Ұзын ғасырлардан созылып аққан қазақ, сөзінің мәйегі Абайға кеп сарқып, өзін өзі танымастай жас қуат...
Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» кітабы таныстырылады
Фотосурет ашық дереккөзден
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы және «Амангелді Иман» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2026 жылы 11 ақпан күні, сағат 15.00-де жазушы, ақын Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтеді.
Аталған роман — қазақ әдебиетіндегі сирек кездесетін детектив жанрындағы ерекше туынды. Шығармада автор бір адамның тағдыры арқылы адамзатқа ортақ мәңгілік құндылықтарды — адалдық пен сатқындықты, мейірім мен қатыгездікті, махаббат пен төзімділікті тереңнен ашады. Роман оқиғасы кеңестік кезеңнен басталып, бүгінгі тәуелсіз дәуірмен сабақтас өрбиді.
Кітаптың бас кейіпкері Арғыннның басынан өткен небір адам баласы төзбес қасірет пен қиыншылық, Құралайдың оған деген адал махаббаты шығарманың жалпы лейтмотиві десе де болады.
Шығарманың басты идеясы – қандай ауыр жағдайда да адам болып қалу, адамгершілікті сақтау қажеттігін тереңнен суреттейді.
Сайлау Байбосын — Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ерейментау және Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы. Ол — «Рух» (2008), «Қызылтау» (2015) өлеңдер жинақтарының, «Ерейментау» (2008), «Қызылтау – құтты қоныс, киелі аймақ» (2011), «Қанжығалылар» (2015), «Есімдері жүрсін деп ел есінде…» (2016), «Қорғалжын» (2018) тарихи-танымдық кітаптарының, «Депутаттың бәтіңкесі» (2016) сатиралық әңгімелер жинағының, сондай-ақ «Ажалын жоғалтқан адам» романының авторы. Ақынның «Сүмбіле жұлдыз туғанда» атты жыр жинағы 2026 жылы мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар тізіміне енген. Қазіргі уақытта Павлодар облыстық «Ақбеттау» және «Алтын тамыр» журналдарының редакторы қызметін атқарады.
Шараға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, журналистер мен оқырмандар қатысады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы