Қазір тағы бір әуезе пайда болды. Олжас қазақтың ақыны ма, ақыны емес пе деген? Тіпті, Олжасты ақын...
«Өтелмеген парыз» - Әке қасыреті
Фото: Автордан
«Жарығым» деп өсірген жалғызының суық қабірін құшақтаған Қожабек қарияның зарымен аяқталатын жазушы Төлен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» шығармасы, соның желісімен түсірілген «Өтелмеген парыз» фильмі де көпке танымал. Дәл алғаш жазылған, жарық көрген кезіндегідей мәнін жоғалтпаған, мағыналы. Керісінше заман өткен сайын қоғамның келеңсіздіктерін көрсету мен адами құндылықтың маңызын ашып көрсеткендей.
Бүгінде бұл туындыға режиссерлер концовка жасап, театрлардан қойылым ретінде көпшілікке ұсынуда. Жуырда, екі ұлттың өнерінің шамын жағып жүрген талантты режиссер, әрі актер Баатыртек Шамбетовтің режессерлігімен Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы «Өтелмеген парыз» қойылымының премьерасын өткізді. Режиссер талабы мен актерлардың таланты ұштасқан қойылымды көрермен жылы қабылдады, қошеметі де басым болды. Әдеттегідей өнерпаздарға қолдау, құрмет көрсетілді. Бұл қырғыз режиссерінің еліміздегі екінші театрда аталмыш спектакльді сахналауы еді. Оқиға желісін бұзбай, бір-біріне сабақтастықта өрбітіп отырады. Қойылымның мазмұны, бас кейіпкер Қожабек (рөлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қ.Мырзаболатов) қарттың ауыл-аймаққа аты мәлім Болат (рөлде Н.Тілеулес) атты жалғыз ұлының енді үйленгелі жүрген шағында аурудан қайтыс болған қайғылы қазасымен басталады. Сахнада жас қабір, айналада топырақ салған, әбігерленген адамдар, дауыс шығарған әйелдер. Жарығы сөніп, қайраты қайтқан қам көңіл Қожабек қария оңашада сүлк түсіп отыр. Әредік, Ауданбек (рөлде Мәдениет саласының үздігі М.Хамзин) сияқтылардың жай әңгімелері мен Есеней (рөлде Мәдениет қайраткері Т.Көңбай) қарттың басу айтқан сөздері айтылғаны болмаса, көбіне жұрт үнсіз, қайғылы кейіпте. Қаза үстіндегі көрініс осылай ашылған.
Әрі қарай, оқиға марқұм Болаттың қаладан келіп қазаның артын күтісіп жатқан досы Жарасбай (рөлде Н.Мақсатұлы) арқылы өрбиді. Әңгіме арасында қаралы қарттың көңілін аулаған Жарасбай, Болаттың достары ортасында беделді, қыз-қырқынның арманы болғанын айта келе, қалада одан бала қалғанын хабарлайды. Аз-кем қуаныш сыйлаған бұл сәтті қоңырау үнімен жеткізіп отырады. Үзілгенін жалғар немересінің тәтті үні іспеттес. Өшкен үміті жанған, өлгені тірілгендей күй кешкен Қожабек кемпірімен (рөлде Мәдениет қайраткері Ж.Құсайынова) дауласа, ақылдаса, артты аманаттап қаладағы Тышқанбайдың (рөлде Ә.Мұрат) үйіне бір-ақ тартады. Жарасбай берген мекен-жай мен хат арқылы Болаттың қаладағы досы Асылбекті (рөлде Асланбек Шайсұлтанов) тауып, соның көмегімен немересін іздеуге кіріседі. Алайда, әр күн сайын бір келеңсіздікке тап болып, қайғы үстіне қайғы жамайды. Иә, қалада білім алып, жұмысқа қабылеттілігі, іскерлігімен де өз ортасының алды болған Болаттың мойнында бірнеше қыздың ары мен кінәсіз сәбилердің парызы қалған еді. Қожабек қария мұндай сұмдықты күтті ме? Баласының досы алғашқы күні ресторанда даяшылық істейтін Валя (рөлде Ә.Шайсұлтанова) атты орыс қызбен кезіктіреді. Одан мандымды жауап ала алмайды. Еңсесі түскен қарияны екінші күні Асылбек Сәуле (рөлде М.Сүлейменова) есімді қызға ертіп келеді. Өлімнің орнын толтырамын деп келген қарт, бұл арадан екінші өлімді естіп, тіптен ішкі дертін үдетеді. Жағдайды түсіндірген Асылбекке, Сәуле:
– Мен бәрінде түсініп тұрмын, Асылбек... Өткен күндер өтті ғой... Бәрі де ұмытылған... Менің Болатқа деген өкпем де жоқ. Бірақ... мен баланы сақтап қала алмадым. Жастан асқанда қайтыс болды... Өсіргім келіп еді, қолымнан келмеді. Жападан-жалғыз, не жұмысқа тұрарымды, не балаға қарарымды білмей, көп азап шектім. Дені дұрыс пәтер де табылмады. Балаға да, өзіме де суық тиді... Сүйтіп..., - деп сөзін аяқтайды. Екінші күннен сағы сынып оралған қарт, үміті үзілгендей, енді ауылға, ағайынның ортасына қайтуды абырой көреді. Осы тұста Асылбек соңғы бағын сынап көру үшін, үшінші қызға ертіп келеді. Бұл жердегі көрініс, әрекеттер шалға одан әрмен сөлекет, анайы көрінеді. Өйткені, ол Гүлсім (рөлде Ү.Ахмет) билеп, көңіл көтеріп жүрген түнгі клуб еді. Дәл солай, үшінші үміттті Қожекең бардан тапты. Көкірегі ашық, саны жалтыраған ашық-шашық киінген қыздар, олардың беліне жабысып, тамағынан аймалаған жігіттер. Бұл реттегі көріністерді тым ашық көрсеткендей болды. Сахна мәдениеті, көрермендердің жас ерекшеліктері, жақындығын ескерер болсақ, бірге отырып көруге ыңғайсыз әрекеттер көп орын алды. Мысалға, Валямен кездесуде орын алған үстел үстіндегі қыз-жігіттің тартысы. Үстелге қойылым басынан дастарқан жайылып, ас қойылып келген еді. Кейінгі, жынды суға тойған клуб қызының кескінін көрсеткен Гүлсімнің етегі түрілгенше еденде аунауы, үстелге аяқ шығаруы артық әрекеттей сезілді. Шығармадағы оқиға желісі бұлай суреттелмегенін де ескерген жөн.
Сонымен, Асылбек клубтың у-шуымен Гүлсімнің мастығымен жағаласып, дауласып, айқайласып жүріп, мән-жайды түсіндіргендей болады. Кезекті, Гүлсімнің жауабын тыңдайық:
– Сендерің көкейлеріңді тесіп бара жатқан өз қамдарың... Шаңырақ керек, бала керек сендерге... Ал мен сендерге... Ал мен сендерге адам емеспін бе?.. Неткен қатыгезсіңдер! Мейлі, данышпан-ақ болыңдар, неге менің өмірім сендерің өмірлеріңнен кем болуға тиісті. Неге сендердің қайғыларыңды бүкіл ел болып. бөлісуге тиісті, мен неге жалғыз көтеремін? Неге? Сен,- деді Асылбекті көзін шұқып алардай саусағымен нұсқап, — мына кісіге көмек керек болғанда жаныңды саласың, ал маған керек кезінде неге қол ұшыңды бермедің? Неге осылай шабылмадың? Болат менің өмірімді улады. Бірақ сендер оның сол қылмысын серілік деп ат қойып мақтаныш қыласыңдар. Не деген қатыгезсіңдер?
Қожабек қарттың соңғы үміті осындай жан айқаймен аяқталды. Немересінің үніндей сыңғырлаған қоңырау үні де біржола тынды. Көрерменге де әсер қалдырып, кейбір нәзік жандылар көздеріндегі жасқа ерік беріп жатты. Білсеңіздер, шығармада Гүлсімнің аса сұлу болғаны айтылады: Қожекең басын көтеріп, оның осыншалық сұлу жүзін көргенде тағы таң қалды. «Жасаған, адам баласын мінсіз ғып тудыра береді екен-ау... Неге бір-ақ осынша қара жүрек болды екен?», - дейді. Ал, қыз «мен өлгем, мынау басқа адам» деп айқайлайды. Осы сияқты зарлы үндерді басынан естіген Қожабек қария барған сайын тұнжырай, шөге түседі. Өзі тірі жанға зәбірін тигізбей, қарапайым шаруа болып күнелткенде, жансыз жалғызының естіргені, көрсеткені осылар. Музыкалық қойылыммен берілген көріністе, үш қызда Болатқа деген өкпе, ренішін Қожабек қарттан алғандай тап-тап береді. Ұлының ісі үшін жазықты, көнген адамдай бүрісіп, бүктісіп күй кешкен шалдың қасыретті жүзі, адамның аяшын сезімін оятады.
Сөз басында айтқанымыздай, қойылым соңында Қожабек қабір жанындағы Болаттың денесін (құлпытас ретінде) құшақтап, ішкі зарын ақтарады. «Жарығым-ау,- деді даусы тарғылданып. — Жатырмысың, жарық дүниеге келгенде көрген жалғымыз-ау. Таянышым-ау!..»
Қожекеңнің көңіліне жиналған әлдебір реніш запырандай жүрегін қыжылдатып, соның бәрін ақтарып, әлдекімге шағынғысы келді. Есіне қайтыс болған белгісіз немересі мен сол немересінің анасы жарым көңіл Сәуле түскенде ащы уайым өзегін өртеді. (актер баяндауда)
— Бұ не қылғаның, жарығым-ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме жарығым-ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жарығым-ау. Соны неге түсінбедің. Қалайша түсінбедің, құлыным-ау! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін..., - деп Қожекең, көріскен адамдай құлпытасты құшақтап алды. Етегінің шаңын қағып орнынан тұрып, ойымен: «Бұл дүниеде ешкім ештеңені өзімен бірге алып кетпейді екен-ау. Жаманшылық істесең де, жақсылық істесең де бәрі осы дүниеде қалады. Біреулер соның не азабын, не рахатын көреді». «Әр істің өтеуі, судың да сұрауы бар» деген де осыған саяды. Арсыз тіршілік!
Қорыта айтқанда, туындының түйіні – әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, әркез маңызды болатын ұрпақ тәрбиесі мен адами құндылықты дәріптейді. Баланың өзіне және ата-ана алдындағы жауапкершілігі болмаса, оның парызын келесі бір адам өтейді. Қазақ атам: «қызың жақсы болса бір бақыт, ұлың жақсы болса мың бақыт», - демей ме? Бар үмітін ұрпақтан күтетін қазақты бұл шығарма ойландырмай қоймайды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
Әдебиет және өнер музейінің
ғылым қызметкері.