Алтын залы Алтын залы музейге келушілерді ел аумағынан табылған құнды жәдігерлермен таныстыратын ки...
Әдебиет және өнер музейі
Қазақ ССР Министерлер Кеңесiнiң 1989 жылғы 20-қаңтарында шыққан №14-шi қаулысы негiзiнде ұйымдастырыла бастаған «Әдебиет және өнер» мұражайы 1993 жылдың 22-шiлдесiнен бастап көпшiлiктiң мәдени-рухани игiлiгiне қызмет жасап келедi. Аталмыш мұражай Көкшетау-Ақмола өңiрi тумаларын ғана емес, елiмiзге танымал басқа да ақын-жазушылардың, сал-серiлердiң, өнер-қайраткерлерiнiң өмiр мен шығарма- шылығын жинақтап, зерттейтiн бiрден-бiр ғылыми орталық болып табылады.
Павлодардағы Бұхар жырау атындағы «Әдебиет және өнер» мұражайын қосқанда, мұндай мазмұндық-құрылымдағы мұражай- дың саны республикамызда екеу екендiгi бiз үшiн мақтаныш.
Музей қорында 9 мыңнан астам жәдiгерлер сақталынуда. Көкшетау қаласындағы «Әдебиет және өнер» мұражайы мынандай бес бағыт бойынша жұмыс атқарады: фольклор, қазiргi дәуiр әдебиетi, өнер, көпшiлiк-саяхат және қор бөлiмi. Музейдiң негiзгi қорында аспандағы аққу құстан ән оздырған атақты сал-серiлер Бiржан салдың, Ақан серiнiң, Үкiлi Ыбырайдың, Балуан Шолақтың жеке заттары, Көкше өңiрiнде туып өскен белгiлi ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар Жұмағали Саинның, Есмағамбет Ысмайловтың, Көкен Шәкеевтiң, Мұса Асайыновтың, Сәкен Жүнiсовтiң, Естай Мырзахметовтiң, Тұрсынбек Кәкiшевтiң жеке бұйымдары, қол жазбалары, әдеби шығармалары, тарихи фотосуреттерi сақталынған. Ең құнды жәдiгерлердiң қатарында Қожа Ахмет Иассауидiң «Диуани хикмет» кiтабының ортағасырлық көшiрмесi, Қарауыл Қанай бидiң саптыаяғы, XVIII ғасырдағы батырдың су iшкен құтысы, Ақан серiнiң Темiрбек ұста жасаған адалбақаны, Ақанның ән ғұмырына айналған Ақтоқтының айнасы және iс тiгетiн «Зингер» машинасы, Ақтоқтыдан туған Жалмұқанның баласы Сұлтанның домбырасы тағы басқалар бар. Қазақ халқының өткен ғасырлардағы көшпелi өмiр тiршiлiгiнiң айнымас бөлшегiне айналған музыкалық ұлттық аспап түрлерi, зергерлiк әшекей бұйымдар, ағаштан, терiден жасаған тұрмыстық көне заттар да мұражайдың құнды жәдiгерлерi болып табылады.