Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру комитетінің 1939 жылғы 22 шіл...
Абай күні абайсыздық қылған жастармен жүздестік
Фото: автордан
Абай күнінде күллі Қазақ даласы Абай рухына тағзым жасады, тағылым алды. Қателеспесем, Абай күнінде тек бір ғана Алматыда 350-дей үкенді-кішілі шара өтті. Абай күнін Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі де жыл сайын әр алуан үлгіде атап өтіп келеді. Биыл Абай күні қарсаңында ұлт ұстазы 1913 жылы жазған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласын талдай отырып, танымдық дәріс жүргіздік. 8 тамыз күні Алатау ауданында өткен Абайға арналған көлемді мәдени кештің көрермені болдық. Хакімнің алғашқы кітабы туралы құжатты фильмді көрдік, жирма мың адам Абайдың «Көзінің қарасын» шырқағанын естідік.
Ал Абай өмірге келген 10-тамыз күні Алматыдағы әрбір рухани, мәдени орталықтарда ұлы тұлға ұлықталып жатқанда, мен жалт-жұлт еткен жалғанда жаза басып қалған жасөсіпірімдерді тәрбиелеп, кәмелетке толмаған сотталғандарға «Абай және бала тәрбиесі» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыдық.
Ұлы қазақ ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен, «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК,Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің атынан, түрлі қылмыстармен жазаға іліккен жасөспірімдерді түзететін №11 мекемеде тағылымды кездесу өткіздік.
Кездесу барысында Абайдың бала тәрбиесі, білім мен ғылымның маңызы, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жөніндегі тағылымды ойларын кеңінен айтуға тырыстық.
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген баба тағылымын, «Жаза баспас адам жоқ, жаңылмайтын қалам (қадам) жоқ» деп басталатын заңғар жазушы М. Әуезов сөзін тұғыр ете отырып, райы салқын сол бір оңаша орталықта дәрісімізді хакім Абайдың ұрпағы мен Алашын, адамзатын емірене сүйген ұшан-теңіз махабатынан мысалдар келтіріп, тыңдаушылардың ертеңіне үміт, сенім бағыштауға, аталы сөздің, қазақы тәрбиенің, хакімдік тұжырымның сынын кетірмей, сырын өшірмей жеткізуге бар күшімізді салдық.
Жиған-терген біліміміздің аз да болса ұрпақ тәрбиесіне, отаншылдыққа себі тиер деп, талай мектепте жас өркендердің алдында баяндама жасап, дәріс оқып келеміз. Ал сотталған әрі кәмелетке толмаған шаршы топтың алдында сөйлеу, тіптен сол бір ортаға кірудің өзі жеңіл-желпі дүние емес. Мұны айтпаса да түсінеді саналы жұрт.
Дегенмен, бұл мекемедегі тәлім-тәрбие алушылар дәрісімізді ыждағатпен тыңдады. Көздерінен жамандықтың емес, үміттің отын көргендеймін. Мекеме орталығында шарт-жағдай өте жақсы жасалыпты. Жүйелі білім, спорт және рухани тәрбие талапқа сай жүріледі екен. Тексеру жұмыстары, кіріп-шығу тәртіптері қатаң. Әрине, солай болуға тиіс те.
Дәрістің басында да, ортасында да, дәрістен кейін жол бойы да, тіптен қазірге дейін де осы бір кездесудегі көңіл толқынысым басылар емес.
Өрімдей жастар. Қазақтың, Қазақстанның өрімдей жастары. Ой салады. Толғандырады. Біз ұлттық мәдениеті, ар түсінігі, тағылымы биік ел ретінде балалар үйінің, қарттар үйінің аз болуын тіптен жабылуын көксеумен-ақ келе жатырмыз. Енді осындай түзету мекемелерінің аз, тіптен жоқ болуы үшін не істеу керектігі баршамыздың көкейімізде сайрап тұрса керек. Әрине, ол үшін қылмыс аз болуы керек. Ол аз болуы үшін ұрпақ тәрбиелі болуы керек. Ол үшін ата-ана тәрбиелі, парасатты болуы керек. Тәуелсіз елімізде, байтақ жерімізде тек жақсылық өкендеп, ұрпақтарымыз ұрпақтарына мақтан тұтардай рухы таза ел қалдырудың қамын жасайықшы!
Меніңше мұны дәл осы бастан ата-аналар өз балаларын имандылыққа, тектілікке, адами құндылыққа үйретуден бастау керек. Жаман іс пен жаман сөзді көзге, құлаққа үйір қылмаудан бастау керек. Сонымен ұрпақ сапалы болып, есейгендежақсы жар табатын болады. Жақсы жұптан жақсы ұрпақ тарайды. Әрине, өмірде бәрі сүттен ақ, судан таза болуы мүмкін де емес. Жақсы жағымыз жаман жағымызды жеңетін халық болсақ, кішігірім жамандықтың бәрі жақсылықтың құшағында тәрбиеленер еді .
Аталған орталықтың кітапхана қорына Абай және Алаш тақырыбындағы бірнеше кітапты сыйға бердім. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, сүрінгендерді сүйеп демесін деген ізгі ниетпен. Мекеме жауаптылары да кітапхана қоры кітапқа мұқтаж екенін айтты. Бұл да оқырманның есінде жүрсін.
Жазасын өтей жүріп, тәрбиеленіп жатқан жастарға олардың ата-анасы, жақындары, достары, бұл пәлекеттен құлан-таза арылып оралады деп сеніммен күтіп отырғанын айтып, шабыт беріп, көкіректеріндегі тинәмдай махаббат пен мейірді, ұшқындаған үмітті оятқандай болдым. Шынында да дәрісте айтқан әр сөзіміз әсер етіп, Абайдың, Алаштың, текті бабалардың рухы қолдап, ордаларына оралса екен. Елімізде қылмыс аз болсын, жас өркендер жаза баспасын!
Өрімдей жастар ... ойландырады, толғандырады, жүрекке салмақ!
Әділет Ахмет
Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері