ПАРАдигма (қайырлы эссе)

Фотосурет AI арқылы өңделді

ӘДЕБИЕТ
185

Кеше бір жақын ақын інім хабарласады... "...Ағасы, осы Бессала, Қараөткелден қашан өтіп кетесіз!?" деп!? 

"Түсіндім" деймін ғой баяғы Бекен Қайрат баһадүр достың жекен лепесімен. Алайда өзім көбінесе мұндай суыт қойылған сауалға жауап беруге сонша асықпайтын "өліара да өскен өнім" едім. Ақыры не керек!?

Түнде пафосты (pathos) жазып қойғанымызды таң ата білдік...

***

Шегіртайдың өзені - "Үлкен судың" бір шеті шилі, екінші шебі ақ шаңқан сағалаң жайқантұғын. Ақ Жайықтан да жалпақ, Ертістен де енді ертедегі Тирастан арынды секілді сезілетін еді жарықтық шамамен... 

Жар қабақтан қаймақ жалатып, жағалаудағы қыздарға жасырын қарап, жадағай сағажайда сары күнге күйген құлан түсті құбақан ұлдармен ат жарыстырып ойнаған майсаңды пейіш жасаңды сая. 

Керуен көштің алп-алп басқан атандары жалпақ табанымен жаһанды тарпып-тарпып жүзіп өтетін сағымды салқары кең даланың ұл, қыздары едік біз сол кезде.

Қара жон, ала қанатты күміс бауырлы балықтары қалың еді сәтөркілі имек қармаққа. Сыпыра ғайып, сыбаң шүңетте сыпырмайым салт аттылар сықылды сылаңданып саппен жүзіп өретін-ді иірімдегі көк қанатты ақ бауыр балықтар. 

Шабақ қуып, жылан құрт қазып, кагор ойнап өскен өлке, киелі қара мекен. 

Керзі етіктің қонышын кері қайырып, көбенте күртеше киіп, көзір ойнап, малақайға маңдайша салып, жайма газеттің жиегін жыртып дөңсе орап, шылым ширатып, ағалар құсап адамша шалқақтап өз басымызды өзіміз билей білмей өсіп жатқан өліарада біз бейбақ жүргенбіз.

Қайран Көксерке бәріне куә! Таңертеңгі Күннің күлгін шуағы зау биіктен көрінетін сүйікті ұйық. Тал түсте сағымға аунаған тарғыл тарлан аттардай адуын тасты адырлар мен түйе өркешті орқаш төбелер... 

Шағала шарқатты, самал барақат тұғыралы иығына шаңқан бұлт ілген сүгіретті сүлдерлі шыңдар... Кешкі іңірдің керемет ажарын Айдың шапағымен бүркеген алып Алтайдың жүлгесі - Тәңірдің өзі жасап берген аңыртас үнсіз кітабымыз еді. 

Сол жерде құдайдың құмдағында құжынаған құмырысқа жазудың сөңін, өрмекшінің өрнегін оқитын түгел бір буын өскіндері өмір сүріппіз!?

Дос-жаран, жолдас-шора болуды жақсы көруші едік тең жасты, даң құрдастармен. Жақсы дос болу - жан арман болған хаһ кез әрине.  

Бұл күнгі Әбдіхамит Орнықбайдың әніндегідей:

"Жабығып қалғаныңда... көңілге нұр беретін, не көрсе бір көретін, бір досың керек екен..." дегеніндей жастық жалынмен желпініп жүргенде: Осынау 70 - жылдардың соңында андағайлаған ХХ ғ. француздардың атақты жазушысы Ги де Мопассаның (1850-1893) әйгілі "Bel-Ami" "Милый друг" (1885) кітабы моңғол тіліне білге Гүрбазарын Амардың тәржімасымен әреңдеп, әзер тауып, тереңдеп оқып танысқан болдық. Моңғолша нұсқасы - "Хонгор найз" қазақшасы - "Ардақты анда" болуы керек... Өте қызық туынды.

Шерікте бірге болған андасы Шарль Форестье деген қайырымды азамат ірі кенттің үлкен көшелерінде тентіреп, қаңғып бос жүрген Жорж Дюруа есімді ескі досын "Француз өмірі" дейтін беделді газетке қызметке алуымен оқиға өрбиді. 

Өкінішке орай күн өте келе Жорж Дюруа есімді кейіпкерінің шын кейіпі білінеді. Сенімсіз суайт, атаққұмар, есалаң тиіп-қашты жалқау, сатқын, жағымпаз, екіжүзді, табансыз екен... Ол, сөйте тұра әшкере жөнсіз жүріс алған ішкіш жезөкше нәпсіқұмарлығы да бар әйтеуір қызықты образ... Оқыдық...

Алтын дәуірдің ағартушы шамшырағы Ыбырай Алтынсариннің "Жаман жолдас-ы" секілді ғибраттарымен ой санасы жаңадан жетіле бастаған жастар тағы да бақытқа кенелген-ді...

Осы туынды бізге өмірлік "ұстаз" өшпес із, ғибратнама болып есте қалды.

Ги де Мопассан өзі де өмірінде 11 жыл ғана әдебиет әлемін дүр сілкіндірген дөрекі талант. Бүткілі 6 роман 300 астам туындылар берген аңыз жазушы дүр. Жасында орта мектебінен қуылған, сотқарлығымен сотталған, өрескел ширақ әрі доңсойыл джентельмен. Бір кезекте күшті шығармалары мейлінше бағаланып жақсы қаржы тауып атақты ауқатты да болған. Соңында дерт тиіп, тән азабын кешіп, ми ісігінен өлген бірегей тума жыны бар, трагик талант.

Өстіп ауыр түсіп, маңып жүргенде: Чехияның әлемге таныс сықақшы-фелетонист драматургі әрі атақты анархисі Ярослав Гашектің (1883-1923) жазған - "Бравый солдат Швейк" дейтін орысша кинофильмді көрдік. Сұмындағы жалғыз қуықтай ғана тар көлептің көрпемен көлеңкелеп қойған есік, терезесінен ентелей еніп ескі нар тақтайға таласып отырып жапа-тармағай тамашалайтынбыз.

"Ер жүрек шерік Ішпек" деп өзімізге бейімдеп тәржімдеп осынау қызықты сомдалған образ экранды әлемде аңыз алаңғасардың оспадар қылықтарына еліктеп керемет көңілденер едік әредік.

Осы Үлкен судың жағасыдағы өтіп жатқан өлшеулі кешеуіл тұстағы нешеме жастар бізге беймәлім бір күш сонау алысқа сүйрейтін. 

XIX ғасырдың бей ірі шуағын һәм әлемнің өрен әдебиетін американ, ағылшын,француздардың ұлы саналыларына қарай әкететіндей әдемі кезең еді. 

Әуелі Александр Дюманың (1802-1870) "Үш ноян", "Патша қатын Марго" секілді ғаламдық лағыл ғажап табиғи туындылардың көбі өз төл үнімен жетті санамызға.

Классикалық әдебиеттер бірден білік түйіндері түбірімен көкірекке қонып таза қазақша сөйлей жөнелген-ді. Оның қызығын осы құтты мекен киелі жерде еркін тұтына бастадық. Тағылымды туындыларды қатты аңсаушылық солай тағы да жалғаса түсті.

Іле-шала Марк Твен (Mark Twain 1835-1910) деген аса ірі жазушының "Гекльберри Финнің басынан кешкендері" және "Том Сойердің басынан кешкендері" сықылды бір түп ілкінді туындылары келді.

Мүмкін ең тұңғыш рет сәтті де мәйекті туынды шебер тәржіма арқылы (шамамен 1965-1967 жылғы нұсқамасымен) емін-еркін жарияланды. 

Алыс шалғайда, елден жырақ, жақыннан шеткері жүрген жастарға бұл құндылықтар біртүрлі жылы да жуық сезілген-ді.

Енді содан кейінде баяғы Жек Лондонның (1876-1916) "Ақ азу" туындысы бұйырды. Ұмытпасам Ұлы Мұхтар Әуезовтің "Көксерек"(1974) әңгімесі желісімен түсірілген киносымен бірдей уақытта аталмыш туынды алыс ауылдың кірсіз оқырмандарына тең ұсынылса керек. 

"Иттің иесі болса да бөрінің тәңірі бар" дейтін: жаратушы тәңірдің сыйы да осы шығар сірә...

Бөрі туралы әпсаналық аңыз әңгімелер өте көп бұл жіміле әлемде һәм біздің елде де аз емес. 

Білуге құмар, ілімге құныққан осы бірегей қызықты әлеттегі өте нәзік өспірімдер қуанып қалған. Олар өздері өздерін өсірді, өз ізденістері өздерін алға сүйреді.

Моңғолия мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері Ч.Лодойдамбаның "Бөрікті бөрі" әңгімесімен қоса Жек Лондонды барынша құнығып, шөліркеп, сонырқалап оқитынбыз. 

Жақсы туынды жасөспірім оқырманға өте әсерлі һәм тамаша комикс сықылды сезілген. 

Өз кезеңіндегі әндігер аңкөс Көбікейұлы Әскер есімді бөріқуар құралайды көздеген мерген азамат қасқыр туралы әңгімелердің не біртүрлі тиегін ағытып, аңырата айтып беретін легенда болды. Ол кісінің өзі ауылдағы атақты айтқыш комиксші еді.

Алтын аралдағылар соц идеология шеңбері ішінде өзінше бейжай тыныш өмір сүріп жатқанда бұйырықша ағылшын жазушысы Томас Майн Рид-тің (1818-1883) "Бассыз салт атты" ("Всадник без головы", "Морь унасан толгойгүй хүн") романы кинофильммен қоса келіп ерекше, еліктіріп қызықтырған. 

Бірақ, біздің тәуір де саналы достарымыздың көбі осы романның бейтаныс кейіпкерлерін онша қызықтамады.

Туындыдағы жылқышы Морис Жеральд мен оның көңілдесі Луизаның көркем бейнесі көрім еді. 

Алайда шығармадағы өрілген олардың өмірінен гөрі - Өр Алтайдан өрбіген жәуһер ғазалнама - "Қасен-Жәмила" жырындағы таза сүйіспеншілік хикаятын: оған негізделген аянышты тағдырды көркемдеп көрсеткен кинофильмді (1954) өте тәуір көретін. Алыстағы бізге ағылшын әлеміндегі Морис пен Луиза, Өр Алтайдағы Қасен мен Жәмила осылай өз ара жұғысқан-ды.

Аз да болса саналы ағалардың тағы да аңыздай дәмдеп айтатыны да Бессаланың көк тауларын сағалап, Көк аспанын жамылып жүретін аңыз жылқышы Көкішұлы Тоқтаубайға арналған Тойланның (Тойлыбай Құрмандолда) ақынның "Жылқышыға жыр" толғауы да мүлдемге артық саналатын-ды...

Фёдор Михайлович Достоевскийдің (1821-1881) "Қылмыс пен жаза" т.с. тәһлеттес ғаламдық керемет құндылықтары осы Үлкен судың жағасындағы аралда, алтын жиекті ұялы сұғымның уысындағы - жаман тамдардың арасына келіп жеткен-ді. 

Қырдағы өскен қыранкөз жастардың тап-таза балауыз шырақтай жанарына жұққан жұзақы лағылдай бозаң шуағы осылай оянған.

Жадтың дестелері, жаңадан бүр жарған жас буынның ойлары әйтеуір бір әдемі жарықты көксейтін кез ғой 

Болашаққа ұмтылған ұраны көп жадқа көркем лирикалық құндылықтар балапандай бастаған шақ еді. 

Ғаламдық әдебиеттен біздің бесенемізге бұйырған жәуһерлерінің бірсыпырасы расында осы алтын аралдан-ақ санамызға жұқты. 

