Этнография залы Ұлттық музейдің үшінші қабатында орналасқан Этнография залы қазақтардың дәстүрлі мә...
Күрзі
коллаж: madeniportal.kz
Шоқпар – көне заманнан келе жатқан қол қаруы, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.
Ең алғашқы шоқпарлар тас дәуірінің неолит кезеңінде қолданылды. Қола дәуірінде басы металдан құйылған шоқпар түрлері қолданыла бастады. Ең көне қола шоқпарлар б.д.д. 4-ші мыңжылдықта қолданысқа енген. Б.д. ІІ ғасырдан бастап Рим империясында жеке қару ретінде пайдалана бастаған, шоқпар әсіресе Индия мен таяу шығыс елдерінде кеңінен тараған. Ал түркі халықтары, оның ішінде, әсіресе, қазақ қоғамында көне заманнан бері қолданып келеді. Ол сойылдан қысқа, бас жағы жұмыр және салмақты болады. Шоқпарды қазақтар өткен ғасырдың басында да ұстады. Оны көбіне жылқышылар алып жүрген. Себебі, барымташылар жайлымдағы жылқыны қуып кеткен жағдайда бақташы сонымен айқасқа түскен.
Шоқпар қаруы өзінің жасалу жолына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтқанда, қара шоқпар, гүрзі, босмойын және бұздыған шоқпар.
Қара шоқпар, аты айтып тұрғандай қарапайым болып келеді. Мұны ырғай, тобылғы, қайың, үйеңкі сияқты қатты ағаштардың түбірінен жасайды. Сондықтан кейде бұдыр болып келеді. Шоқпардың басын өгіздің терісімен қаптап салмағын да, сапасын да арттырып отыратын болған.
Босмойын шоқпар немесе сылқылдақ шоқпар тастан жасалған немесе металдан құйылған шоқпар бөлігін оның сабына қайыс немесе метал шығыршықтар арқылы бекіту арқылы жасалады.
Күрзі – ағаш немесе металл сабы бар суық қару. Басы шар тәрізді домалақ металлдан жасалып, істік темірлер орнатылады. Әдетте, басы шар тәрізді күрзі мен басына өткір ұшты істіктер орнатылған екі түрі кеңінен танымал. Күрзінің ұзындығы – шамамен 80 сантиметр. Күрзіні шоқпардың дамыған түрі деп қарастыруға болады. Басына тас орнатылған алғашқы күрзілер неолит дәуірінде пайда болды. Ал металл орнату – қола дәуірінің жемісі. Бұл қару ежелгі Шығыс елдеріне тән. Антикалық кезең тұрғындары оны сирек қолданған. Металдан құйылған басы бірнеше қырлы етіп жасалған күрзі бұздыған деп аталады. Бұздыған әдетте қолбасшылардың әскери билігінің белгісі болды.
Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында да күрзінің бірнеше түрі сақталған. Оның бірі мыс-тас (энеолит) дәуірінде жасалған. Тастан жасалған бұл күрзінің басы дискі тәріздес формада жасалған. Мұражай қорына 1987жылы тапсырылған. Мұражай қорындағы екінші күрзі қола дәуіріне тиесілі. Торғай өңіріндегі Тоқанай атты қоныста В.Н. Логвин жасаған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бұл күрзінің басы қоладан құйылған. Шар тәріздес құйылған күрзі басынан сыртқа қарай шығыңқы қалыпта төрт бедер жасалған. Мұражай қорына 1984 жылы З.С.Кан тапсырған. Жәдігердың сақталуы номері 3482/1.