Ескерткіш тақта ол төрт жыл қызмет атқарған қалалық жедел жәрдем станциясының ғимаратына ілінді, деп...
"Бүркіт" арнайы жасағы тарихында алғаш рет қыз жауынгер қызметке кірісті
Фото: Ұлттық ұлан
Ұлттық ұланның "Бүркіт" арнайы жасағы тарихында алғаш рет қыз жауынгер қызметке кірісті. "Китана" бүркеншік есімімен танылған Қымбат халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, енді беделді арнайы жасақтың жауынгері атанды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қымбаттың "Бүркіт" жасағына келуі Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысымен байланысты. Ол бұл додада Қазақстан атынан өнер көрсеткен "Томирис" қыздар командасы құрамында бақ сынады. Әйелдер арасындағы санатта қазақстандық команда қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленді. Ал жалпы командалық есепте 18-орынға тұрақтап, бірқатар ерлер құрамаларынан жоғары нәтиже көрсетті.
Жарыс барысында мергендігімен көзге түскен Китанаға "Бүркіт" арнайы жасағы ұсыныс тастаған. Ол көп ойланбастан келісім беріп, бөлімше тарихындағы алғашқы қыз әскери қызметші атанды.
Қымбаттың спорттағы жетістіктері де аз емес. Ол - қоян-қолтық ұрыстан алты дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс және екі мәрте қола жүлдегері, әлем кубогы, Еуропа, Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері.
Джиу-джитсудан үш дүркін әлем, Азия чемпионы және екі дүркін Еуропа чемпионы атанған. ММА бойынша Қазақстан және Азия чемпионы, жауынгерлік самбодан ел чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Бұдан бөлек, Дүниежүзілік полиция ойындарында дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль жеңіп алған. Қоян-қолтық ұрыс, джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо мен ММА-дан спорт шебері.
Қазір Қымбаттың алға қойған басты мақсаты - күрең берет сынағынан сүрінбей өту. Бұл сынақ жауынгердің дене дайындығын, төзімділігін талап етеді. Мақсатына жетсе, ол Ұлттық ұлан тарихында күрең беретке қол жеткізген алғашқы қыз жауынгер атанбақ.