деп мұрнының астынан мысқыл тастады Сарқытбай саңырау.
Бие сауым уақыт өткенде, «Қос сары төбе» жақтан шаң көрінді. Алғашында бұлдыр тартқан бейне жақындаған сайын айқындалып, қорықшы шал екені оңай байқалды. Айғырдың шабысы бұл жолы тіптен ерекше. Алдыңғы аяқтарын ширақ сермеп, артқы аяқтары серіппедей серпіліп, бірде көтеріліп, бірде жерге жұмсақ тиіп, құйғытып келеді...
Көк айғырдың үйірін іздеген ешкім болған жоқ. Бірте-бірте ауылға үйірсек боп алды. Адамнан үрікпейтін болған. Алыстан кісінеп қойып, ауыл шетіндегі төбеде жусап жатады.
Қыс өтіп, көктем келді. Даланың тынысы кеңіп, айнала тіршілікке тола бастады. Сол бір мамыражай шақта Үлпілдек құлындады. Жұрт құлынның түсі қара көк екен десті. Ақбет Олжабай «Көк айғырдан тұқым алдық» деп мәз болды. Көп ұзамай Үлпілдекті үйірден бөліп алды.
Жан баласына жалынан ұстатпайтын жануар Қабекеңе келгенде момақан. Жуасып сала береді. Қорықшы шал қашанғы әдетінше, көңілі қалаған күні көк айғырды ерттеп қыр асып кетуін тоқтатқан жоқ. Содан түс ауа бір-ақ оралады. Қайда барады? Оны ешкім біліп жатқан жоқ.
Шіліңгір шілденің сиыр сәске туған бір күнінде көк айғырды тізгіндеген Қабекең ауылдан ұзай берді. Үйір де иесімен құйрық тістесе қозғалды. Желдей есіп, қырға шыққанда, артында қалың шаң тұрып қалды. Сол кеткеннен оралмады. Ертесіне ауыл жігіттері із кесіп көрмек болып еді. Бірақ көк айғырдың тұяғы түскен белгі де қалмапты.
Содан бері бірталай жыл өтті. Жұрт Қабдолла шолақты да, көк айғырдың үйірін де ұмытқан. Жалғыз жарым мал баққан адамдар алыстан әлдебір кісінің ат үстіндегі сұлбасын көріпті деседі.