Қаржы мониторинг агенттігі тіс емдейтін емханалардағы тағы бір ілі алаяқтықтың бетін ашты. Бұл жолы...
Дұрыс тамақтану және ауыз қуысы денсаулығы: қант тұтыну мәдениетін өзгерту қажеттілігі
Фото: әлеуметтік желі
Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен қалыптасқан – Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) 3-ші бағытында «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», деп атап көрсеткендей, ауыз қуысының саулығы – адамның жалпы денсаулығының айнасы. Өкінішке қарай, көпшілік бұл мәселеге тіс ауырғанда немесе қызыл иек қанай бастағанда ғана назар аударады. Ал шын мәнінде ауыз қуысының денсаулығы тек тіс щеткасын қолданумен шектелмейді. Оның негізінде адамның күнделікті тамақтану әдеті, қант тұтыну деңгейі, өмір салты және өз денсаулығына деген жауапкершілігі жатыр.
Қазіргі қоғамда дұрыс тамақтану туралы жиі айтылады. Бірі оны артық салмақпен, бірі спортпен, енді бірі сымбатты дене бітімімен байланыстырады. Алайда дұрыс тамақтанудың ауыз қуысы денсаулығына тікелей әсері көп жағдайда ескерілмей жатады. Негізінде күнделікті тұтынатын тағамдар тістердің беріктігіне, қызыл иектің жағдайына, сілекей құрамына және ауыз қуысындағы микрофлора тепе-теңдігіне әсер етеді.
Бүгінде балалар мен жасөспірімдер арасында тәтті сусындар, фастфуд, жұмсақ ұн тағамдары мен қантқа бай өнімдердің кең таралуы алаңдатарлық жағдай туғызып отыр. Бұл жай ғана тағам таңдауы емес, болашақтағы стоматологиялық мәселелердің алғышарты. Әдемі қаптамада ұсынылған өнімдердің артында кейде тіс жегісі, қызыл иек қабынуы, эмальдың әлсіреуі, тіпті ерте жаста тіс жоғалту қаупі жасырынуы мүмкін.
Ауыз қуысындағы ең кең таралған аурулардың бірі – тіс жегісі. Оның негізгі себептерінің бірі – қантты шамадан тыс әрі жиі тұтыну. Мұнда мәселе тек қанша тәтті жегенде емес, оны қаншалықты жиі тұтынуда. Себебі ауыз қуысындағы бактериялар қантты ыдыратып, қышқыл түзеді. Ал бұл қышқыл тістің қатты тіндерін зақымдап, эмальды әлсіретеді. Егер мұндай әсер күн ішінде бірнеше рет қайталана берсе, тіс эмалі қалпына келіп үлгермейді. Соның нәтижесінде кариес пайда болады.
Көпшілік қант дегенде тек кәмпит, шоколад немесе тортты елестетеді. Алайда қауіп мұнымен шектелмейді. Газдалған сусындар, тәтті шай, қаптамадағы шырындар, йогурттар, тоқаштар, тәтті кофе, тіпті пайдалы деп саналатын кейбір батончиктердің құрамында да қант мөлшері жоғары болуы мүмкін. Демек, адам кейде өзі байқамай-ақ тістеріне күн сайын «шабуыл» жасап жүреді.
Профилактикалық көзқарас дегеніміз – ауру пайда болған соң ем іздеу емес, оның алдын алу. Өкінішке қарай, көптеген адамдар стоматологияны тек емхана ретінде қабылдайды: тіс ауырса барады, ауырмаса бармайды. Ал шын мәнінде стоматологиядағы ең маңызды бағыт – профилактика. Себебі ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз.
Ауыз қуысы ауруларының алдын алуда дұрыс тамақтану шешуші рөл атқарады. Рационда кальцийге, фосфорға және дәрумендерге, әсіресе D дәруменіне бай өнімдер болуы тиіс. Сүт өнімдері, ірімшік, айран, сүзбе, жұмыртқа, балық, жаңғақтар, көкөністер мен жемістер тек ағзаға ғана емес, тістерге де пайдалы. Мұндай тағамдар тіс тіндерінің минералдануына көмектеседі, қызыл иектің төзімділігін арттырады және ауыз қуысы тіндерінің саулығын сақтауға ықпал етеді.
Сонымен қатар, қаттылау тағамдарды шайнаудың да пайдасы зор. Мысалы, сәбіз, алма, қияр сияқты өнімдер тістерді табиғи жолмен тазартуға көмектеседі әрі сілекей бөлінуін күшейтеді. Ал сілекей ауыз қуысының табиғи қорғаныс механизмі болып саналады. Ол тағам қалдықтарын бейтараптандырып, қышқылдық деңгейін төмендетеді және тіс эмалін қорғауға көмектеседі.
Қантты толықтай алып тастау кей адамдар үшін қиын болуы мүмкін. Бірақ, мәселе тәттіден мүлде бас тартуда емес, оны тұтыну мәдениетін өзгертуде. Мәселен, тәттіні күні бойы аз-аздан жей бергеннен гөрі негізгі астан кейін бір рет тұтыну қауіпсіздеу. Сондай-ақ тәтті жегеннен кейін ауызды сумен шаю немесе белгілі бір уақыт өткен соң тісті тазалау пайдалы. Ең бастысы – тәтті сусындарды күнделікті әдетке айналдырмау.
Қазіргі қоғамда қант тек тағам ғана емес, белгілі бір деңгейде мәдениетке айналып кеткендей. Қонаққа барсаң – тәтті, шай ішсең – тәтті, көңіл күй болмаса – тағы тәтті. Алайда бұл көзқарасты өзгерту қажет. Тәтті тағамды күнделікті серік емес, шектеулі мөлшерде тұтынатын өнім ретінде қабылдау – денсаулыққа жасалған маңызды қадам.
Балалардың ауыз қуысы денсаулығына ерекше көңіл бөлу қажет. Себебі бала кезден қалыптасқан тамақтану әдеті адамның бүкіл өміріне әсер етеді. Егер бала ерте жастан тәтті тағамдарға үйреніп өссе, бұл тек тіс жегісіне ғана емес, жалпы зат алмасу бұзылыстарына да алып келуі мүмкін.
Қорытындылай айтқанда, дұрыс тамақтану тек сымбатты дене үшін ғана емес, ауыз қуысы денсаулығы үшін де маңызды. Ал қантты шамадан тыс тұтыну – тістердің «жасырын жауы». Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – өркениетті қоғамның белгісі. Ал ауыз қуысының саулығы сол мәдениеттің күнделікті өмірдегі нақты көрінісі.
Авторлар:
Сарсенбай Нұрым, Шекербек Даулет – стоматология факультетінің 2-курс студенттері
Құттыбаев Асылхан Дүйсенханұлы – патологиялық физиология кафедрасының профессор ассистенті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті.