Отаршылдыққа қарсы ұлт рухын оятқан тарихи шығарма – “Тар кезең” романына қысқаша мазмұн

Фото: Madeniet Portaly

ӘДЕБИЕТ
506

MadeniPortal.kz Қажығали Мұханбетқалиұлының Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық күрес жайлы жазған тарихи туындысы «Тар кезең» романына қысқаша мазмұн ұсынады.

Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романы – XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында қазақ халқының отаршыл саясатқа қарсы күресін арқау еткен тарихи туынды. Шығармада ел бірлігін ту етіп, ұлт тағдыры үшін күрескен Сырым Датұлының қайраткерлік келбеті кең көлемде бейнеленеді.

Романда қазақ халқының Еділ мен Жайық арасындағы шұрайлы жайылымдарынан айырылуы салдарынан туындаған наразылық пен Сырым батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалыс көркем тілмен сипатталады. Жазушы бұл тақырыпты жиырма жыл бойы зерттеп, тарихи деректерге сүйене отырып, 2012 жылы роман ретінде жарыққа шығарған. Шығарма өз бағасын алып, 2014 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Автор романның эпиграфы ретінде Қадыр Мырза Әлидің:

“Бұл жерде ел ұрандасқан, айқайласқан,
Бұл жерге жау аяғын байқай басқан!”

деген жолдарын алуы арқылы шығарманың елдік пен ерлікке, отарлық езгіге қарсы тұру рухына негізделгенін аңғартады.

Сырым Датұлы – патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы алғашқылардың бірі болып, қарулы көтерілісті бастап, халқының азаттығы жолында күрескен тарихи тұлға. Ол өзінің хаттарында отарлық бұғауды үзудің қажеттілігін ашық көрсетеді. Оның саяси көрегендігі, шешендігі мен батырлығы роман барысында нақты тарихи деректермен көркем үндестірілген.

Романда Сырым мен Орынбор губернаторы Игельстром арасындағы саяси тартыстар кеңінен суреттеліп, Сырымның көсемдік болмысы, ұлттық мүдде жолындағы күресі жан-жақты ашылады. Автор тарихи деректермен қоса шешендік сөздер мен халық жырларын тиімді пайдаланып, туындының көркемдік қуатын арттыра түскен.

«Тар кезең» романы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесі», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» сияқты тарихи романдармен үндес. Ондағы кейіпкер бейнесі мен оқиғалар әлем әдебиетіндегі Уильям Уоллес, Жанна д’Арк, Робин Гуд сынды халық қаһармандарымен де салыстыруға келеді.

Қорыта айтқанда, «Тар кезең» – қазақ халқының отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күресін шынайы суреттеген, тарихи шындық пен көркемдік шеберлік үйлескен, қазақ әдебиеті қорына қосылған аса құнды шығарма.

author

Қажығали Мұханбетқалиұлы

ЖАЗУШЫ