Сұраған Рахметұлы. Құдай өлді: Ницшенің қасіреті мен қайшылығы

Фотосурет intpointclub.r

ӘДЕБИЕТ
158

Әлемді тіксіндірген 10 жыл немесе – «Құдай өлді...»

Ғұмырияты күрделі

Фридрих Ницше (Friedrich Nietzsche) 1844 жылы жыланда дүниеге келген 1900 жылы тышқанда бақилық болған. Тарихта бай-бақуатты базарлы болған көне кент Лейпцигтің төлтумасы. Иоганн Себастьян Бах (1685-1750) полифониясын берген тәңіри тәжді бесік. Бабасы да байырғы Людвиг Ницше ХV ғ. христиандық ең көне протестанттық ағым саналатын лютерандық сенімге өлердей сенген мінәжаткер. Ежелгі Ұрымдық католиктерге қарсы бағыттағы дәріпші Мартин Лютердің інжілдік кәрі уағыздарына берілген мүрит.

 Балалық шағы – қасірет

Ницшенің өмірін зерттеушілер - оның балалық шағын «қасіретті кезеңі» деп санайды. Қарапайым шақалақ. 2 жасына дейін сақау, 5 жасында әкесі дүниеден өткен, кейін де екі жасар інісі де ғайыптан тайып шетінеген. Осы қасірет Ницшенің сәби жандүниесін жаралап, санасын зақымдап бүлдіргені белгілі. Біртүрлі бұйығы, жападан жалғыз ойнауды, жеке қалуды қалайтын ортадан мүлде оқшау өзімен өзі қалған балақай еді дейді. Жасында ептеп музыка әуенін тыңдап соңыра ақындықты да әжептәуір ұнатқан жеткіншек. Әуелі інжілдің тауыриһатын қатты жаттап үлкендердің көзіне түсті.  «Ваймар классиктері» Иоганн Вольфганг фон Гете (1749-1832) Фридрих Шиллер (1759-1805), Генрих Гейне (1797-1856) поэзиялары, Бах Бетховен, Вагнер әуендері Ницше үшін тым алыстағы жәуһерлер секілді емес еді. Ақындығы жұртқа көп әсер еткені көп ескерілмесе де Ницше классикалық әуендер кежегесінен кейін тартпайтынын сезді.

Ортасы оны шақырмады, жақтырмады.  Ортаға еркін еменжарқын енуді ол да соншама қаламайтын болса керек. Сотқарлау ересек балалар, мұқатып әркезде қағажаулап, ой санасындағы жалғыздығына бейкүмәнмен сезіктене қараған. Мүлдемге есалаң, жынды сүрей демесе де жүйкесінде шамалы кінәраты бар деп көретін дейді.

Өсер шағы өнерге ұласқан

1864 жыл. Оттай лаулаған 18 жасы оның да болашағынан аттап өткен жоқ. Қатарынан қалыспай оқуды таңдады. Ол кезде Бонн университеті оқшау да жаңа білім беретұғын байырғы ілім ошағы еді. Бұл университетті бағзы Пруссияның орденді серкесі ақсүйек король Фридрих Вильгельм үшінші 1818 жылы іргесін қалап берген-ді. Ол мұнда дәлдік ғылымдарынан дәрістер тыңдады. Теология және филология лекцияларынан әсте ләззат алмады. Дүниетанымы жаңа ғана қалыптаса бастаған Ницшені осы университеттің біртүрлі мимырт мылжың дәрістері жалықтырды. Дәрістерге тұшынбады тіптен күн сайын сабақтан жалтара берді. Оның үстіне жүйкесі мен санасын иемдене бастаған дерті де оқуына нұқсан келтірді. Осы кезде «бұ жалғанда мүмкін емес ештеңе жоқ...» деп жалаңаш қолымен жанып жатқан көмірдің шоғын уыстаған. Өртенген, қолдыраған алақаны өренжілерді  таңғалдырды. Қыздар ауыздарын аңқитып, тілдерін шығарып, сұқ саусағымен миларын шұқыды, ұлдар болса алақандарын жайып, иықтарын қиқитып, көздерін алайтты!? Бонн университетіндегі 1 жылы ғасырға тең болғандай болды Ницшеге. Ақыры ол осы ұлығаусар салмақты дәрістерден «өзін өзі құтқарып» Германиядағы ең көне Лейпциг университетін (1409) таңдады. Бұл университет Ницшенің әз жанына әудемсіз етене жақын да еді. Лейпциг университетінде төрт жыл оқып 1869 жылы әжептәуір бағамен бітірді.

