Шархан Қазығұл. Оңашадағы онлайн ойлар (үзінділер)

Фотосурет автордан

ӘДЕБИЕТ
85

Кешелі бері фейсбукте неше түрлі мақтау қағаздан көз тұнады. Біздің еліміздегі білімге деген бумның жарқын көрінісі осы грамоталар болып тұрғаны – шындық. Менің де немерелерімнің үшеуі мектепте оқиды. Кешкілік «ел алып жатқан қатты қағазды менің «сусликтерім» де алған шығар» деп үйлеріне бармаймын ба? О тоба, бізге бір грамота бұйырмапты. «Жұрттың баласының бәрі – дарынды, менің балаларым қалай салпанқұлақ болып қалды?!» деп түнімен ұйықтай алмай шықтым.

Үлкен немеремді футбол ойнауға баулығанмын үш жасынан. Қазір он екіде. Кеше тағы да доп қуып кетіпті. Бұл не қылған фанатизм екенін түсінбедім. Сабақ туралы әңгіме айта қалсам, баяғыда айтқан өз сөзімді өзіме айтады: «Роналдуға мұғалімі ылғи ұрысады екен: «Сен адам болмайсың. Аштан өлесің. Білімге ұмтылмайтын адамның оңғанын көрген жоқпын». Ал сол Роналду қазір әлгі мұғаліміне ай сайын мың доллар беріп тұрады. Міне, футболдың құдіреті!».

Қазір осы сөзді немереме айтқаныма қатты өкінемін. «Көресіңдер, «Реалда» ойнап, бәріңді мен асыраймын әлі» деп бөскенді әбден үйреніп алды. Иә, оның кеше грамота алмайтынын ішім о басынан сезген.
Ал екінші немеремнен үмітім зор еді. Екі пәннен «4» алып қалыпты. Грамота жоқ. Көңілсіздеу отыр. Оны менен бұрын бірінші сыныпты сөктей «үшпен» бітірген інісі жұбатып үлгерді: «Сол құрғырды қайтесің, Жәнібек! Мұғалімдер балаларды алдай береді қағаз таратып. Одан да атам сияқты ақша берсе ғой. Иә, ата?».

«Не дерімді білмей қалдым» дегеннің нағыз өзі болды. Балам бір оқпен екі қоянды атып алып тұрғанын қарамайсың ба? Ағасын да жұбатты. Мені де «қораға» кіргізіп тұр. Енді осындай балаларды қалай «салпанқұлақ» деп айтасың? Айта алмайсың. Тек грамотамыз жоқ демесеңіз, бізде бәрі – тамаша!

 

***

 

Жас кезімде аудандық газетте тілші болып істедім. Мен жазбаған тақырып жоқ. Қызылша өсіруден бастап жас техниктер клубының жұмысына дейін жаздым. Еңбек жолын енді бастайтын барлық жас журналистерге осы жолды ұсынар едім. Неге? Нағыз өмірді тек ауданнан көруге болады. Одан жоғары жерлерде – тек қағазға байланған тіршілік.

Қазірде де сол. Айырмашылық біреу ғана. Бұрын қағазды жаяу таситын. Қазір «дистанционно» тасуға көштік (электронды пошта, сервер). Қаптаған қағаз-өмірдің арасында жүрген журналистің бір мәселені иін қандырып жаза алмайтынының сыры осында жатыр. Ең басты айтқым келген ой: қарапайым адамдардың өмірін жазуды меңгерген журналист ғана халықтың сөзін сөйлей алады.

 

***

 

Өмір бақи брошюраның бетін ашпай келіп, қартайғанда кітап оқығысы келетін кісілерді түсіне алмадым. Кішкентайынан балаларға арналған кітапшалардан бастап танымдық әдебиетке жүгінбегендердің егде тартқандағы осы тірлігі күлкі тудырады. Өмірі бітетін шақта кітап кеміру – барып тұрған агонияның нақ өзі. Кітап оқуды өлердің алдында емес, өмір сүрудің алдында бастамас па еді?!

Жас кезінен жүгірумен, жүзумен айналыспаған адамдардың алпысқа келгенде жүгіргені де басыма сыймайды. Бұл да – агония! Орыстардың осындайда айтатынына құлақ қоямын: «Уже поздно пить Боржоми!».

 

***

 

Жасың ұлғайған сайын пітір садақаң азая береді. Биыл тағы бір адамға кем төледім. Себебі, былтыр күзде қызымды ұзатқанмын. Дегенмен, пітір садақаңның азайғаны сенің Құдайдың алдындағы жауапкершілігіңнің азайғанын білдіртпесе керек.

Барлық нәрсенің ақшамен өлшенбейтінін осындайда анық байқайсың.  Байқатып тұрған Құдайдың барына шүкір!

 

***

 

Ыңыранып жүретін адамдарды аяймын. Басына бейнет тілеп алудан қалай шаршамайды?! Меніңше, күн ұзаққа жоқ жерден өз-өзіне салмақ салып жүру – организмге өте зиян. Бірақ кісі саналы түрде қанына сіңірген қасиеттен құтыла алмайды. Күнделікті шартты рефлекстен шығу – олар үшін азаптың апогейі.

Айтайын, осының бәрі – басқаларды алдау былай тұрсын, сол адамның өзін-өзі алдауы. Адамның бойы мен ойын еркін, табиғи ұстай алмауынан асқан азап жоқ сияқты мен үшін. Алайда мұны түсінгісі келмейтін адам өз дегенінен шықпайтынына көзім анық жетті.

Кеше бір эксперимент жасаудың сәті түсті. Кешкілік автобуспен үйге қайтып бара жатқанмын. Республика даңғылының бойында кептеліс кезінде көше жаққа қарап отырсам, бір танысым көзіме оттай басылды. «Крутые парни не смотрят на взрывы!» болып кетіп бара жатыр. Жүрісін айтсайшы! Кербездіктің фонындағы керемет кісінің нақ өзі. Аяғын алшаң басады. Маңғазданған сайын маңызды адамдай көрінеді сырт көзге. Жалғыз өзі. Қалың ойдың құшағында жүретін адамдай әсер қалдырады. Сүйікті аксессуарлары қашандағыдай өзімен бірге. Қолда – қара портфель. Көзде – қара көзілдірік.

Соткада ылғи ыңыранып сөйлейтінін сағынып кеттім бе, оған дереу қоңырау соқтым. Ол пиджагының оң жағындағы төс қалтасынан айфонын алып, оның бетін сұқ саусағымен бір шұқып өтті де құлағына тосты: «Бұ кім?». Мен де іле-шала амандасуға көштім: «Мәке, сәлеметсіз бе!». Ол әлгі сөзін тағы қайталады: «Бұ кім?». «Мәке, мен Шарханмын ғой». «І-і-і» деген мәдениетті ыңырануды естіген мен оның қалін сұрауға көше бергенім сол еді, ол әңгімені шорт кесті: «Шәке, мен бір үлкен кісілермен отыр едім, кейінірек хабарласайық».

«Маңызды адамның» өзі де, сөзі де тек жалғандыққа құрылатынын осы эксперимент тағы да дәлелдеп берді. Бұл не паңқу тал түсте? Қамшының сабындай қысқа өмірді жасанды өткізіп, тыраштанбай-ақ қойсақ қайтеді?! «Практично» болғаннан асқан парасат бар ма өзі? Мынау ертең бітетін бес күнде?

 

***

 

Көңілдің тыныштығынан асқан ләззат болсайшы?! Адамның ең бақытты кезі көңіл гармониясына бөленген сәттері екеніне күмәнім жоқ.

 

***

 

Жан сарайыңдағы тыныштық пен гармониядан асқан үйлесім бар ма? Пенде үшін! Пенде демекші, пендешілікпен жақын адамыңның бірін сәл ренжітіп алсаң,  күн ұзаққа кеңірдегіңде кесек тұрғандай күй кешіп жүресің.

Кеңірдектегі кесекті кең адам ғана жібіте алатынын осындайда ұғасың.

 

***

 

Өткен сенбіні «рухани жаңғыруға» арнадым. Астанада «Көрме» орталығында өтіп жатқан ІІ Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін күн ұзаққа араладым. Көрмедегі аура күннің аптап ыстығын да ұмыттырып жіберді. Барған бетте Ұлықбек ағаның бояуы кеппеген кітабының тұсаукесері болып жатыр екен. Игі жақсылардың бәрі жиналыпты.

Биыл қазақтың 60 ақынының жырларынан испан тіліндегі антологияны жарыққа шығарған сол елдің белді ақыны Хосе Хорхе Падрон да жары Клеопатра ханыммен бірге Ұлықбектің жанына жайғасыпты. Падрон мырзаның Қазақстанға келгенін мәртебе көрдім. Олай дейтінім, Падронды Букингем сарайына шақырып, өлеңдерін Елизавета ІІ өзі тыңдаған ғой. Ал есік-терезесі быт-шыт болып, адам сыймай жататын салтанатты сарайларда кешін өткізіп жүрген Ұлықбектің оқырмандармен бұл кездесуі Алматыдан Өскеменге машинамен бара жатып, Алакөлдің жағасына бір аялдап, әзіл-қалжыңмен жүз грамм ішіп, әрі қарай қайта атқа қонып кете барғандай әсер қалдырды.  Жә, мұнда уақыт аз, кездесу көп.

Осында орналасқан екі алаңқайдың бірінде Әлібек Асқаров ағамыз, бірінде Дәулеткерей Кәпұлы ініміз талай тұсаукесер мен кездесулерді ізін суытпай, бірінен соң бірін өткізіп жатты. Модераторлардың бұл тандеміне таң қалмау мүмкін емес.

Таңданыс тудырған нәрсе: талантты ақын Танакөз Ілиясованың испан тілінде еркін, таза сөйлегенінен әдемі ән тыңдағандай әсер алдым. Қасаңдықтан ада қарындасыма қатты риза болдым. Қазақ ақындарын биыл Испанияға кім апарғанын енді білгендеймін.

Қазақтың соңғы батыры Оспан туралы кітабының тұсаукесерін өткізген Сұраған Рахметұлы бөлек бітімді жігіт екен. Көзімен мен мұндалап тұрған мұңды маскировка жасап, сұсты көрінгісі келгенімен жаны таза адам екені бірден байқалады. Жүрек жылылығын мұң да жасыра алмайтынын осы жолы анық байқадым.

Көрменің екінші жағында оқырмандарымен кездесуге келген Төлен Әбдік ағамның атқан оқтай «өңменнен өтетін» сөзі қарша борап жатыр. Тура Нобель сыйлығын алғанда айтатын сөз дерсің. Өкініштісі, осындай орасан спичті азғана адам тыңдап отырды. Қатты өкіндім.

Азаматтық позициясынан дені дұрыс адам үркіп тұратын Төлен ағамның өткірлігі өз алдына, соңғы кездері ол кісінің аузынан кесек ойларды естіп жүргеніме қуанамын. Бәріміз бұғып жата бергеннен жазылып кетпейтін ауруымызды осы ағамның батылы барып айтып жүргені «не көрініпті, ел болып кетерміз» деген үмітіңді үрлеудей-ақ үрлеп тұрады. Тұтанбай көр! Алдыңдағы ағаларыңның бәрі осындай болса ғой деп армандайсың!

 

***

 

Біздің журналистикада жампоз көп. Алдымдағы атандай ағаларым мен кейінгі жас перілердің арасында айтып өлетін адам жайылып жатпаса да, Құдайға шүкір, бар. Бұл өзі қазаққа жақын мамандық екені рас. Сөзге тоқтайтын халықтың сөз киесіне табынбауы мүмкін  емес.

Содан болар, қазір журналист мамандығына қызықпайтындар аз. БАҚ-та істейтіндерді былай қойғанда, фейсбукте кірпік ілмей отыратындардың өзі сөзді көлденеңінен де, тігінен де тіліп түседі. Соған қарағанда журналистика біздің қанымызда бар. Қазақтың қанына сия тамып кеткен болар, сірә!

Жөн! Бірақ, бізде жылтыр сөз көп. Жаттанды тіркестерден құлақ тұнады. Неше түрлі гирляндтар мен мишуралар іліп жазғанға жанымыз құмар. Ермұрат Бапи досым айтпақшы, «жазғандарымыздан патетика періп тұрады». Иә, мұндай журналистиканың өмірі ұзақ деп айту қиын. Мұндай журналистикада болашақ жоқ. Ол бір күні өледі.

 

***

 

Мәнерлеп сырғанау спорт па, өнер ме? Әлемде спорт ретінде мойындалған. Бірақ онда өнердің элементтері көп. Ең бастысы, мәнерлеп сырғанауда о басынан «постановка» бар. Ал «постановка» – тұнып тұрған творчество. Бұған ешкімнің дауы жоқ.

Сондықтан да болар, атақты Евгений Плющенкоге мәнерлеп сырғанауды өнерге айналдыру аса қиынға соға қоймаған сияқты. «Щелкунчик» ертегісі – мұздағы балеттің жарқын үлгісі.

Астанадағы қойылымның массовкасында қазақтың жас қыздары мен балаларының өнері қатты қуантты. Бұл біздің елімізде де осы өнерді өркендетудің алғышартындай көрінгені рас.

 

***

 

Адамдардың жеке дамуына кедергі келтіретін ең үлкен нәрсе: олар өз өмірін жақсартумен айналысудан гөрі басқа адамдардың өмірін жақсартпаумен көбірек айналысып кетеді. Ақыл айтады. Қызғанады. Аяқтан шалады. Мұндай етістіктердің соңына жетіп болмайсың. Осының бәрі ақылдың тасығанынан емес, ақылдың тоқырауынан. Ойбай-ау, беретін бірдеңең болмаса, басқа адамға ақыл айтып нең бар?! Басқалар өйтіп-бүйтіп жүріп адам болып кетпей ме?! Олардың өміріне кедергі келтіргеннен жерің кеңіп кете ме?

