Жәнібек Саянұлы. Бос әткеншек тербеліп қалады енді

Фотосурет автордан

ПОЭЗИЯ
79

Емберген Жәнібек Саянұлы 2005 жылы 15 тамызда Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келген. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің журналистика білім беру тобының екінші курс білімгері.


Жылжы алға, жылжы, көш өлең деген

Жылжы алға, жылжы, көш өлең деген,
Ел арнаса тілегін: «өре» деген.
Сабағынан үш алған бала сынды,
Әке-шешем қалаға елеңдеген.

Жүрек пе жүз толғанып жыр жұтпаған,
Жалған-ай, керуенді өрге жылжытпаған.
Сауыты жоқ жауынгер – менің әкем,
Тәңірінің бұйрығын бұлжытпаған.

Түндерде ой сапырған шұбырмалы,
Тірлік-тартыс тоқтаусыз жыбыр ма әлі?
Кейде боран, кейде жел күйі анамның –
Ақпанның мінезіндей құбылмалы.

Ыстық отта шексіз уақыт гүлі жанды,
Келгенде ой: бірі жансыз, бірі жанды.
Білмей өтсе қадірін ата-ананың,
Жер әлдилеп қалады тірі жанды.

Алшаң басам жыр тұғырым сынбағасын,
Ұғынамын екеуінің құн бағасын.
Дымсыз кетер өмірден дуана емен,
Түйсінбей алтынымның шын бағасын.

Ойланайық, қалмайық ғұламасыз,
Күйі болмас домбыраның бұрамасыз.
Кешіріңдер, есті адамға мұң дарымас,
Өмір атты ең ұлы драмасыз.

Жортып жүріп жақсыға кезік деген,
Ақылды бол, балам-ау, сөз ұқ деген.
Қарайлайды қалаға мұңды үмітпен,
Әке-шешем жазғанымды ежіктеген.


Жауабын тосқан қоңырау

Тұтқадағы күйі бәсең көңіл-ау,
Саған бәрі, саған бәрі жеңіл-ау.
Мен жауап та бермедім, үндемедім,
Астанадан соғылғанда қоңырау.

Тұрса да көкейіңде әлі сұрақ,
Біз өткерген түндердің бәрі сұрақ.
Сағынышың сезіліп тұрды сенің,
Мен кеткенмен желіден алысырақ.

Жан едік дер үнсіз, тілсіз ойланысқан,
Оралып көп естелік ойдан ұшқан.
Тек түсінсе жарар еді,
Ұнамасын қашықтан байланысқан.

Үмітсіздік үкімі кесілмесін,
Сағыныштар сайтандай есірмесін.
Көріп тұрып жанымнан қыршаңқылық,
Кешірерін білмеймін, кешірмесін.

Берілген жоқ, берілмейді жатқа барым,
Сірә, менің жанбайды отқа барым.
Жанарынан мұң танып тұр арудың,
Қанша уақыт алынбай хат-хабарым.

Алса бикеш жігерін сәл үгітіп,
Қалған болар сүймеген жары күтіп.
Жары да жоқ-ау осы, жары болса,
Жүрмес еді жауабымды әлі күтіп.

Толмағанмен жасқа мүлде омыраулар,
Керегін қармақсыз-ақ өмір аулар.
Жүректің жыртылмаған хаты болып,
Жырақтан жете берсін қоңыраулар.


Алыстағы жақынға

Болмайды ма жалын мені қарымасаң,
Жүрексің бе жақсы іске жарымасаң?
Сен сыйлаған үмітті өлеңге есіп,
Күйімді басқан жоқпын әлі масаң.

Сен қалпыңды сақтадың биік тағы,
Кірпігіңмен бір түртіп, қиық тағы.
Сот жасады сезімім жалт еткенде,
Сайтан менен періште иықтағы.

Кездерінде мендегі ойдың бәрі атылған,
Сол ойдан сағыныштың нәрі атылған.
Бір жаңғырық соғып өтті құлағымды,
Сенің ғана даусыңнан жаратылған.

Сұм сағымның шәрбатын жалатады,
Бақыт таңы неге менен әрі атады?
Махаббатты жаратса көкте Құдай,
Жерде ақын тәтті өлеңін жаратады.

Басқым жоқ таңдауымнан шалыс тағы,
Сан соққызып жасаған әр іс тағы.
Ғұмырнамам болар еді шимай батпақ,
Жақынымнан айырылсам алыстағы.

Өзің айтшы, сенде барға жармасты кім,
Бірі келсе, біреу кетіп алмасты кім?
Қанат тағып ұшпас ең жыр көгімде,
Тарап менің қалғанда сәл мастығым.