Май шамның жалқын жарығы Айдың шуағымен айпара ашылған кітаптің парағына жәудіреп жауғанда: біздің түгел бір буын бұрынғы бұйығы ұйқысынан оянып, шұғыл ширап жаңа да шытырман тылсымға еніп кеткендей күйде болған.

Осы тұста Моңғолияның руханиятының ұлы ғұламасы Д.Нацагдоржның аудармасы арқылы (1925(35) американың кемеңгер ақыны, осы елдің есе оқшау таланты астрологі, тауыриһатшы, әдебиетші, сыншы, сынықшы (емші оташы), химик, биологі Эдгар Аллан По-ның (1809-1849) "Алтын қоңызы" қолымызға түскен.

Егер сол кезде біздің тағдыр сәл басқаша классикалық капиталистлеу қоғамда болғанда Эдгар Аллан По-ның алтын қаламынан туған өңшең де күрделі түнерген тұлан түрткен сүреңкей әңгімелерінің ішінде еркін жүзіп жүрер ме едік!? 

Мүмкін осынау "Алтын қоңыз" шарапаты арқылы санаға әбден сіңісе бастаған қасаң соцреализмнің кінараттарын да қуалап тазалай басатаған шағымыз ба!? Кім білген!?

Бүгін сол бір тұманды да тұтамдай ғана қысқа уақыттың тынысы түбегейлі өзерді. Өтпелі тұстағы сылдырлаған бұлақ сықылды бірегей заманның сылдыр сауық толық бір буыны - түп-түгел жоғалып тынды да тағдыр таланымен жел қуған қаңбақ құсап жан-жаққа шашырап тарады... Енді өзімізге келдік пе әлде!? Адаспаған шығармыз!?

Әйтеуір бір өкініш пен күдік пе қалай?! Алтын аралда баяғыдан арамшөптер түк те болмаған-ды!? Тәңір жар болсын!

Қалай дегенмен де осынау жетпісінші жылдардан кейін зиялы отбасынан шыққан зиыны күшті, зердесі берік жазушы Чойжилын Чимидтің аудармасымен Уильям Шекспирдің "Гамлет", Александр Пушкиннің "Евгений Онегин", Лев Толстойдың "Соғыс және бейбітшілік" (Дайн ба энх") туындыларымен танысудың да сәттері басталған. 

Дәл осы тұста болу керек Базарын Пүрэвбаатар деген француз тілінің маманы қиыннан қиыстырып әйгілі Виктор Гюгоның (1802-1885) "L' Homme qui rit" романын "Инээмтгий хүн" деп аударды. 

Романның ағылшыншасы "The Man Who Laughs" (1869). Готикалық стиль, Гюго-лық аламан үлгіге тән ұзақ ділмарлы роман көп оқылды. Саяси өмірдің кейбір тұстарын өте нәзік әдіптеп, кейбір тұстарын өлеңге ұқсатып көркемдеген көл-көсір туынды. Көп жасап көп жазған Гюге артында 79 том еңбек қалдырған бағзы дағы баһадүр генералдың ұрпағы... 

Ол түгілі Николай Гоголь Васильевичтің (1809-1852) "Ревизоры", моңғолшасы - "Байцаагч түшмэл" (1956). Бұл атаумен әйгілі жазушы әйел Эрдэнэбатхаан Оюунның шебер аудармасымен оқырманға бірден түрен көтерді де тіпті сол жылы Ховда аймағының театр сахнасында қойылған. 

Сол 1960-жылдарда орыс жазушысының жанкүйері әдебиетті жақсы көретін бір жас азамат өзінің тұңғыш баласының есімін "Гоголь" деп те азан шақыртты!?

Бәрін айт та бірін айт: Гогольдің "Галзуугийн өдрийн тэмдэглэл" (Жындының жазбалары) және "Мұрын" ("Хамар") фантастикалық әңгімесі қолымызға осы кезеңде түскен...

Айтса да орыстың даңқты реалист жазарманы Иван Сергеевич Тургенев (1818-1883) ХІХ ғасырда туған ұлы жазушы. Оның үзік-үзік туындылары ара-тұра қолға түсетіні бар-ды. Тегі жағынан мықты дворян. Крепостнойларды келеке қылған қылығы үшін қылмысты болып, теріс ілгек, тұзақты құрыққа іліккен. Атақты жазушы досы Гоголь қайтыс болғанда жазған қазанамасы үшін 34 жасында қараңғы үйге де қамалған. 

Ең қызықты да әлденеше қайшылықты әңгімелер жиынтығынан тұратын жұмыр туындысы "Аңшының жазбалары" (1847) моңғолша "Анчны тэмдэглэл" Дагвын Цахилгаан ағаның ұқыптылығы арқасында өте шебер аударылды.

Оның "Алғашқы махаббаты "(1860) (Анхны хайр) Он алты жасар боз бала мен 21 жасар кәмелеттік қыздың қызықты ғұмырлары аңыз болған. "Түтін" ("Дым" 1860) соңына қарай моңғолша "Ута" деп аударылды.

Бізді ерекше толқытқаны да еліктеткені абыздың "Көктемгі су" (1870), сырқаттанып жүргенде жазып бітірген көркемдігі керемет "Ася" (1857) шығармасы болатұғын. 

Ал, Ұлы жазушының қиналып жүріп жазған "Тектінің ұясы" ("Дворянское гнездо" 1858) тіпті сүлей теңдессіз!

Өткен 70-80-нің арасындағы алтын аралдағы бұлаңгерлеріміз күшті де саналы еді. 

Олар "нөмірі алтыншы палатаның" жалбыр шашты алтын кернейлі әнші, ақын, сүгіретші, сазгер Виктор Цойдың жанкүйер кумирлері атанған. Осынау шақтағы хас таланттар Виктор Цой секілді сезілетін еді. Жаңа музыка рок әлемі оларды да күрт өсірген.  

Солардың басы қасында жүретін Құзайырұлы Келгенбайлар тым ерте көк орай шағында жас кетті.

Атақты барлаушы Рихард Зорге туралы аңыздарды оқып: оған лайық деген оқшас жандарды өз арамыздан іздейтін едік. Сол өтпелі кезде Польшаның "Ставка больше, чем жизнь" ("Аминаас чухал үйлс" "Жаныңнан да маңызды іс") көп сериалды киноуі шығып біздің буынның көбі фильмнің кейіпкері Ганс Клосспен "сырқаттанғаны" бар. Олардың да бір тобы өз кезегінде осынау кіді мамандықты таңдап соның соңында болған. 

Мысалы, Бөкен, Бауыржан, Өндіріс, Ғаламбақи секілді бір топ жастар сондағы әлгі "Ганс Клосс" болған еді дейік. 

Сонымен қатар 70-жылдардың бастапқы кезеңінде Германияда түсірілген "Деррик" - қылмысты телехикаясы көрсетілді де детективті кино актер Хорст Таппертдің бейнесі де есте қалды. Осы теле сериалдың кейіпкері Стефан Деррик пен сержант Гарри Клейн (Харри Кляйн) құсаған тектеуші тергеушілердің тірі өкілі елдің "тең ортасында" Костёр, Байтұрсын, Өмірбек жүрді!? Хош!

Ал олардан да бұрынғы алғы шепте жүрген Базархан Борсықбайұлы, Ұлықпан Мешпетұлы қатарлы Рихард Зорге құсаған қайталанбас майталман ұлы тұлғалар болған. 

Ұлы Толстойдың мүрдесін уысына жасырған пантеон орыны "Ясная полян" ойға оралады. Ал, біз өскен Алтын аралы, аялы ұйықта алыста қалғаны осындай ұлағат ғана негізі...

 

&

 

Ескі көлептің орнына бардым құлағымда ұлы даланың мұңлы озаны, көне сарыны Тәттімбеттің "Көкейкесті" күйі еміс-еміс естілгендей...

Сұраған Рахметұлы

author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...