 

***

 

Журфакта оқып жүрген жетпісінші жылдары шетімізден романтик едік. Мұқағалидың өлеңдерін сүйсініп оқитынмын. Ол – мен өлеңдерін жаттай алған жалғыз ақын. Басқа ешкімді жаттай алмай-ақ кеттім. Мектепте оқып жүрген кезімнен осы жаттау дегенді бағындыра алмадым.

Мұқаң қайтыс болған жылы оқуға түскендіктен бе, поэзия бумы сол жылы ерекше сезілді. Ақын болу тренд болатын. Құлап жатқан студент өлең жазып жүретін. Әлгі өлең жаттаудың азабынан болар, ақын болуды армандамаған мен ғана шығармын. Өзімді солай сезінетінмін.

Дегенменен, поэзияға ғашықтық ешқашан өшкен емес. Әсіресе, өзімізден бір курс жоғары оқитын Аманхан Әлімов, Мәди Қайыңбаев, Шәкизада Әбдікәрімов және Шәмшия Жұбатоваларға қызғана қарайтынмын. Оларды іштей «біздің шестидесятниктер» деп атайтынмын. Шынында да олар Роберт Рождественский, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский және Белла Ахмадулина сияқты жұбын жазбай, студенттік кезеңді ғажап өткізген ақындар болып қалды менің жүрегімде. Әлі күнге дейін сондай ассоциациядан айырылған емеспін.

Кейде фейсбукте жиі көрініп қалатын Аманхан ағамды бойының қысқалығына қарамай «О, Женя Евтушенко!» дей жаздаймын. Ойы озық адамға дауа жоқ. Айтқызбайтынды айтқызатын Аманхан ғой. Аман жүріңдерші, Аманхан аға және басқа «менің шестидесятниктерім»!

 

***

 

Телеарналардан шаршадым. Жақсы ма, жаман ба, білмедім, соңғы үш-төрт жылда хабарларға көп шақыратын болды. Бас сүйегің келіспеген қиын ғой. Сол жерге барып, кісі болып отырғым келмейді.

Кейде болмайтын «ток-шоуларға» шақырады. Күйіп кетемін. Отбасы, ошақ қасы әңгімелерді езіп отырған өзімді көз алдыма елестетемін. Сосын жүрегім айнып шыға келеді. Қазір керемет әдіс тауып алдым. Хабарға шақыратын неше түрлі қыздар телефон шалса, cалған жерден «Қап, қарындасым, мен іс-сапарда жүр едім, өте өкінішті, хабарға қатыса алмаймын» деп сақ ете қалатын болдым. Рахат! Ана қыз да риза, мен екібастан риза.

Кеше бастығым жұмысты үйіп-төгіп беріп, сіңбіруге мұршам болмай, ақ тер, көк тер болып жатсам, бір қыз қоңырау шалды: «Аға, сізді хабарға шақырайық деп едік». Күйіп кеттім. Өмірімде бірінші рет «айналайын, мазамды алмаңдаршы» деп жекіп тастадым. Бүгін аздап ұялып отырмын. Ана қыздың не жазығы бар еді? Керек десеңіз, аздаған өкініш те бар. Кешірші мені, бейтаныс телеқарындасым.

 

***

 

Жеке өміріңнің өзі мәңгілік емес екеніне көзің анық жетіп тұрғанда өзіңнің тіршілігің мен тәлейіңе қатысты басқа «бірдеңелердің» мәңгілік болуы мүмкін деп дәмеленудің өзі – ақымақтық. Сондықтан да болмашы арзан атақ пен мардымсыз мадаққа қызығудың қажеті бар ма? Жоқ.

Еркін тыныстап, өмір сүргеннен асқан бақыт көрмедім. Мына жалғанда. Байқадың ба, көрген бақытыңның өзі де шексіздікке жұтылып бара жатыр.

 

***

 

Адамдардың жеке дамуына кедергі келтіретін бір жаман әдет – өмірінде бірінші рет көріп тұрған нәрсені де бұрыннан білетін кісі сияқты ыңғай білдіріп тұратынымыз. Дәлірек кестелесек, білмегенімізді сұрауға құлшынбаймыз.

Білмегеніңді сұрамағаннан өткен ақылсыздық жоқ. Білмегеніңді сұрамағаннан асқан бейшаралық жоқ. Қазақты құртып жатқан осы. Қазақты өсірмей жатқан – жалған намыс. Біздің қоғамның дәл диагнозы осыған саяды. Мұны байқамау мүмкін емес. Өйткені бұл – көзге ұрып тұрған ең басты симптом.

Симптом көрініп тұр. Диагноз да белгілі. Тек альтрустік дұрыс девизбен өмір сүруіміз қалып тұр. Меніңше, бұл соншалықты қиын шаруа емес. Өмірімізді бір-бірімізге қиындатудың қажеті бар ма?

 

***

 

Бай адамдарда бәрі бар. Бірақ олар бәрібір өздерін жалғыз сезінеді. Өйткені олар үшін ақшадан биік ештеңе жоқ. Сосын қасына ешкімді жолатпайды. Мұны мен меркантильдік жалғыздық дер едім.

 

***

 

Жақсы нәрсе жасау қолынан келмейтін қоғам тек қиратуға құштар болып тұратыны тарихта талай рет дәлелденді. Бұл аурудың симптомы – «полумера». «Полумера» бұрынырақта КПСС-тің де көрін қазған. Мұндай «амал» біздің де ұлт ретінде аман қалуымызды қамтамасыз ете алмайды.

Біз кез келген мәселені толық және түпкілікті шешуді үйренген кезде ғана толыққанды тәуелсіздікке жете аламыз. Ұлттың аяғын алға бастырмай тұрған да әлгі айтқан «полумера» екеніне көз жеткізу қиын емес. «Бір тойда екі қалыңдық болмайды».

Кириллицамен тұтас мемлекет болып қоштасуымыз шарт. Билік іс-қағаздарын орыс тілінде жүргізе беретін болса, орыстілділер кириллицаны қолдана беретін болса, сонда тек таза қазақтілділер латынға көшірілетіні басыма сыймай-ақ қойғаны?! Бір қитұрқылық барын ішім сезеді. Сондықтан да мен үшін тек қазақтілділер ғана көшетін латынның құны – көк тиын.

 

***

 

Тәні сұлу адамдар болады. Ынтық болатының рас. Басқаша айтсақ, өтірік болар еді. Дегенмен, тез суынатының да шындық. Өйткені бұл физиологиялық инстинкт екені салған бетте білініп тұрады. Көзбен жегідей жегенің болмаса, жүрек дір ете қоймайды. Тәннің өзі мәңгілік материалдан жаратылмағанын ескерсек, бұған аса таң қалудың қажеті шамалы.

Жаны сұлу адамдар болады. Ақықтықтың иісі аңқып тұратын мұндай жандардың гравитациялық күші сені өзіне тартпай қоймайтыны – дүниедегі ең тәтті құбылыс. Жүрегің атша тулап, аузыңнан шығып кете жаздайды. Осындайда жанның мәңгілік материалдан жаратылғанына көзсіз сене бастайсың. Тәттілігі неде? Тылсымдығында дер едім. Бір анық, тұңғиыққа тығылған тылсым сезімнің түбіне жету мүмкін емес. Бұл құбылыстың мәңгілік болатыны да сондықтан болар.

Екі бірдей жаны сұлу адамның бас қосуы мүмкін бе? Дегенмен, өмірде де «исключение» деген категория кездеспей тұрмайды. Соған қуанасың! Бір жұпты білемін. Әкім Тарази аға мен Роза Мұқанова. Жанның тазалығы адам күлген кезде көзінен анық байқалатынын осы кісілерден көрдім. Оның үстіне, жер ортасынан ауғанда асық ойнауды әдетке айналдыру тек ақ жүректі адамдардың ғана қолынан келеді.

Мәңгілік заңы осындай ешкімнің басына келмейтін іс-қимылдан бастау алатынына таңғалмау мүмкін емес.

 

***

 

Димаш Құдайберген Қытайда жеңімпаз бола ма, болмай ма, онда менің шаруам шамалы. Әншілік, жалпы орындаушылық өнерде тұлғаның құдіреті халықаралық конкурспен өлшенбейтінін білуіміз керек. Конкурсқа әлі танылмаған адамдар барады. Пиар-ход үшін. Маэстролардың конкурсқа қатысқанын көрсем, көзім шықсын. Сондықтан да конкурс деген жай өтпелі кезең ғана.

Орындаушының құдіреті әлемнің Корольдік Альберт-Холл, Карнеги-Холл сияқты ғажап залдарында жеке концерт беруімен бағаланатынын бажайлайтын уақыт келді. Жақын болашақта Димаш осы бағытта жұмыс істеуі керек. Сонда әлем мойындады деп айта аламыз. Осындай ұлы мақсатқа оның мол әлеуеті жеткізбей қоймайтынына кәміл сенемін. Ол тек уақыттың еншісіндегі нәрсе ғана болып тұр. 

Ал әзірше көмейіне құмыр бұлбұл ұя салған інім тіл-көзден аман болғай деп Құдайдан тілеп жүрген жайым бар.

 

***

 

Биліктің басында отырған азаматтардың аккаунт ашқандары – өте құптарлық дүние. Алайда бұл істе де көзбояушылық көп. Өз аккаунтын өзі жүргізіп отырған министрдің жоқ екені көзге ұрып тұрады.

 

***

 

«Парасат майданын» прайм-таймға қоймай мен біздің елімізде ой алдыңғы планға шықты деп айта алмаймын. Айтары жоқ, осындай хабарды сағат түнгі 00.20 минутқа қою – қалың көрерменді қорлаудың һәм Дархан Әбдіктің творчествосына «игнор» жасаудың барып тұрған сорақы үлгісі.

Халықты топас қылмай бітпейтін «той-думандар» мен түрік-корей тектес сериалдарды дәл ел теледидарға телміретін уақытта көрсетудің не қажеті бар? Дені дұрыс адам әрі кетсе түнгі он бірден кейін демалады. Кейде көзім ұйқыға тығылып бара жатқанда Дарханның «Парасат майданында «біз» деген ұғым жоқ» деген сөзі есіме оралады. Осы сөзінің астарында философиялық ораммен қатар «парасат майданы» бұқара халықтың емес, индивидтің ғана күресі деген пікір де жатқаны рас.

Олай болса, ұлттық арнаның басшылары бұл хабарға философиялық тұрғыдан қарап, «әдейі» ел жатып қалғанда көрсетіп жүр-ау?! Ғажап логика... Әй, логикаларың бар болсын! Ең алдымен көрерменнің жағдайын қашан ойлаймыз?!  

 

***

 

Қазір екінші дүниежүзілік соғыстан кейін туған «Бэби-бумер» ұрпағы зейнетке шықты. Бізде дәл қазір қиындау шығар, бірақ өркениетті елдерде бақытты кәрілік идеологиясы баяғыда іске асты. АҚШ пен кәрі құрлықта 60 жастан асқандар – бақытты өмір сүрушілер тізімінің ең басында. Кеш қартаю концепциясын қолға алған мемлекеттерде адам өмірін ұзартудың тұтас индустриясы жұмыс істеп тұр. Жасы ұлғайған адамдарға белсенді және салауатты өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған.

Әрине, бізді олармен салыстыру әлі ерте. Дей тұра, дәл қазір адамдардың өмір сүру жасы ұзарғаны анық байқалады. Жалпы адамның өмір сүру ресурсы 147 жыл екенін ғалымдар баяғыда дәлелдеп шыққан. Барлық бәле – өзімізден. Жеке адамдар да, мемлекет те әзірге ұзақ жасаудың негіздерін басшылыққа алуға енжарлығын қоймай отыр.

Ал біз солай ұйықтап отырғанда әлемдегі кейбір региондар қазір орташа есеппен 120 жыл өмір сүруге қол жеткізді. Сондықтан да барынша ұзақ жасау үшін мотивті күшейте түсетін кез келді. Талас жоқ, кімнің пешенесіне қанша өмір жазылғанын бір Жаратқан біледі. Бәріміздің басымыз – Алланың добы. Алайда «Сақтансаң, сақтаймын» деген де сол Құдай. Осы сөзде ғажап құдірет күш жатыр.

 

***

 

Қазақ қоғамына қайран қалмау мүмкін емес. Қазақты бір-біріне «айтақтатып» қоюдың нағыз апогейіне жеттік. Схема – өте қарапайым. Ортаға сүйек лақтырады. «Рух» не «Алтын тобылғы» типтес.

Бұл марафонда хэппи энд болғанын ешқашан көрген емеспін. Бір ғана нәтиже: бірін-бірі буындырып жатқан қазақтар. Осындайда ұлтым үшін кірерге тесік таппаймын. Қатыспай-ақ қойыңдаршы конкурсқа, қазақтар!

Ауызбіршілігімізді дыр-дыр етіп айырып жатқанда 1 миллион теңге қай тесігіңе жамау болғандай?!

 

***

 

Абыз да аңыз дала Маңғыстау мен ақ жал толқынды қарт Каспийдің сүйікті немересіндей көрінетін Ақтау қаласына келіп тоқтағаныма тоғызыншы күн. Құдай қаласа, тағы үш тәулік осында боламын. Тура теңіздің жағасына салынған отельге орналасу бұйырғанын айтсаңызшы!

Ұшы-қиыры көрінбейтін көк теңізге терезеден көз тастап, қиялға шомғаныңның өзі бір ғанибет! Ақтауға әр келген сайын балалық шағым есіме орала кететіні де тегін емес. Баяғы шағаласы шулаған, балығы тулаған асау Арал көз алдымда тұрады. 

Айтары жоқ, таңертеңгілік теңіз жағасымен серуендеуден ғажап ләззат аласың. Теңіз ауасындай ауа бар ма? Әсіресе, Аралдың жағасында туған мен сияқты пақырға?! Теңіз ауасында бактерия да жоқ, шаң да жоқ. Тынысыңды кеңейтіп, өмірге құштарлығыңды арттыратын саф ауадан айналмайсың ба?!

Теңіз ауасының барлық микроэлементтері организмге ғажап терапевтік тиімділік беретінін білсеңіз. Осы ауаның құрамындағы магний жүйкеңді жөнге келтіріп, қу тіршіліктің барлық проблемасын бір сәт ұмытып, рахаттанып қаласың. Теңіз жағасындағы оттегі мен озон азаннан кешке дейін жаныңа жамандық жолатпайды. Әдемі аурамен күн батады. 

Бір нәрсеге мұңайғанымды да жасырғым келмейді. Қаңтар айы болғанына қарамастан теңіз жағасындағы бір сағаттық серуен кезінде қарсы алдымнан күн сайын 30-40 адам шығады. Бірақ солардың 80 пайызға жуығы басқа ұлттың адамдары. Қазақтың қарасы өте аз.

 

***

 

«Быть знаменитым – не красиво» деген Борис Пастернактың сөзін аудиторияға қайталаудан жалыққан емеспін. Өйткені, қазіргі жастар атақ-даңққа құштар екенін жүз шақырымнан білесің. Дегенмен, қызық құбылысты сен тоқтата алмайсың. Кез келген қоғамда құлап жатқан адамның өзі «бірдеңесімен» ерекшеленгісі келіп тұрады. Біреу сұлулығымен. Біреу білімімен. Біреу күшімен. Біреу қылығымен. Осындай шегі жоқ ерекшеліктерден көз тұнады. Осы ерекшеленудің түбі атақ-даңққа құмартуды тудырады.

Осының бәрі «Быть знаменитым – не красиво» тәріздес тәрбиелік сөзге терең үңілмеуде жатыр. Бұрын әр сөзге атүсті қарамаған қазақтың қазіргі тірлігіне қарның ашпай қоймайды. Даңқ түрмесінің тұтқыны болуға аласұрмайықшы, ағайын!

 

***

 

Танымалдылығы Инстаграммен өлшенетін жұлдыздар көбейіп кетті. Реальды танымалдылыққа жету қолынан келмейтін адамдардың тірлігі осындай ұсақ-түйектің айналасында өрбитіні бесенеден белгілі. Аудиторияның ауанын дөп баса білетін мұндай жұлдыздар өз дегеніне оңай жетеді. Таза тұтынушылар ұрпағы қалыптасып үлгерген мына заманда олар әлі талай жерге шабатыны белгілі болып отыр.

Дей тұрғанмен, ең басты трагедия сол жұлдыздардың виртуалды танымалдылыққа малданып жүргенінде жатыр. Ондай жұлдыздарды қазір біздің топастана бастаған ТВ жарнамалаудан бір жалыққан емес. Сондықтан да бұл үрдіске үрейлене қарамау қиын. Себебі, құндылықтардың орнын алмастыру дәуірі тікелей осы құбыжық құбылыстың астарында тығылып жатыр. Жастар Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кім екенін білмейтін халге жетті. Есесіне Динара Сәтжанды аузынан тастамайтын ұрпақ өсіп-жетілді.

Виртуалды танымалдылыққа қол жеткізу аса қиын шаруа емес. Техника керек. Басқа не керек?! Ештеңе. Ал реалды танымалдылыққа жету кез келгеннің қолынан келмейді. Ең құрығанда, Ермек Тұрсыновтың талантынсыз танымал болуың мүмкін емес.  Дәл осы жерде Үлкен өнер мен Тобырлық өнер көз алдыма қатар келеді. Айырмашылығы Жер мен Көктей осы екі өнердің бүгінгі таңда соңғысының асығы алшысынан тұрып тұрғаны көңілге кірбің түсірмей қоймайды.

 

***

 

Жаныңды жегідей жейтін көңілдің жарасы тәніңді билеп алатын аурудан жүз есе ауыр. Ағзаның ауырғанын емдеуге болар. Көңілдің теңсіздігін кім жазар? Жаныңның тепе-теңдігі ғана қам көңілге жұбаныш бола алады.

 

***

 

Капиталистік мемлекетте бәрі ақшаға ілініп тұр. Ең дұрыс логика дер едім. Біріншіден, кез келген материалдық игілікті өндіруге инвестиция (бұл да ақша) құйылуы тиіс. Заңды жолмен. Екіншіден, кез келген еңбек тек ақшамен бағалануы тиіс. Заңды жолмен. Өркениетті елдерде жақсы маманға медаль беріп алдай салмайды, қомақты сыйақы беріледі. Солай жанын жылытады. Ал бізде барлық мәселені құр темір-терсекпен шешу етек алып барады. Адамдарға медаль үлестіріп, көңілін бірлей салудан оңай шаруа жоқ тап қазір.

Біздің нарықтық қатынастарға толық және түпкілікті көшіп үлгермегеніміз осы жалғыз фактордың өзінен анық көрінеді. Не деген аңғырт халық едік?! Біздің мемлекетте «деньги – не что, имидж – все» деген девиз алдыңғы планға шығып кеткені сонша, кейбіреулеріміз ақшамызды салып жүріп, темір-терсек жинаудан алдымызға жан салмайтын болдық.

Мен бұл жерде ақшаны насихаттаудан аулақпын. Адамды, адамның лайықты өмір сүруін насихаттау үшін айтылып жатқан әңгіменің өзі ақшаға барып тірелетінін байқаған боларсыздар.

Бір анық, кез келген адам үшін материалдық игіліктің алатын орны ерекше. Онсыз адам лайықты өмір сүре алмас еді. Сондықтан да адамның еңбегі медальмен емес, ақшамен марапатталуы тиіс. Сенің алған медалің бала-шағаңа киім-кешек бола ма?! Сенің алған картон қағазың бала-шағаңа тамақ бола ма?! Сіз жақсы білесіз: болмайды! Болмақ түгілі, сол наградаңды жуу бюджетіне де ақшаны бала-шағаңның аузынан жырып бөлесің.

 Құр мақтан үшін ақша шашып бөсе беруден гөрі отбасыңа лайықты өмір сүру мүмкіндігін жасап мақтанған әлдеқайда дұрыс-ау! Осындайда ортаға мынадай ұран тастағың кеп кетеді: «имидж – не что, деньги – все».

 

***

 

Әкемнің айтқан өсиетін ешқашан ұмытқан емеспін: «Балам, ешқашан ешкімнің алдына шықпа, ешқашан артта қалып қойма! Мен өмірден түсінген жалғыз қағида осы. Қазықтың басы болсаң, балта тиеді. Қазықтың ұшы болсаң, жерге кіресің. Ортасына бәле жоламайды».

Осыдан асқан философия жоқ. Бірақ ортада жүру өте қиын. Пендеміз ғой. Біреулерден озғымыз келіп тұрады. Біреулер шаң қаптырып жатады. Жалған намыспен оған тыраштанатынымыз тағы бар. Ортаны таңдаудың өзі қиын мына заманда. Дей тұра, орыстардың өзі айта беретін «золотая середина» – нағыз жұмақ.

Иә, тіршілікте қоңыр күйден асқан ештеңе жоқ. Әсіреқызыл тез оңады. Асқан байлықтың да адамға абырой әкелетіні шамалы. «Үрерге итің, сығарға битің» болмай күн кешу де адами келбетіңді көркейте қоймайды. Ортаңғы тап өкілі болғаннан асқан бақыт бар ма екен?!  Меніңше, жоқ!

 

***

 

Өмірдің мәніне әр тұрғыдан келуге болады. Ал меркантилдік мәселе қырынан қарар болсақ...

Кедейлер дәл бүгінгі өміріне жете мән бермей, тек алдағы күнге үмітпен өмір сүреді. Олардың трагедиясы қазіргі өміріне терең үңілмеуінде жатыр. Бірақ мұның өзі кедей адамдар өмірдің мәнін интуициялық тұрғыда түсініп қойғанын көрсететін барометр секілді. 

Халық есебінен байекеш атанғандар дәл бүгінгі өмірлеріне алабөтен мән береді, ал болашақта не боларында шаруасы шамалы. Олардың трагедиясы келешекке терең үңілмеуінде жатыр. Себебі, дәл осы ұстаным – олардың өмір мәнін түсінуіне кедергі келтіріп тұрған бірден-бір фактор.

Маған кедейлердің өмірі мини-трагедиядай, ал байлардың өмірі гипер-трагедиядай көрінетіні сондықтан болар. Кез келген трагедиядан қашып құтылудың жалғыз жолы – өмірдің мәнін реалды түсінуде.

 

 

***

 

Дағдарыс кезінде оңай ақша іздеушілер көбейетіні – аксиома. Баяғы тоқсаныншы жылдардағы алмағайып уақытта әулие қаптап кеткенін халық әлі ұмыта қойған жоқ. Ал қазіргі кризис кезінде «әулие болу» трендте болу тізімінен түсіп қалғанын екінің бірі біледі. Сонда бүгін кім болған дұрыс? Халықты алдап, ақша табу үшін. Аңқау елге арамза молдалардан амал артылған ба?! Бұл күндері пысықай біткеннің бәрі бір атаның балаларындай жаппай және жұмыла тренинг өткізуге шықты. Бүгінгі күннің шындығы осы: тренинг өткізу әулиелікке қарағанда әлдеқайда «цивильный вариант» болып тұр. Өркениетті нұсқаның дәл өзі.

Соңғы кезде сылдыр сөздің саудасы (тренингті айтамын) өршіп тұрғанын әлеуметтік желіден аңғару қиын емес. Ең сорақысы, олар халыққа жаны ашитын адам болып көрінетіндігінде. Осының бәрі маған Александр Беляевтің «Продовец воздуха» романындағы Бэйлидің тірлігі сияқты көрінеді. Ақша үшін Құдайдың ауасын сатуға да арланбайтын басты кейіпкердің психологиясына құрылған мұндай «арзан жүрістерге» қарадай жыным қозатынын жасырғым келмейді.

Әрине, сапалы тренинг – пайдалы іс. Бірақ біздің тренингтерде жылтыр сөз көп. Мотив жоқ. Тренерлер көбіне өзін халыққа жарнамалау үшін келеді. Ең қызығы, солардың ақшасына. Мұндай парадоксты бұрын-соңды көрсем көзім шықсын!

Елге шын жаны ашитын кісі жеке адамдар мен бюджеттің ақшасына емес, тегін сабақ берсе түсінер едім. Осындайда қаптаған университеттерде 40 мыңның төңірегіндегі айлыққа лекция оқып жүргендер есіме түседі. Тренинг өткізіп, қалтасын оңай қампитып жүргендерге қарағанда олар әлдеқайда құрметке лайық.

Тренингтен кейін түкке өажеті жоқ сертификат алып, селфилеткеннің дәл біздің қазаққа керегі бар ма?!

 

***

 

Кейбіреулерге жылы жымисаң, қарапайымдылығыңнан қуырдақ қуырып жеуге дайын тұрады. Ал енді біреулерге күле қарасаң, жаныңды жадыратар жақсы сөзін айтады. Неге? Мұның бәрі айналып келгенде әлгі адамның санасына байланысты. Қазақ Аллатағаладан басқа нәрсе сұрамаса да, екі нәрсені анық сұрайтыны да сол.

Ең алдымен, бала бер деп тілейді Құдайдан. Бала берсе, енді оған сана бере гөр деп жалбарынатыны тағы рас. Өйткені Аллатағаланың жаратқанына толыққанды тәрбиенің де жарамай қалатынын әлімсақтан білетін қазақ тәлімнің қайнар бұлағы тектіліктен басталатынын жақсы түсінеді. 

Жеке фактілерден жалпы қорытынды шығаратын болсақ, жер бетінде қазақтан асқан текті халық жоқ. Оның тектілігінің алғышарттары жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазықтай қағылған қағидасында жатыр. Қаны да таза, ойы да сергек. Сұлу торы аттай қалпынан айнымайтын қазақтың басқа елге көз алартпайтындығы мен тойған қозыдай қоңыр тірлікке бейімділігі – сол тектілігіміздің ең салалы белгісі.

Дәл осыны намыссыздық деп айтуға әсте болмайды. Нағыз намыссыздық асыл тегімізді ардақтай алмауда жатыр. Сондықтан да біреу саған күле қараса, жыртығыңа жамау сұрай берме! Жаман әдет!

 

***

 

Абдолла досымыз тірі болғанда бүгін Пайғамбар жасына келетін еді. Артында үш ұлы қалды. Құдайға шүкір, бəрі азамат болды. Енді соларға Алла ұзақ ғұмыр берсін деп тілеймін. Кенже ұлы Шерхан туғанда екеуміз таң атқанша «жуғанбыз». «Ұлыма сенің атыңды қойдым» деді жуу процесі жаңа бастала бергенде.

Мені алдау өте қиын. Баласын Шархан емес, Шерхан қойғанын сезіп тұрмын: «Квартира алып берген бастығың Шерхан Мұртазаның атын қойдым десең, мен сенің шапаныңды шешіп алмаймын ғой».

Абдолла қипалақтап қалды: «Шəке, сенің бойыңдағы барлық қасиет ұнайды. Бірақ осы сенің еврейлігіңнен шаршадым». Елдің бəрінің көңіліне қарап жүретін ақық досымның сөзіне сырахананы басыма көтеріп күлгенім əлі есімде.

 

***

 

«Ата, мен он сегіз жасымда үйленемін» деді кеше тұңғыш немерем Бердібек. Шошып кеттім: «Бұл не асығыс?». «Сіз тезірек шөбере сүйсін дегенім ғой, ата!» деді. Классик жазушылардың жазғандары бұлай жүректі дір еткізе алмап еді. Немерем жүрегімді аузымнан бір-ақ шығарды. Осындай баладан қалай айналмайсың?!

Айтары жоқ, 12 жасар немереммен сырласқаннан ғажап ләззат аламын.

Ол айтады: «Ата, мен ұлдарымның тегін сіздің атыңызға, қыздарымның тегін әкемнің атына жаздырамын».

Мен айтамын: «Әкең ренжіп жүрмесін».

Ол айтады: «Бұл туралы оның немерелері басын қатырсын, ата!».

Көзімнен жас аққанша күлемін. Немерем соншалықты мектепте озат емес. «Сабағыңды жақсы оқы» деп ақыл айтып, миын ашытқан емеспін. Көбінесе оны өмірге бейімділікке үйретемін. Өйткені өзімнің атам Кенжеғара да мені сабақты жақсы оқуға үндегеннен гөрі қу тіршіліктің лабиринттерінен қиналмай шығуға барынша үйретіп кеткенін талай жазғанмын. «Оқудың соңынан қуа берген де опа бермейді, балам! Ең бастысы, өмір сүруді үйрен. Дұрыс өмір сүруден асқан пәлсапа жоқ» деп отыратын атам, жарықтық!

Мен айтамын: «Бекебай, мен тірі тұрғанда ешкімнен қорықпа! Өліп қалсам, амал жоқ, әкеңді жағалайсың ғой».

Ол айтады: «Ата, сізді жағалап жүре бергенім дұрыс сияқты».

Мен айтамын: «Әй, Бекебай, әке-шешеңнің тәрбиесін де көруің керек. Сондықтан оларды да тыңдап жүр».

Бекебай бұл сөзіме де құлақ қойғанын байқап тұрмын. Оның «айқабақ» екенін білемін. Немере біткеннің бәрі күнбағыс сияқты. Күн қайдан шықса, сол жаққа аузын ашып қарап тұрады ғой бұлар. Дегенмен, бұл – өте  дұрыс үрдіс. Сондықтан да немереме «саналы түрдегі сатқындығы» үшін ешқашан ренжіген емеспін. Өйткені мұның бәрі – өзінің логикалық жолымен жүріп жатқан процесс. Оған ешкім де қарсы келуге болмайды. Қарсы келсең, бүкіл тәрбие тізбегінің тетіктерін өз қолыңмен бұзғаныңды біле бер.

 

***

 

Блогер дегеніңіз – әлеуметтік ориентация, ал журналистика кәсіп екенін ешқашан ұмытпайықшы, достар! Бір боқты бір боқпен араластырғаннан шаршадым, шынымды айтсам.

 

***

 

Тоқсаныншы жылдары қазақтың көптеген белгілі суретшілері өз жұмыстарын Алматыдағы Арбатта сатып тұратын. Бұл, әрине, жабайы капитализмнің бір деталі екеніне ешкімнің дауы жоқ. Шынында да, күні бүгінге дейін Қазақстанда арт-рыног дамыды деп айта алмаймыз. Қазақстан тұрмақ, Ресейдің өзінде бұл бизнес енді-енді аяғынан тұрып келеді. Қазіргі заманғы әлемдік өнер нарығының 78 пайызын Қытай мен АҚШ құрап отырғаны жасырын емес. Миллиардтаған доллар осы екі елде айналып жатыр.

Ал бізде арт-рыног әлі де әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде мойындалмай отырғанын мойындауымыз керек. Оның объективтік және субъективтік себептері өте көп. Біріншіден, осы бағыттағы заңнамамыз өте төмен деңгейде. Екіншіден, мемлекет тарапынан өнер адамдары әлеуметтік тұрғыдан қорғалмайды. Үшіншіден, тауарды (өнер туындысын) өткізудің нарықтық технологиясын меңгеру жағы әлі мардымсыз.

Осындай қиындықтарға қарамастан туған інім, белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұлов 9 ақпан күні тағы бір ерлік жасағанын мақтанышпен айтамын. Алматыдағы «Заңғар» сауда орталығынан өзінің жеке арт-галереясын ашып, оның тұсаукесерін табысты өткізді.

Осы күнге дейін өзі 7 мыңнан астам картина жазып, басқа белгілі суретшілердің жүздеген картиналарын сатып алып, қомақты коллекция жинап үлгерген Алпысбай осылайша Қазақстанда арт-рыноктің дамуына өз үлесін қосып отыр.

Бұл айтқанға ғана оңай. Мұның бәрі тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында келді. Арт-рыног тарихының бастауында тұрған Алпысбайдың бұл қадамы үшін ерекше қуанғанымды жасырғым келмейді. Тұсаукесердің өте табысты өтуіне Алпысбайдың ұлы, арт-дилер Әнуардың көп еңбек сіңіргенін де айту парыз.

Алматыда болсаңыз, арт-галереяға баруды ұмытпаңыз. Өнерге құштарлық картинаны сатып алудан емес, сол картиналарға терең үңіліп, ойлауға үйренуге бейімделуден басталады. Ал ойлауды үйренген қазақ күндердің күнінде ойланбай картина сатып алуды да әдетке айналдыратынына сенімдімін. Өркениеттің көшінен қалмау деген осы!

 

***

 

Қазақия – Құдай қарасқан ел. Территориясы – тұнған байлық. Тірі организмде Менделеев кестесінің барлық элементтері бар ма, жоқ па, мен білмеймін, ал біздің жерімізде химия кестесі толығымен табылатыны баяғыда дәлелденген. Бірақ бұл байлықпен мәңгілік ел болу мүмкін емес.

Біріншіден, дәл осыны Құдайдың сыйы емес, Құдайдың сыны деп қабылдамағанымыз қазір белгілі болып қалды. Қазақтың жатыпішер жалқаулығының барлық сыры осында жатыр. Табиғи ресурс сияқты байлық атаулы адамды ойлаудан оқшаулайды. Ой жоқ жерде озық технологияға ұмтылыс оянбайды.

Екіншіден, табиғи ресурс күндердің күнінде бітеді. Моралды тұрғыдан тозатын қазба байлықтарды айтпағанда, мұнайдың өзі енді қырық жылдан соң әлем бойынша сарқылып тынады. 

