ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ АБСУРДТІҢ ЗАРДАБЫ

Фотосурет автордан

ӘДЕБИЕТ
126

Қазақстанда «рәміз» ұғымына қатысты қалыптасқан ғылыми-әкімшілік пікірталас – жай ғана терминологиялық келіспеушілік емес, бұл – ұғым мен құқықтың арақатынасын түсінудегі жүйелік дағдарыстың көрінісі. Мұнда мәселе бір сөздің аудармасында емес, тұтас ғылыми парадигманың бұрмалануында жатыр. Терминологиялық комиссияның 2022 жылғы 10 қарашадағы «regional symbol» тіркесін «өңірлік нышан» деп аудару туралы ұйғарымы – дәл осы бұрмаланудың айқын мысалы. 

Бұл ұйғарымның басты кемшілігі – «рәміз» ұғымын жасанды түрде тек мемлекеттік үштікпен (Ту, Елтаңба, Гимн) шектеуге ұмтылуы. Алайда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңында мұндай шектеу мүлде жоқ. Заң тек мемлекеттік деңгейдегі рәміздердің құрамын анықтайды, бірақ «рәміз» сөзінің жалпы семантикалық және ғылыми аясын тарылтпайды, оны өзге контекстерде қолдануға тыйым салмайды. Жүргізілген талдау Терминологиялық комиссияның «рәміз» атауын тек мемлекеттік деңгейдегі үш негізгі белгімен шектеу және «regional symbol» тіркесін «өңірлік нышан» деп бекіту жөніндегі ұйғарымының құқықтық негізі заң мәтіндерінен тікелей туындамайтынын көрсетеді. Сонымен қатар бұл ұйғарым ұғымдық жүйені жасанды түрде тарылтып, «рәміз» ұғымының бастапқы семантикалық ауқымын шектеуге әкелетінін аңғартады.

Ең алаңдатарлығы – бұл ұйғарым ғылыми емес, әкімшілік редукцияға негізделген. Терминологиялық комиссия – нормативтік орган емес, оның ұйғарымдары құқықтық күшке ие емес. Соған қарамастан, ол өз құзыретінен тыс әрекет етіп, ұғымдық жүйені шектеуге тырысады. Бұл – құқықтық иерархияны бұзу ғана емес, ғылыми классификацияны да күйрететін тәсіл.

Геральдика теориясы бұл мәселені әлдеқашан шешіп қойған, сондықтан оған қайта оралу – ғылыми регресс. Классикалық еуропалық геральдикада рәміздер қатаң иерархиялық, бірақ көпдеңгейлі жүйе ретінде қарастырылады. Мысалы, Германия Федеративтік Республикасы құрамындағы әрбір федералдық жердің (Bundesland) өз гербі бар, әрі олар ресми түрде «state symbols» ретінде танылады. Сол сияқты Ұлыбритания-да графтықтар мен қалалардың гербтері ғасырлар бойы құқықтық және мәдени айналымда «symbols» ретінде қолданылады. Франция коммуналарының геральдикалық жүйесі де дәл осы қағидаға негізделген. Мәселен, Лондон қаласының гербі, Париж қаласының гербі немесе Берлин гербі – барлығы да ресми деңгейде «symbol» деп аталады. Оларды ешкім «нышан» деп бөліп, төменгі категорияға түсірмейді. Өйткені геральдикалық ғылымда ұғымды тарылту емес, оның жүйелік байланысын сақтау – басты қағида.

