Шай ішіп шайыр тыңдаған...

Фотосурет ашық дереккөзден

ӘДЕБИЕТ
166

Өмірін де,

өзін де,

дүбір тосқан...

дүрмекпен.

...Құралайдың көзінде –

тұнып қалған бір көктем.

 

Бетін төсеп самалға,

Жаутаң қағып қарады.

Жарқ-жұрқ еткен жанарда –

Ғұмыр кетіп барады.

 

Жанымыздың жарасы,

Шеменге өтіп барады.

...Көзімнің ақ-қарасы –

Өлең кетіп барады.

 

Шер күйімді шертер ем,

Құралайым,

келдің бе?

...Шалғын басын ертемен

Шық шайғанын көрдің бе?...

 

Қыр басынан танымай,

Ғажайыптан құр қалсақ...

Жанарыңа, жаным-ай,

Әлем сыйып тұрған шақ.

 

Көңіліңде көктем жүр,

Көкжиекке түнеген.

Көзіңдегі мөп-мөлдір –

Жалғыз тамшы – Ұлы өлең...

 

Селт етпесе сезімің,

Көне болар көңілің.

...Құралайдың көзінің –

Ішінде өтті-ау өмірім.

 

...Құралайдың көзінде –

Тұнып қалған бір көктем.

 

...Бұны драматургияда экспозиция дейді... Топ бар, тобыр бар... дүрмек бар... Не дүрмек бұл? Оқырманға тасталған бұл бұғалық.

«Құралайдың көзінде тұнып қалған бір көктем».

Бұлақ тұнуы мүмкін, лай су да осылай. Ал көктем ше? Ол уақыт емес пе? Ол тұнуы мүмкін емес...

Мүмкін... мүмкін еместі мүмкін етер – ол ақынның сөзі, көзі. Көктем – жаңалық, жақсылық, көгеру, көктеу. Ол – жастық, ол – сұлулық... Бірақ ерте ме, кеш пе, табиғатта ол кезең өте шығады. 

Ал ақынның көктемі – жүрегінде... жанында... санасында... ойында... тілінде...

Бүгінде Алашта ақын көп... шүкір... Біздің елде әкімнен шайырдың көп болғаны – жақсылық... дүр... Мен білетін Төлеген Айбергенов те, Мұқағали да тірісінде саусақпен санарлықтай кітап шығарған екен. 

Ал бүгінде "жинақ шығару жарысы "бар кезеңде, оны оқымас заманда, поэзияны архаикалық ұғым дейтін уақытта ..

  ерекше ақын, ерен бір «сукин сын...» бар. .Ол өзгелерден биік. Ойы да, орамы да... тілі де, тілегі де бөлек – Ғалым Жайлыбай. 

Онда ақындық құдірет, сөзбен сурет салатын сезім бар. Арқа бар. Арқа – оның географиясы емес, болмыстық биографиясы. 

  Арқа кім көрінгенге қона бермейтін, дари бермейтін тылсым күш... Ол сооооннннаааауууу көктен келер құдірет. Мен білетін Ғалымда осы сыр бар, сиқыр бар...

...Бетін төсеп самалға,

Жаутаң қағып қарады.

Жарқ-жұрқ еткен жанарда

Ғұмыр кетіп барады.

Жанымыздың жарасы

Шеменге өтіп барады.

...Көзімнің ақ-қарасы,

Өлең кетіп барады..

 

Міне, сурет – сұлулық.

Үстінде жұқа ақ көйлек. Көйлегінің жеңілі-ай... ұшып кетер ләйлектей. Қысқа жең. Аппақ білек, сүйрік саусақ, аққу мойын... Қасымыздан өте берген... қарауға да қысылған... дидарында жаутаңдаған жанар бар. 

Жаутаңдайтын себебі – қасқырлар бар маңайда, түлкілер көп бұл жолда, қара күш күтеді қалқаны... Дию-жын бар орманда... Сондықтан да періште қыз – үркек қыз... Бұл бойжеткен арудың әлі даусы шықпаған, үні ешкімге естілмеген бейкүнә шағы...

...Жанымыздың жарасы шеменге өтіп барады...

...Көзімнің ақ-қарасы – өлең кетіп барады...

Міне, ақын жаны жарылған... бос шөлмектей быт-шыт болған төзімі... шынын айтқан шерменде... 

Эпостағы ертегі қыз бөлек те, Ғалым салған мына сурет бір басқа...

 Өткен кезгі ақындарда арман жоқ... ән шығарды, жыр арнаса – не айып? Ал бүгінде заман басқа, заң басқа... Сезім айтса селт етпейтін кезең бұл... Ал ақында не кінә?.. 

Ақын қоғамнан бұрын туған, замана­дан ерте оянған көңіл-көктем бұлбұлы... Әйтпесе Мұхтардың мұңы, Шыңғыстың шері болмас еді...

Көзімнің ақ-қарасы – өлең кетіп барады...

Өлең ару маңынан маңып барады... 

Бұл өкініш... ақын мұңы... тоқтатуға шама жоқ... Уақыт неткен қатыгез... Мұндай ару – сұлулық ..неге келген өмірге?.. көру ғана маңдайына жазылған ба, немене? Луврдағы Жакондадан несі артық?.. Болмаса ақын көңіл-теңізін толқытуға туған ба? 

Өкініш те, сағыныш та күн-көктемнің бұлтындай... маңайынан мамырлап өте шықса қайтесің? 

Өмір заңы бір басқа... Өлең заңы бір басқа...

Ооо баста замана басқа кездерде... Адам Ата, Хауа Ана шағында мына әлемде тәртіп болу керек кезде... талай-талай өмір заңы жазылған... Себеп, себеп?.. Ақын жаны, ақын көңіл – бәріне де қайшы-ты. Сондықтан да ақын бөлек, шайыр – жалқы.

Көңіліңде көктем жүр,

Көкжиекке түнеген.

Көзіңдегі мөп-мөлдір,

Жалғыз тамшы – Ұлы өлең...

Селт етпесе сезімің,

Көне болар көңілің.

...Құралайдың көзінің

Ішінде өтті-ау өмірім...

...Мейлі, коммунистер, өзгелер сөге берсін... сері ақын... Сен дүниеге сезім сыйлап, селт еткіздің, сарбазым... Тек осыны ұғынуға , сезінуге өрең жетсе – арман не...?

Ерте тұрған шай ішіп, шайыр тыңдаған Талғат Теменов

author

Ғалым Жайлыбай

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...