Олай болса, адами капиталын аялаған ел ғана алдыңғы қатарға шығатынын түсінетін кез келді. Тек технологиясы дамыған ел ғана жақсы өмір сүре алатын болады. Әрине, біз – есі бар халықпыз. Ақылды адамдарымызды ардақтай алғанда ғана алға озатынымызды да түсінеміз.

Бірақ мемлекеттік деңгейде барлық саладағы білімділеріміздің қадір-қасиетін бағалай алып жүрміз бе? Оң жауап беру әзірше қиын. Енді қайтсек, ардақтай аламыз оларды? Әділеттілік орнағанда ғана. Иә, барлық игіліктің бастауы – әділеттілік.

 

***

 

 

          

Жапонияда эксперимент жүргізіпті. Компьютерге осыған дейінгі композиторлардың барлық фугасын енгізген. Ақылды құрал сол композициялық техника мен пішіннің барлығын таныған. Басқаша кестелесек, олардың бәрі мүмкін нәрсе екені анықталған. Бұдан кейін Бахтың бесдауысты үштаған «Распятие» фугасын тану тапсырылған. Компьютер «Бұндай шығарма жазылуы мүмкін емес» деп жауап берген. Осыдан соң Бахтан асқан композитор жоқ екені түпкілікті дәлелденді.

Шынында да, мұндай күрделі шығарманы жазуға композитор болу аздық етеді, оған қоса математик және физик болуың да қажет. Математика, Жарататылыс және Музыка үшеуін басқа сыймайтын деңгейге дейін үйлестіру тек Құдайға қалтқысыз сенген және сүйген адамның ғана қолынан келеді.

 

***

 

Əңгіменің ең əдемісі – Алланың барына бір сәтке де шек келтірмеу жəне Жаратқанды шексіз сүю!

 

***

 

Әділеттілік орната алмай жүріп алдыңғы қатарлы ел боламыз деу – барып тұрған ақымақтық. Барлық істің бастауында әділеттілік тұрғанда ғана жылтыр сөздің орнын өрелі істер алмастыра алады. Елді өркендетудің мың бағдарламасын жасай бер, ол жүзеге аспайды ешқашан. Әділеттілік орнатпасаң.

Әділеттілік орнату – қиын, әрине. Бірақ оңай деп айтуға да қорықпас едім. Иә, ниет болса, әділеттілікті орнатудан өткен оңай нәрсе жоқ. Ниеттің қорылдап жатқаны өкінішті!

Көшеде түкіріп бара жатқан адамды көргенде ылғи осы ой келеді. Әділеттілік орнаса, көшеміз де, көкірегіміз де тазаратынына күмәнім жоқ. 

 

***

 

Ешқашан ешкімді мақтаушы болма! Творчествосын мақтаймын десең, мейлі, мақтауға тұрарлық болса, аянба! Ал жеке басты мақтап абырой таппайсың. Ең жақсы көретін адамдардың тарылмайтын жерде тарылып, жарылмайтын жерде жарылғанын көріп жүрміз. Талай рет. Осындайдан кейін ойланып қаласың.

Жалпы, жеке басқа табыну адами болмыстың табиғатына өте зиянды құбылыс екенін көп дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Табындырушы үшін де. Табынушы үшін де. Біздің өміріміздің барлық трагедиялары осы құбылыстан балалап жатқанын бажайлау қиын емес. Жанды зат есімді мақтаудың қарама-қайшылықтары өте көп. Өйткені идеалды адам болмайды.

Бір нәрсені анық білемін, адамда жақсы көңіл күй болады, жаман көңіл күй болады. Барлық нәрсе осы екі нәрсеге байланысты. Жақсы көңіл күйге тап келсең, жолыңның болғаны. Жаман көңілге кез келсең, ол адамды өзің де енді көрместей боларың хақ.

Сондықтан да ешқашан ешкімді мақтама. Жақсысын көрсең, қуана біл. Жаманын көрсең, кешіріммен қара. Адами қарым-қатынаста басқа идеологияны көрмей тұрмын.

 

***

 

Көзжетімді ақпарат құралдарында (ТВ) ой айтатын интеллектің болмауының/интеллектіні болдырмаудың салдарынан қазір жұртшылық мысықтабандап отырып топастанудың апогейіне жетіп қалғандай әсер қалдырады.

Оның айқын дәлелі: көп адамдар баламалы пікір мен ерек ойды қабылдау тұрмақ, өре түрегелетін дәрежеге жетті. Ойға тұсау салудың мұнан асқан үлгісі болсайшы?!

 

***

 

Саясатта консенсус деген ұғым бар. Жабайы түсіндірсек, позициядағылар мен оппозициядағылардың «ауыз жаласуы». Дәлірек айтсақ, консенсус – спектакль. Драма десе, дұрыс болады.

Десе де, консенсус ешқашанда трагедия жанрында жазылмайды. Консенсус процесі белгілі бір уақытқа дейін халықты «жынды» қылып қоюы мүмкін. Бірақ соңғы нәтижеде елді трагедиядан құтқарудың бірден-бір жолы екені даусыз. Соған имандай сенемін.

 

***

 

Баяғыда Алматының төріндегі бір кафеде баспасөз күнін тойламақ болып біршама журналист жиналып қалдық. Қаңғалақтап жүріп кіл еврей ұлтының жазғыштары отырған столға барып жайғаса қалыппын. Неше түрлі әңгіменің тиегі ағытылып жатыр. «Ахаңнан» қағып алған жебекең ағайындар ақыр аяғында өз тумаларын іздеуге көшіп, кімнің қай жақтан еврей халқына жақын екенін тексере бастады. Әдеттері солай.

Ең батыл біреуі бастады: «Я по матери еврей». «А я по отцу еврей» деді екіншісі. Ал енді біреулері «а я по бабушке еврей», «а я по дедушке еврей», «я тоже по тете еврей», «а я по дяде еврей» деп шулап кетті. Өңкей еврей. Мен отырмын көзім бақырайып.

Жаудың қолына түскен тұтқын сияқты сүмірейіп отырғанымды байқаған біреуі мені қағытпақ болып, кекесінмен: «Шаке, а вы по какой линии еврей?» деп сұрақ қоймасы бар ма? Жыным ұстап кетті. «А я по жизни еврей» деп бір-ақ ұрдым құлақ-шекеден. Бәрі күлкіден қырылып қалды.

Бүгін Михаил Жванецкийдің «Все евреи похожи на учёных, все учёные похожи на евреев…Особенно знаменитые…Он в толпе, как в пшеничном поле… по движению толпы определишь, где он…»  деген сөзін «Все евреи похожи на журналюг, все журналюги похожи на евреев…Особенно знаменитые…Он в толпе, как в пшеничном поле… по движению толпы определишь, где он…» деп өзгерткім келіп отырғаны.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырау облысында бір отбасының қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты күдіктіге тағы бір айып тағылды, де...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке ағымдағы сессияның соңына дейін қосымша амнисти...