Астанада алғаш рет дипломатиялық корпустың қатысуымен «Наурыз балы» өтті

МӘДЕНИЕТ
459

Елордада алғаш рет Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған «Наурыз бал» атты іс-шара өтті. Бұл кеш түрлі елдердің дипломатиялық корпусын, халықаралық ұйым басшыларын және шетелдік компаниялар өкілдерін жинаған ерекше мереке болды, деп хабарлайды madeniportal.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматына тоқталып, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы сөз еткен негізгі тезистерді атап өтті.

Сонымен қатар министр мәдени мұраны насихаттау мен оны әлемдік аренада таныту мақсатында министрлік тарапынан жасалған жобаларға тоқталды.

Соның ішінде аталмыш іс-шара барысында таныстырылымы өткен Qazaq сulture ақпараттық-танымдық порталы бар. Онлайн портал Мемлекет басшысының еліміздің мәдени мұрасын таныту, ұлттық брендті, тарих пен мәдениетті насихаттау тапсырмасы аясында іске қосылып отыр. Qazaq Culture Қазақстанның көп қырлы мәдениеті мен бай тарихының айрықша белгісіне айналмақ.
Мерекелік іс-шарада Қазақстандағы тұңғыш көпұлтты «BIRLIK» ән-би ансамблі де өнерін көрсетті. Ұжым көпұлтты бірлік пен мәдениетаралық диалогтың бірегей үлгісін көрсетті. Ол 2024 жылы әлем халықтарының мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, дәстүрлі музыка мен биді дәріптеу мақсатында құрылған.

Сонай-ақ кеш қонақтарына бірнеше ай бұрын «ZHOSHY» фольклорлық ансамблі таныстырылды. Ансамбль мүшелері желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық сияқты сирек кездесетін музыкалық аспаптарда ойнайды. Олардың шеберлігі мен таланты қазірдің өзінде көпке танылған, жақын арада шығармашылық ұжым Қытайда гастрольдік сапарға барып, өнер көрсетеді.
Дипломатиялық балдың құрметті қонақтары да қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтамын! Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақыт, жақсылық пен амандық тілеймін! Бұл қуаныш пен жаңару кезеңі сіздердің жүректеріңізге жарқын және жылы сезім ұялатсын, ал үйлеріңізге бейбітшілік пен амандық әкелсін», – деді БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Микаэль Фриберг-Стори.

«Наурыз көктемнің алғашқы лебімен бірге келді. Көктемгі күн мен түннің теңелу күні әр отбасына бақыт, қуаныш әкелетініне, жаңа жылда жақсы оқиғалар болатынына сенімдімін», – деді Германияның Қазақстандағы Елшісі Моника Иверсен өз құттықтауында.

«Бұл мейрам — адамдарға бақытты өмір сүруге, дамуға, өркендеуге, достық, береке мен махаббатқа үміт сыйлайтын көктемгі жаңару мерекесі. Наурыз бірлік пен тұрақтылық мейрамына айналып, үйлеріңізге бақыт әкелсін және ойлаған дүниенің барлығы жүзеге ассын», – деді Орталық Азия бойынша субаймақтық үйлестіруші, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы ХКҰ миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев.

Айта кетейік іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды.

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...