Кітапқұмарлық

Көне Пруссияның әр қалаларында көне кітаптардың базары болатұғын. Ол көкірегіне ұялай бастаған жаңа ойларын ескі жазбалардан іздей бастады. Кітап дүкендерінде, ескі шіркеулердің сақталған қорларында саусағын жалап күніұзын тентіреп жүрді. Оның жан әлемі Иоган Готлиб Фихтенің «мен»-і еркіндікке қарай икемдесе керек-ті. Осы кезде оның жолындағы қаншама жазбалардың арасынан жарқырап көрінген бір жәуһер әлемге пессимист пәлсафашы деп танылған Артур Шопенгауэрдің Arthur Schopenhauer (1788-1860) кітаптары еді. Ницше болса осынау өзімен ұлты бір неміс ойшылы идеалистісі Шопенгауэрді 15-16 жасынан бастап оқи бастағаны туралы бірен-саран еңбектерде мәліметтер кездеседі. Енді мінеки «Еркін және елес дүние» (Die Welt als Wille und Vorstellung, 1819) қолына келген өренжі өзінің еркінен тым тысқары өзін баураған ерекше тартымды еңбекке «ерікті» түрде еніп кетсе керек. Ол, өзінің дүниетанымы да атақты философқа ерекше ұқсап бара жатқанын білді. Тіптен кереғарлығы былайғы жұртқа әбден жетті де. Әуелгі кезекте тілдің табиғи құбылыстарына бірсыпыра еңбектерін арнады да кейін біржола философиялық шүңетке еркін жүзді, тереңге қарай сүңгіді.  Үстемдік ерікті қайта таразылауға мүмкін осы кезден бастап атсалысқаны байқалады. Ницше «...адамның хайуаннан әрісі жоқ...» деген байламды сананы алға қояды.

Ницше өзінен бір жүз жиырма жас үлкен XVIII ғасырдың ғұламасы ғалым Иммануил Кант (1724-1804) құсаған немістің классикалық философиясының тауыриһатына ықпал жасай алды, алмады: немесе өзінен 45 жас кіші ХХ ғасырда батыс философиясына төңкеріс жасап үлгерген экзистенциалист Мартин Хайдеггер (1889-1976) секілді герменевтика, постмодернизм тағы да өзге танымдарға ықпал етті ме, әлде жоқ па!?-деген сауал ашық қалпында қала береді...

Ницше ақын болған...

Фридрих Ницше өте қысқа әрі терең мағыналы бірнеше өлең жазған. Солардың ең танымал, ең қысқа әрі күрделі философиялық өлеңдерінің бірі – «Vereinsamt» цикліндегі шағын шумақтардың бірі. Vereinsamt –  бұл German language деген көне сөз түбірінен шыққан ұғым. Ол «жалғыз қалған», «оқшау кеткен», «жалғыздықтан жапа шеккен» деген мағынаны білдіреді.

Неміс тілінде:

Die Krähen schrei'n
Und ziehen schwirren Flugs zur Stadt:
Bald wird es schnei'n –
Wohl dem, der jetzt noch Heimat hat!

Қазақша аудармасы:

Қарғалар қарқылдап,
Қаланы бетке алып ұшады.
Қар жауып дала да салқындап,
Бағы бар жарандар мысылы: Баспана бақытын құшады. 

Мынау мұңлы лирикалық тамаша өлеңнің ішкі мағынасы да аса маңызды:
Ницшенің мұндағы айтайын дегені – тек қыс мезгілін ғана жеңіл аңдап, жадағай суреттегені емес-ті.  Жалған дүниедегі жалғыздық пен жанын жаралаған жалқылық, рухыңды қатты жауратар ызғырық суықтықты жақсы бейнелейді. Қарғалардың қалаға қарай ұшуы – қара суықтың қаһары, ақырғы қиын-қыстау қалапат кезеңнің жақындауын өз сәуесімен іштей сезінгені еді. Ал «баспаналы адам бақытты» дегені – адамның рухани тірегі, отаны, жан жақындары болғаны үлкен бақ, жағдаятының жарасымы деген ойдың жұғымы.

Субқаһарман һәм «супермен» адам

Ницше 1869 жылы 24 жасында Швейцария Базель университетіне профессор ретінде шақырылды. Ол кезде заңды түрде Пруссия азаматы Швейцарияда мемлекеттік қызмет атқаруға Пруссия азаматтығынан шығуы қажет еді. Бірақ, ол Швейцария азаматтығын да әдейі алмады. Өмірінің соңына дейін еш елде азаматтығы жоқ (апатрид) болып қала берді. 1870 жылы әйгілі «Трагедияның тууы» (1872) деген туындысын жазды. Бұл арқылы ол бүткүл құндылықтарды қайта таразылау, бағалау керек деді. Дін, философия, эстетика, этикалық қағидаттарға түгелдей қарсылық ниеттерін жазды, қатты сынады. Бұл қағидаттар «адамды аздырудың алғышарты...» деді.  Ойпыр-ай, бұл(Die Geburt der Tragödie aus dem Geiste der Musik)  (Die Geburt der Tragödie, Oder: Griechentum und Pessimismus) қос кітап 1886 жылға шейін екі мәрте жаңғыртылып қайта-қайта басылды. Өз пікіріне өзі мүлде қарсы болған тұстары да орасан көп.

Ницшенің есім сойы әкесі қойған – «Фридрих Вильгельм» еді. Ницше өзі осы «Вильгельм» есімінен де бас тартты...

Азаматтықтан бас тартқан – асқақтық

Азаматтығы жоқ болғандықтан 1870-1871 жылы болған Франко-Пруссия соғысына қатыса алмады. Ұлтшылдық пен мемлекетшілдікті ұната қоймады. Соған орай 1871 жылы құрылған Германия империясының идеологиясын құптамады әрі тіпті де тура келіспеді. Оның ойынша күшті супермен (superman) асқақ адам: мемлекеттен, ұлттан жоғары, діни дәстүрден де биік тұруы керек деген қатаң ұстанымын ұстанды. Осылардың бәрін тар шеңберден шыққан, өте биік болуға балады. Өзін «неміспін» дегеннен гөрі – «тәуір еуропалық» (guter europaer) деген саяси астарды таңдады.

Философиялық маңызы

Фридрих Ницшені танушылардың бірсыпырасы  немістің ең ұлы философы Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770–1831) секілді «абсолюттік рух» ілімі секілді жүйелі жүлгені жасай алды ма,немесе неміс философиясының негізін қалаушы Иммануил Кант (1724-1804) жасаған ұлы ілімдерді игерді ме!? Деген сұрақтар қояды. Әрине осы заманғы саналы саналатын жандардың құлықсанасына самалдық енгізген оның ойлары өте қызықты. «Заратуштра бүй деген» (1883-1885) деген кітабы қатты мақталған. Оған арналып Штрастан сифония жазылды және «бесінші інжіл» деп те аталды. Мұндағы сана: «мемлекет ең ызғарлы зімістан,мемлекет шығармашының ата жауы» деді. Жоғарыда айтқан «Асқақ адам» идеясы беріледі. Асқан ба, асқақ па әйтеуір өз құндылықтарын өзі жасайтын, ештеңеге бағынбайтын, қара бұқараның құлықсанасына тәуелсіз әрі мемлекетке, ұлтқа, дінге, дәстүрге оңайшылықпен бағына қоймайтын тұлғаны осылай үкілесе керек!? Қысқасы «асқақ адам» - ұлттың өкілі емес, руһани деңгейдегі тұлға делінеді...Осы арқылы немістің ұлтшылдығын сынады. Өзін жеңген адам – асқақ болады мыс.

Ницше және құлдық құлықсана (мораль)

Бұл туралы Ницше «Генеалогия моролі» The Genealogy of Morals (1887) еңбегінде өте ашық жазады. Ол құлықсананың екі түрін ұсынады. Қожайын (Herrenmoral) құлықсанасы және құлдық (Sklavenmoral) құлықсанасы деген бейсаналы қисын. Қожайын құлықсанасы – күшті, батыл аристократ тт. Құлдық құлықсана – көнбіс, иіс алмас, қорқақ, ынжық тсс. Екеуі де құбылыс әрине. Демек, құлдық құлықсана – рессентимент һәм кекшіл, өшпенді, ішкі қыжыл, жеккөргіш, күншілдігі өте басым. Бұл қасиет күштіні алдында жуас, жалтақ, қызғаншақ, тайғақ, екіжүзді жүйе һәм құлдық құлықсананың негізі деп сендіреді... Ницше христиан дінін құлшылық, құлдық құлықсананың көрінісі деп мінейді. Дін тек қана мына жалғанның әлсіздігін, азабын дәріптеп көбінесе «жұмақта жолығуды» уағыздайды деп кезінде жөйіттік жебірейдің иудаи дінін де қоса сынайды. Бірақ, ол құлдық құлықсананы түбірімен жоя алмайтынын жақсы біледі. Сол үшін құндылықты адамның өзі жасауы керек дегенді кесіп-кесіп айтады.

Ницшенің түп санасы

Адамдар өз құндылықтарын өзі көтеріп, өз пирамидаларын өздері жасайтын болса дейді .Оның ойынша осы қасиет тек асқақ (асқан) жаңа адамның типіне қатысты болмақ. Себебі, асқақ адамның немесе қожайын құлықсанасының үлгісі болса деген қисынды меңзейді. Ұлы Абайдың «Масғұт» дастанында ұждан мәселесі сипатталады, Ақылдан қашу немесе адам өз әрекеттерін тек ақылмен емес ерік, күш-қуат (энергия) арқылы жасауға болатынын айтады. Өзін дамытуға, өзгеден үстем болуға, өз күшіне сенуге шақырады. Асқақ адам ақылды өзі ғана жасайды... Біреудің сыңыр да қосалқы ережесімен өмір сүру мүмкін емесін, өмірді өз өлшеміңмен мөлшерле дейді. Ол, дүниенің негізінде ақыл емес қайрат пен жігер бар дейтін волюнтаризм бағытын жорамалдайды. Бірақ та ақылды толық жоққа да шығармайды. Ұлы Абай да «Масғұт» дастанында өз заманындағы дүниеқоңыздық адамды аздыратын түрлі қолпаш-қошаметтер дейді. Масғұт кейіпі болса тіптен ақылдылықтан, байлықтан қашады. Құлықсана пәлсафасы атақты дастанда осыны анықтап көрсетеді.

Ницшенің өз позициясы

Ницше антисемитизмді қатты сынады. Оны кейбір деректерде антисемит деп көреді. Өкінішке орай Адольф Гитлер нацистік идеологиясына оның осы көзқарасын бас пайдасына керемет жарата білді. Сонымен бірге өз әпкесі Тереза Элизавет Александра Фёстер-Ницше (Therese Elisabeth Alexandra Förster-Nietzsche 1864-1935) де інісі өлгеннен кейін оны антисемит деп Ницше идеяларын фашистік идеологияға қарата бұрмалап жария еткені бар.

Философия тарихында Ницшені иррационализмге (дүниетануда ақыл-ой басымдық етпейтін қисын) жақын волюнтаристік идеяларды дамытушы деп те бағалайды. Сондықтан оны ХІХ ғасырдағы ең ірі күрделі философтардың бірі деп санайды. Алайда волюнтаризмнің нақты классикалық сәуегейі Шопенгауэрден аса алмағаны хаһи.

Ницшенің ақыры

Фридрих Ницше өмір бойы үйленбей жалғызбастылықта өтті. Махаббат қызығын, мәжнүндік ғашықтық ғұмырды да басынан кешірді. Ол, 1882 жылы орыстың асқан дана аруы, атақты эссегер, психоаналитик еркін ойшыл  Лу Андреас-Саломе (Lou Salomé  1861–1937) – ні  құлай сүйді. Ал, Андреас-Саломе Ницшемен мінсіз дос болуды ғана қалады. Ұлы Абай айтқандай: «...әйелдің достығын ерекше қадір тұтады...» ол.

 

author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

АЙМАҚТАР

"Қазгидромет" 26-28 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады. Алдағы күндері ел аймақтарында...

Шоу-бизнес

Жанболат пен Жазираға келін болып жатқан сіңлісіне тілек айтқан Кенжебектің әйелі тілек айтып, сынға...