Геральдиканың тағы бір іргелі ұстанымы – аллоформалылық (вариативтілік). Бір рәміз әртүрлі графикалық формада көрінуі мүмкін, бірақ оның мәні өзгермейді. Мысалы, арыстан бейнесі әртүрлі позада (rampant, passant) бейнеленсе де, ол бәрібір «lion» ретінде танылады. Дәл сол сияқты кресттің ондаған түрі бар, бірақ олардың барлығы «cross» ұғымының шеңберінде қарастырылады. Бұл – рәміздің мәні оның формасынан кең екенін дәлелдейтін негізгі теориялық қағида. Ал терминком ұсынған «рәміз»/«нышан» дуализмі осы қағиданы тікелей жоққа шығарады. Алайда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының лингвистикалық сараптама қорытындысына сәйкес, «Қазақ» сөздігі, Қазақстан Республикасының заңнамасы, комиссия бекіткен сөздік және салалық терминологиялық сөздіктерде «рәміз» сөзі «шартты мағынасы бар заттай белгі», яғни «символ» ретінде сипатталып, негізінен ресми ісқағаздары мен публицистикалық мәтіндерде қолданылатыны көрсетіледі. Ал «нышан» сөзі «белгі», «ишара», «бір нәрсенің сыртқы көрінісі» деген мағыналарды білдіріп, көбіне сөйлеу тілінде және көркем әдебиетте жұмсалатыны атап өтіледі. Осы ұғымдық және функционалдық айырмашылықтың өзі «региональный символ» тіркесін «өңірлік нышан» деп аударудың ғылыми негізсіздігін айқын көрсетеді. Өйткені мұнда ресми-терминологиялық деңгейдегі «символ» ұғымы стилистикалық жағынан төмен регистрге ауыстырылып, мағыналық дәлдік әлсіретілген. Бұл айырмашылық терминологиялық реттеудің ғылыми дәлелді негізден гөрі жасанды дуалистік жіктеуге сүйенетінін айқын аңғартады. Мұндай тәсіл жаңа мазмұн қалыптастырмайды, керісінше, бұрыннан орныққан біртұтас ұғымды жасанды түрде бөліп-жарып, оған екі түрлі атау телиді. Соның салдарынан бір ғана құбылыс параллель екі терминдік жүйеде көрініс тауып, ұғымдық сәйкестік пен жүйелік тұтастық жойылады. Бұл құбылыс жай ғана аударма қателігі емес, терминологиялық құрылымның ішкі логикасын деформациялап, ғылыми классификацияны бұзатын тұтас концептуалдық бұрмалану. Демек, ол терминологиялық абсурдтың айқын әрі классикалық көрінісі ретінде танылады.

Шын мәнінде, «рәміз» – деңгейлік емес, жүйелік ұғым. Оның ішінде мемлекеттік рәміздер (жоғарғы деңгей), өңірлік рәміздер (аралық деңгей), ведомстволық және әскери рәміздер (арнайы деңгей), мәдени және тарихи рәміздер (кең әлеуметтік деңгей) табиғи түрде өзара сабақтас тұтас құрылым құрайды. Осы құрылымды жоққа шығару – бір терминді өзгертумен шектелмейтін, тұтас ғылыми-ұғымдық жүйені ыдырататын әрекет. Ал ғылымды әкімшілік шешім арқылы қайта жазу мүмкін емес. Терминологиялық комиссияның бұл ұйғарымы құқықтық негізден жұрдай ғана емес, геральдикалық теорияға түбегейлі қайшы, халықаралық тәжірибемен үйлеспейтін, тілдік жүйеге қарсы және ең бастысы – ұғымдық тұтастықты жүйелі түрде бұзатын қадам ретінде көрінеді.

Терминологиялық комиссияның ұйғарымына сүйенген министрліктегі геральдика саласына жауапты шенеуніктердің ұстанымы да дәл осы логикаға құрылған: өңірлік деңгейдегі геральдикалық белгілер «рәміз» емес, «нышан» ретінде бекітілуге тиіс. Олар әзірлеген Қағидада бұл тәсіл нормаға айналдырылып, «рәміз» ұғымы әдейі шектеліп, өңірлік белгілер төмендетілген «нышан» санатына ығыстырылған. Мұның бәрі «қоғамдық пікірталасты болдырмау» және «мемлекеттік рәміздердің дәрежесін түсірмеу» деген уәждермен ақталады. Алайда бұл уәждер құқықтық та, ғылыми да емес — олар нақты норманы дәлелдеудің орнына әкімшілік сақтықты бүркемелейтін декларативті риторика ғана. Шын мәнінде, бұл тәсіл құқықтық ұғымды түсіндіру емес, оны биліктік деңгейде қайта құрастыру, ал терминологияны ғылыми жүйе емес, басқару құралына айналдыру болып табылады.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңы мемлекеттік рәміздерді нақты әрі жабық тізіммен бекітеді: Ту, Елтаңба, Гимн. Бұл норманың мәні – оның өзгермейтіндігі мен бірмәнділігінде; ол кеңейтуге де, тарылтуға да, әкімшілік тұрғыдан «қайта түсіндіруге» де жол бермейді. Сондықтан «рәміз» ұғымын осы үштікпен шектеу – заңның талабы емес, заңнан тыс жасалған әкімшілік интерпретация.

