Петропавлда көзіне пышақ кіріп кетіп, ауыр жарақатпен ауруханаға түскен 3 жасар сәби 2,5 айдан кейін...
Шымкентте блефаропластика жасатқан әйел бір көзінен айырылды
Фото: Pixabay
Шымкентте блефаропластика жасатқан әйел бір көзінен айырылып қалды. Аталған іс сотта қаралды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz sn.kz сілтеме жасап.
Іс құжаттарына сәйкес, медициналық лицензиясы жоқ әйел өзін тәжірибелі маман ретінде таныстырып, пластикалық операция жасауға қабілетті екенін айтқан. Ол көздің төменгі бөлігіне түзету жүргізу үшін пациенттен 100 мың теңге алған. Бұған дейін дәл осы әйел жәбірленушіге құлақ қалқанын түзету отасын да жасаған.
Сот мәліметінше, алғашқы кездесуде пациент маманнан дипломы мен сертификаттарының бар-жоғын сұраған. Айыпталушы жоғары медициналық білімі мен қажетті құжаттары бар екенін ауызша растаған.
Алайда асқыну 2025 жылдың шілде айында жасалған екінші операция кезінде орын алған.
«Операция барысында қатты ісіну мен тоқтаусыз қан кету байқалған. Соған қарамастан пациент үйіне жіберілген. Кейін оған ісіктің уақыт өте басылатыны айтылған. Бірақ арада 10 күн өткенде әйелдің сол көзі толық көрмей қалған», – делінген сот материалдарында.
Кейін жәбірленушіге 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленген. Тексеру барысында айыпталушының медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы да, тиісті сертификаттары да болмағаны анықталған.
Сот оны кінәлі деп танып, 1,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар үш жыл бойы медицина саласында жұмыс істеуге тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, жаза мерзімі бір жылға шегерілді. Бұдан бөлек, сот шешімімен моральдық шығын мен емделуге кеткен қаражат өндірілді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде блогер Сәуле Базархан көз жұмған болатын. Сондай-ақ Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов липосакция кезінде қайтыс болған еді.