Танымал әнші Айгүл Иманбаева өзінің тұрмыс құрғанына 1 жыл толғанын айтып желідегі парақшасына видео...
«Балаларды әкесінен не анасынан айырасыз»: Нәзира Байырбекова ажырасқаннан кейін үндеу жасады
коллаж
Танымал әнші Жазира Байырбекованың сіңлісі, бес баланың анасы Нәзира Байырбекова күйеуімен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Ол сот шешімінен кейін әлеуметтік желіде видео жариялап, отбасын бұзуға себеп болатын адамдарға үндеу жасады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Нәзира Байырбекованың айтуынша, оның өтініші бойынша өткен сот процесі аяқталып, некені бұзу туралы талабы қанағаттандырылған. Ол енді өмірінің жаңа кезеңін бастайтынын жеткізді.
«Қазір ғана менің өтінішім бойынша сот процесі аяқталды. Өтінішім қанағаттандырылды. Енді мен Қазақстандағы басы бос, бойдақ әйелдердің қатарындамын», – деді ол.
Бес баланың анасы ажырасқанын жариялаумен шектелмей, некедегі адамдармен қарым-қатынас құру мәселесін көтерді. Оның сөзінше, өзгенің отбасына араласу тек ерлі-зайыптыларға ғана емес, балалардың өміріне де ауыр әсер етуі мүмкін.
«Менің ұғымымда некедегі адаммен кездесіп, оның шаңырағының бұзылуына себеп болу – ұрлықпен тең. Өйткені сіз некедегі адаммен кездескен кезде, сол отбасындағы әйелдің немесе ер азаматтың бақытына, балалардың қауіпсіздігіне, несібесіне, тыныштығына, алаңсыз балалық шағына қол сұғасыз», – деді Нәзира Байырбекова.
Ол әсіресе отбасыдағы жанжал мен ажырасудың балаларға тигізетін салдарына тоқталды. Нәзираның пікірінше, шаңырақтың шайқалуы баланың қалыпты өміріне, ата-анасымен қарым-қатынасына және жан тыныштығына әсер етеді.
«Сіз сол некедегі екінші адамды ғана жылатып, оның жан тыныштығын алып кетпейсіз. Ол шаңырақта балалар болса, балалардың бақытынан айырасыз. Балаларды әкесінен не анасынан айырасыз. Балалардың қауіпсіздігінен айырасыз», – деді ол.
Сөз соңында Нәзира Байырбекова бойдақ және ажырасқан ерлер мен әйелдерді некедегі адамдармен қарым-қатынас орнатудан аулақ болуға шақырды.
«Біреудің отбасындағы бақытқа қол сұғатын ұры болмауға шақырамын», – деп түйіндеді ол.