Батырхан Сәрсенхан. Дала тарихының жоқшысы

Фотосурет ЖИ арқылы өңделген

МҰРАЖАЙ
26

Өткен ғасырда еліміздің әр саласында бірегей тұлғалар, жанкешті ғалымдар легі бой көрсетті. Олар байтақ жеріміздің қазынасы мен құнарын зерделеп, бірі сырлы сөзден сарай тұрғызса, бірі ұлт ғылымын жаңа биікке көтерді. Ғылым саласын тілге тиек еткенде, берік іргетас қалаған катепті қара нар, академик Қаныш Сәтбаевты еске алмау мүмкін емес. Академиктің салған сара жолы өзінен кейінгі қаншама жас шәкірттердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шығуына ықпал етті. Ұлттық рухы маздаған ұлағатты ұстаздың ұшқынан жаралып, қазақ ғылымына үлкен олжа салған дегдар ғалымның бірі, белгілі археолог – Кемел Ақышев.

Жасынан зерек те алғыр болып өскен Ақышев ерік-жігерге бай, жаңалыққа құштар еді. Тегі жағынан да Қаныш Сәтбаевпен туыстығы болатын. Біздіңше, ғалымның телегей ғылым жолына қанат қағуына бірден-бір ықпал еткен де Сәтбаев еді. Иә, «таланттың көзі сенім артса ашылады» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Атпал тұлғаның шапанынан шығып, рухани жігер алған жас Ақышев даңғыл да сарабдал жолын бастайды.  

Кемел Ақышевтің алғаш ғалым ретінде қалыптасқан орны – Орталық Қазақстан жері десек, қателеспейміз. Атақты Әлкей Марғұланның жетекшілігімен археологиялық жұмыстардың ұңғыл-шұңғылын меңгере бастаған ол, қола дәуіріне жататын Беғазы, Сангру сынды қорымдарды бар зейінімен зерттейді. 1953 жылы Сарыарқа жерін зерттеу бойынша диссертация қорғап, ғылымдағы орнын бекіте түсті. Осылайша дала тарихының жоқшысы бір орнында тұрып қалмай, үнемі ізденісте, әркез жаңа дүниеге ұмтылып, ерен еңбектің қойнауында жүрді. Соның нәтижесінде елімізге ғана емес, әлем мәдениеті алдындағы беделімізді асырған атақты «Алтын адамды» тапты.

Ғалым және «Алтын адам»

Ұлы даланың ұлан-ғайыр қазынаға бай тарихы археологтар күрегімен біршама оянса да, әлі ашылмаған қаншама мекендер, сыры жабулы нешеме қорымдар бары талассыз ақиқат. «Өткенді білмей бүгінді болжау қиын» деп Әл-Фараби айтқандай, тарих та тұтас ағза іспетті. Оның тамырынан, өткенінен ажырап қалу – бәрінен ажырау деген сөз. Түркі өркениетінің адамзат игілігіне қосқан үлесі, ержүрек болмысы, бай мұрасы, алғаш рет атты қолға үйреткен көшпелі тарихы зерделеніп-ақ келеді. Өркениетіміздің кенен өткеніне дәлел болған бірден бір мұрамыз да – «Алтын адам» ескерткіші болатын.      

1969 жылы бір топ археолог Алматыдан 50 шақырым қашықтықтағы Есік қорғанын ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Осылайша ғалымдар ежелгі дәуірдің ерекше жәдігеріне тап болады. Қорым астынан саксиялық жауынгерлердің зираты табылып, тарихи олжаға кенеледі. Оның ішінде жас жігіттің ағзасы, әшекейлі киімдерімен қоса, алтынмен көмкерілген бұйымдар, қару-жарақтар болған. Осылайша «Алтын адам» аталған ханзадасының табылуы – ұлт тарихының жаңа беттерінің ашылуына себеп болды. Бұл туралы К. Ақышев: «Алтын адамды тауып, біз бүкіл бір дәуірдің куәсін көрдік. Бұл — Ұлы өркениеттің айнасы», — деп атап өткен еді. Иә, сайын даланы бесігіндей әлдилеген жаужүрек бабаларымыздың сән салтанаты, бекзат болмысы, текті тұрпаты алтын адам бойынан көрініс тапты. Дала тарихы тағы бір түлеп, тоқсан толғаулы сыр-жұмбағының бір күрмеуі шешілгендей еді. Алтын киімді ханзаданың сүйегімен қатар 4 мыңға жуық алтын бұйым, болаттан соғылған қанжар, көптеген алтын және күмістен жасалған ыдыс-аяқтар табылған. Мойнында дөңгелек жүзікті алтын алқа, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген байырғы баба тұрпаты ұлт рухына қозғау салар ұстынға, ел өткенін мадақтайтын бірегей мұрамызға, Тәуелсіз Қазақстанның символына айналды.  Бұл да экспедиция басшысы Кемел Ақышевтің жүйелі жұмысын, зерделі зейінін көрсеткен оқиға. Бір қызығы, К.Ақышев табылған мұраны, «Алтын адамды»  біршама уақыт өз үйінде сақтаған. «Біз табылған заттардың бір бөлігін Алматыдағы өз үйімізге алып келдік. Ол кезде қоймалар да, музей де болған жоқ, тек жабық археологиялық музей ғана болды», – дейді ғалым өз естелігінде. Мұра онан соң Археологиялық музейге жеткізілген. Сосын арнайы ел басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа көрсетіліп, ізін ала тосын ескерткішті шетелдік ғалымдардың танып-білуге аңсары ауады. Деректерге сүйенсек, олардың ішінде әлемге мәшһүр атақты актер Чарли Чаплиннің қызы да болған деседі.

Міне, Баянауылдай жерде туып, байтақ елге рухани мұра сыйлаған Алаштың кемел ғалымының еңбегі онан соң төрткүл дүниеге танылып, төбемізді көкке жеткізді.

Кемел Ақышев және Сәтбаев

Ақышев анасы қайтыс болған соң, нағашы ағасы Қаныш Имантайұлының тәрбиесінде болады. Жалпы Шорман, Сәтбай әулеті еліміздің басынан өткен қилы кезеңнің бел ортасында, барлық оқиғалардың ішінен табылып отырған. Ұлы Отан соғысына Кемел Ақышевпен қатар бауыры Қамар Ақышев пен Ғалымтай Сәтбаев та соғысқа қатысып, ел қорғайды. Зұлмат майдан шебінде бір әулеттің үш бірдей дарынды ұлдары –Әбікей Зейінұлы, Ғазиз (Бөкеш) Имантайұлы, Әбдікәрім Сәтбаевтар көз жұмады. Осы тұста Қаныш ағамыз жиені Кемелді өз қамқорлығына алып, қанатының астында үлкен жолға баулиды. Кемел Ақышев өз еңбегінде сол бір нәубет жылдар туралы естелігімен бөліседі. «Мен өмірімде халқымыздың біртуар ұлы Қ.И.Сәтбаевқа қарыздар адаммын. Бұлай дейтінім, Қаныш аға мені кішкентай күнімде ажал аранынан алып қалды. Екіншіден, кәмелеттік жасқа жеткенімде мамандық таңдауыма ықпал етті. Үшіншіден, жұмысқа орналасуға көмектесіп, өмірімді арнаған мамандығым археология ғылымына бағыттады. Түсінетін адамға осы жақсылықтардың өзі аз нәрсе емес!». Ғалымның айтуынша, 1932 жылғы ашаршылық Қ.Сәтбаевтың да ауылын есеңгіретеді. Академик мұны ести сала жүргізушісімен Баянауылға жолға шығады. Елге келсе бір кездері 40-50 түтін болып отырған туған жерінің тоз-тозы шыққанын көреді. Ісіп-кеуіп жатқан туыстарына азық-түлік үлестіріп жатып, көңілі құлазып, көзіне жас алып, жүрегі ауырған ол ағайындарына: «Үлкен адамдарың бір Құдайға аманат, ал балаларды маған беріңдер, бәрін жиып алып кетейін, бұларды аман алып қалудың жолы осы», – дейді. Қайтарда жолшыбай Керегетастағы қыстауда отырған жездесі Ақыштың отбасын білуге бұрылады. Келсе Ғазиза апасы қайтыс болған екен, одан қалған кішкентай екі бала – Кемел мен Рәшаттың аштықтан түк дерге шамасы келмей, көздері жылтырап жатқанын көреді. Дереу балаларды арқалап, сайдағы машинаға салып, Қарсақбайға қарай жүріп кетеді...

«Ол кезде мен сегіз жаста едім. Қаныш аға бізді үйге әкелісімен Тайсия жеңгейді зыр қақтыра жүріп, бәрімізді тамақтандырып, ауладағы үлкен қазанға су ысытып, бүкіл баланы шомылдырып, шашымыз бен тырнағымызды алды. Содан 15 бала Қаныш ағаның 3 бөлмелі үйінде бір айдан аса уақыт тұрдық. Есімізді жиған соң Рәшәт пен мені қолына алып қалып, басқа балаларды Балалар үйіне орналастырды. Рәшәт екеумізді Қарсақбайдағы мектепке оқуға берді. Одан кейін жоғарғы оқуға оқытты» дейді Кемел Ақышев естелігінде.  

Иә, жақсылықтың үлкен-кішісі болмас. Бірақ бұл жердегі Қаныш Имантайұлының еңбегі – жоғарғы адамгершілік, биік парасат, тұғырлы азаматтықтың көрінісі екені даусыз. Тіпті академикің үйіне әкелген 15 баланың 6-сы академик болды деген деректер бар. Бір ғана Кемел Ақышевтың «Алтын адамды» тауып, «Бозоқ» қаласын ашуы – ұлт тарихына жасалған орасан зор еңбек еді. Ақышев академиктен мол парасат үйреніп, тәлім алғаны айтпаса да түсінікті. Жақсыдан алған шарапат тұтас өміріне әсер еткенін қарт тарих дәлелдеп отыр.

Әлқисса, әуелгі мақсатымыз Ақышев тұлғасын зерттеп, оқырман қауымға ұғынықты етіп жеткізу еді. Алайда, кемеңгер ғалымның тұтас  болмысын ашу үшін – өмірінің соңында тапқан елеулі еңбегі Бозоқ қаласын айтпаса болмас. Ол туралы келесі мақаламызда кеңінен тілге тиек ететін боламыз, қадірлі оқырман.

Батырхан СӘРСЕНХАН

author

Батырхан Сәрсенхан

АҚЫН

Шоу-бизнес

Әнші Димаш Құдайберген жас әнші Садраддиннің Алматыда өткен жеке концертін жоғары бағалап, оның анас...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан мен Оман сауда, инвестиция, энергетика, көлік-логистика, жасанды интеллект және білім беру...