Дос аруға сағыныш

Көшіп керуен алдымда қыбырлайды,
Жырын оқып жүрек толқып жыбырлайды.
Қалқиып сен тұрған үй қақпасынан,
Бала күнгі естелік сыбырлайды.

Есіңде ме бірге ойнап жүргеніміз,
Уайымсыз үйге күліп кіргеніміз?
Кездер-ай, сен де бала, мен де бала,
Ойын ғана екен ғой білгеніміз.

Кеші ауылдың енді олай жайнамайды,
Бала сезім лаулайды, қайнамайды.
Топырағы тозып қалған көшелерде,
Енді, қарғам, байырғылар ойнамайды.

Хабар жетпей бүгін мен кешемізден,
Өтіп кетті талай күз кеше бізден.
Біз есейіп кеткен соң, елігім-ау,
Көрік тайып кеткен-ді көшемізден.

Сыйластық сол қалпынша арадағы,
Келші ауылға, сағынышым қаладағы.
Сенің жаның жаурады деп ойлаймын,
Жауқазындар жаураса даладағы.

Тапса достық баяғы жарасымын,
Сол достықтың бақытқа таласымын.
Сені көрсе алатын тілін жұтып,
Мен бұрынғы ауылдың баласымын.

Сен сағымсың, үнімнің өктемісің,
Жұлдыз бейнең жап-жарық көкте мүсін.
Жағаласа жететін жыл құсымен,
Сен жүректің шын жұмақ көктемісің.

Мен жазған жыр сары уайым күз демес ем,
Ұялмайын бола ма сіз демесем.
Өлең қып жазбас едім мен өзіңді,
Әлемді бұзып-жарып іздемесем.


Сұрауың қайда, сағыныштар?

Сөйлемдей көп нүктесі толықпаған,
Шіркін өмір, тағдыр бар ол ұқпаған.
Сұм сағыныш теңселтіп жүргенін-ай,
Қайықтай жағалауға жолықпаған.

Жауапсыз неге жаттың, сан сұрағым,
Жана алмай бықсығанда жан шырағым.
Замандар жынын алған бақсыдайын,
Келмейді өз-өзімнен сансырағым.

Кешегі сәт бір бұрылмай барады енді,
Қыл бұрауын ішкі әлемге салады енді.
Әсем бақта, дүние-ай, фәни деген,
Бос әткеншек тербеліп қалады енді.

Күзді қайтемін, көкейде сызы қалған,
Бір көлеңке әр өлеңде жүзі қалған.
Сағыныш сағаттары үмітімдей,
Ең соңғы секундының ізі қалған.

Ешкім жоқ қой уайымын сайлап алған,
Түпкіріне түпсіздің бойлап алған.
Балдай күнім жылтырақ бұйым ғана,
Батпырауық басына байлап алған.

Болғаныңмен сананы тіліп қалған,
Еркем едің есік қақпай кіріп қалған.
Сұрауың қайда сенің, сағыныштар,
Күмәннің күркесінде күліп қалған?


Қарыз дәптер

Серттейін, селкеу түсіп бұзылмаған,
Сыйлады-ау қарыз дәптер қыжыл маған.
Қайтпай қалған алдымда берешегі,
Аты қалды біреудің сызылмаған.

Отырғанда тізімді тізіп тастап,
Тыңдамады ол сөзімді үзіп тастап.
Қолы ашық адамға қарыз беріп,
Рақат көре алмадым сызып тастап.

Қайтар қарыз абыройым құйын болса,
Мен тізімнен шет қаламын жиын болса.
Сен де маған берсеңші қарыз, адам,
Қалтаңда артық шыққан тиын болса.

Білмейді ғой басымда тасырын бақ,
Соқыр тиын тұрмайды, әсілін бақ.
Қырық қадам жерде боп той-думаны,
Мені көрсе, ойнайды жасырынбақ.

Ала қойман мен оның түгін ертең,
Көре жатсам тұрмыстың жүгін ертең.
Бекетті аяқтармыз өмір дейтін,
Қайтарам деп жүргенде бүгін-ертең.

Қайырар берешегі досыма құн,
Жолын тосып көретін осы ма күн?
Даулап бүгін баяғы ердің құнын,
Жүз жылқы сұрамадым, шошымағын.

Көріп, танып кемелін, шаласын да,
Тыңдап тұрып арызын, наласын да.
Қалталымен сыйласса қазір заман,
Қарыз беріп тұрайын арасында.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz....

ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұржан Төлендиев отбасындағы қызықты әдеттері жайлы журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында айты...