Бұдан да сорақысы – қағида деңгейінде өңірлік геральдикалық белгілерді «нышан» деп бөлек категорияға шығару арқылы құқықта мүлде жоқ жасанды семантикалық иерархия енгізілген. Бұл – құқықты қолдану емес, құқықтық ұғымды бұрмалау. Нәтижесінде шынайы құқықтық жүйеге қатысы жоқ, бірақ тәжірибеде күштеп енгізілген схема қалыптасты: «рәміз» – жоғары, сакралданған, «қол сұғылмайтын» категория; «нышан» – әдейі төмендетілген, қосалқы деңгей. Бұл – құқықтық норманың табиғи дамуы емес, әкімшілік тілдік конструкция арқылы ұғымды қайта құрастыру. Яғни заңдағы ұғым сақталғандай көрінеді, бірақ оның мазмұны іс жүзінде өзгертіліп, терминология басқару құралына айналған.

«Қоғамдық пікір-таласты болдырмау» уәжі құқықтық мемлекет қағидаттарына тікелей қайшы. Терминологияның міндеті – пікірталасты бүркемелеу емес, керісінше оны нақты, дәл ұғымдар арқылы ашық әрі жүйелі түрде реттеу. Пікірталастан қашу құқықтық тәсілге жатпайды, бұл тек басқарушылық тәуекелден сақтанудың әлсіз әрі уақытша амалы. Сондықтан «қоғамдық пікірден қашу» құқықтық аргумент бола алмайды. Ол норманың дәлдігін де, ұғымның тұрақтылығын да қамтамасыз етпейді, тек шешімнің ғылыми және құқықтық негізінің жоқтығын жасыратын риторикалық сылтау.

«Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін түсірмеу» деген уәждің өзі ішкі логикаға сай келмейді. Бұл – рәмізді қорғау емес, ұғымды әдейі тарылту арқылы оны формальды «сақтау» әрекеті. Рәміздің беделі өзге ұғымдарды жасанды түрде бөліп, төмендету арқылы емес, нақты құқықтық регламенттің айқындығы мен институционалдық тұрақтылық арқылы қамтамасыз етіледі. Керісінше, ұғымдарды әкімшілік жолмен жіктеу рәміздік жүйені күшейтпейді, оны фрагменттейді: біртұтас рәміздік кеңістік жасанды деңгейлерге бөлініп, табиғи мағыналық байланыстар үзіледі. Соның салдарынан өңірлік деңгейдегі мәдени-рәміздік институттар толыққанды дамудан шеттетіліп, олардың құқықтық және рәміздік салмағы әдейі әлсіретіледі. Бұл – қорғау емес, рәміздік жүйенің құрылымдық тұтастығын бұзу.

«Өңірлік нышан» ұғымын енгізу – бейтарап терминологиялық жаңарту емес, рәміздік кеңістікті әкімшілік бақылауға икемдеу әрекеті. Мұнда терминология түсіндіру құралы болудан қалып, алдын ала белгіленген институционалдық жіктеуді күштеп бекітетін механизмге айналып отыр. Соның салдарынан оның ғылыми табиғаты ығыстырылып, орнына басқарушылық мақсатқа қызмет ететін сүзгі қалыптасуда. Яғни мәселе бір терминнің атауында емес – бүкіл жүйенің бағыты бұрмаланып жатыр. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, терминдердің мазмұнын құқықтық нормалар мен ғылыми дәлдік емес, әкімшілік «қауіпсіздік логикасы» айқындайтын жағдай орнығады. Бұл терминологияның мәнін әлсіретіп қана қоймай, құқықтық ұғымдардың өзіне сенімділікті де төмендетеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «өңірлік нышан» ұғымын енгізу және оны «рәміз» ұғымынан ажырату тәжірибесі құқықтық нормадан тікелей туындамаған, ғылыми-лингвистикалық тұрғыдан толық негізделмеген, ұғымдық жүйеде жасанды иерархия қалыптастыратын, терминологиялық кеңістікті тарылтатын ұйғарым ретінде бағаланады. Осыған байланысты қолданыстағы терминологиялық саясатты қайта қарау – тек орынды емес, қажетті қадам. Ол құқықтық дәлдікке, ұғымдардың бірмәнділігіне және ғылыми бейтараптыққа негізделуге тиіс. Терминология идеологиялық немесе әкімшілік сүзгіге айналмауы керек, ол құқықтық-ғылыми жүйе ретінде қызмет етуі қажет.

Сондықтан «өңірлік нышан» деген жасанды конструкциядан бас тартып, «өңірлік рәміз» терминін сақтау – ғылыми, құқықтық және тілдік тұрғыдан бірден-бір дұрыс шешім.

Айдын Рысбекұлы, геральдист 

 

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтауда Telegram арқылы психотроптық заттарды насихаттайтын парақшалар таратып, ғимараттарға граффит...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астана-Щучинск тас жолында жеңіл көлік бұланмен соқтығысты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Оқиға...