Музейлерге қоғам тарапынан сұраныс бар

МУЗЕЙ
2433

Еліміздегі музейлерде қалыптасқан түйіткілдер турасында Қазақстан музейлеріне ақпараттық-әдістемелік көрсетуге арналған «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыспен сұхбат құрған едік.

Нұрсерік Жолбарыс

- Сұхбатымызды еліміздегі музей ісінің басты проблемаларынан бастасақ...

- Қазіргі уақытта Қазақстанда 240 музей бар. Оның ішінде 234-і мемлекеттік болса, 6-уы жекеменшік музей ретінде тіркелген. Шынын айтуы керек, Қазақстанда музейлер көбейіп келеді. Жыл сайын кемі 5-6 музейден ашылып отырады. Музейлерге қоғам тарапынан сұраныс бар. Бірақ, қоғамның сұранысын қанағаттандыру оңай болмай тұр. Біз оны мойындауымыз керек. Ол қандай сұраныс десеңіз, музейге келушілер шетел музейлерінен алғандай әсер алғысы келеді. Біздің музейлердің қоры шетел музейлерінен кем түспейді. Бірақ, осыны ұқсату жағы қиындау болып отыр. Ұйымдастырған көрмесі, жасаған тұрақты экспозициясы, өткізген дәрістері мен бұқаралық өзге шаралары көңілден шықпаса келушілер сырт айналады. Екінші рет келуге құлық танытпайды. Бұл дегеніміз – музей ісінде кадр тапшылығы бар екенін көрсетеді. Қазақстанда музеолог мамандарды дайындайтын 4 оқу орны болған. Қазіргі уақытта 2-уі ғана бар. Оның біреуі ғана ғылыми тұрғыда ізденісін жалғастыруға мүмкіндік береді. Өткен онжылдықта бұл мамандыққа сұраныс болғанымен, оқу орнына түсушілер қарасы болмады. Сондықтан оқытатын оқу орындары кафедраларын жабуға мәжбүр болған еді. Осының салдарын енді тартып отырмыз. Дегенмен, соңғы 2-3 жылда музеологияға қызығушылық білдіріп, жоғары оқу орындарына түскендердің саны бірнеше есе өскен. Осы уақытқа дейін жіберіп алған есемізді енді сол мамандардың есебінен толтырсақ та кеш емес еді. Міне, музейлердің бүгінгі ахуалы кадр тапшылығынан бастап, қаржы тапшылығы, ғимарат мәселесі деген проблемалармен жалғаса береді. Ал, қаржы мәселесі музейлер үшін шешімін таппаған проблемаға жатады. Республикалық деңгейдегі музейлерде 29 мың теңге жалақы алатын мамандар бар. Осыны жалақы деп айта аламыз ба?! Жалақыдан басқа музейге күрделі жөндеу жасау, қор сақтау бөлмелерін стандартқа сай ұстау, экспозицияларды заманауи технологиялармен жабдықтау, қорды сатып алу есебінен толықтыру, шетелдерде немесе ірі орталықтарда біліктілік арттыру, экскурсоводтарды сертификаттау, имидждік мәселелер секілді бағыттарға қаржы бөлінбейді. Егер мемлекет қаржы бөлгісі келмесе музейлерді бәсекелестіктің ортасына берсін. Бүкіл әлем қолданып отырған тәжірибеден неге қашамыз?!  

- Кадр мәселесін жақсы атап өттіңіз. Қаржы проблемасы бар екенін айттыңыз. Музейлерді қаржыландыру мәселесі көптен бері айтылып келе жатыр. Бірақ, қаржы алып, жөнге келіп жатқан музейлер аз. Осының бір шешімі бар ма?

 - Мен үнемі айтамын, «музейлер өз мұқтажын өзі өтей алатын мекеме болуы тиіс». Музейді өзіне кіріптар етпеуді мемлекет өзі бастауы керек. Қазір бізде бәрі мемлекетке қарап отыр. Өзі жеке табыс табайын десе мөлшерімен ғана табыс таба алады. Мөлшерімен дейтінім, кейбір заң нормаларына қайшы келетіндіктен артық-ауыс қаржылық жобалармен айналыса алмайды. Меценаттарды музейге тарту тіпті қиын. Ірі алып компаниялар музейге аса қызыға қоймайды. Нақты бір қаржы көздерін табу үшін біз Ұлыбритания мен Франция, АҚШ-тың тәжірибесін басшылыққа алуға тиіспіз. Аталған мемлекеттерде музейлерді басқару белгілі бір қамқоршылық кеңестерге жүктелген. Қамқоршылық кеңестер мемлекетке тәуелді емес. Оның құрамына сайлану үшін кәдімгідей талас болады. Мысалы, Британ музейінің Қамқоршылық кеңесінің құрамында қатарды мұғалімнен бастап, заңгерлер, қаржы мамандары, ВВС телеарнасының журналистері, король отбасының мүшесі және үкіметтен бір адам болады. Кеңес музейге қаржы табумен айналысады. Ал, музейдегі мамандар осы Кеңестің арқасында алаңсыз жұмысын жалғастыра береді. Бізге керек тәжірибе - осы. Сөз басында айтып кеттім ғой, «мемлекет музейді толықтай қаржыландырмай отыр» деп. Егер, мемлекет бұл қаржыландыруды қолға алғысы келмесе шетелдің тәжірибелеріне мойын бұрғаны жөн. Сонда көп мәселенің басы шешіледі.

- Біздегі жағдай түсінікті болды. Әлемдегі музей ісінің дамуы қалай?

 - Әлемдегі музей ісінің дамуы әр елде түрлі деңгейде. Көшбасында Батыс Еуропа мен АҚШ, Ресей және Түркия тұрады. Бұл тізімге таяу жылдары Жапония мен Қытай, Біріккен Араб әмірліктерін қосуға болатын шығар. Себебі, бұл елдерде музей ісі қарқынды дамып келеді. Бұлардың барлығында музей ісі жолға қойылған. Мысалы, бізде музеолог мамандар проблема болып жатса, Ұлыбританияда «музей архитекторы», «музейдегі жарық беруші», «музей дизайнері», «музей маркетологы» деген бөлек мамандықтар бар. Бізде мұның бәрін жинап, «музеолог» деп ғана оқытады. Дәл Еуропадағыдай оқытайық десек, мамандарды тәрбиелейтін оқытушылар жоқ. Ал, Еуропа мен АҚШ музейдегі мамандардың өзін бірнеше бағытқа бөліп оқыта бастады. Осының өзі шетелдердегі музейінің қаншалықты дамығанын көрсетеді.

Жоғарыда мен атап өткен елдер қазіргі уақытта кәсіби рейтингтерге де жұмыс істейді. Көбісінің ісі коммерциаланған. Мемлекеттен қаражат алмайды. Керсінше, мемлекетке салық төлеп, қалаға турист тартып отыр. Олардың қатарында АҚШ-тағы Смитсон институтына қарайтын барлық музейлерді, Британ музейі, Эрмитаж, Лувр мен Берлин музейі, Стамбулдағы археология музейі сияқты ірі музейлерді жатқызуға болады.

Бізбен көрші елдерде Ресей мен Қытайдың музей саласы бізден озып кеткені айтпаса да түсінікті. Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы негізінен тарихи ескерткіштер және аз болса да музей туризмі бойынша қаржы көзін тауып отыр. Яғни, өздерінің тарихын кіріс көзіне айналдыра білді.

- Шетелдерде ашық аспан астындағы музейлер бар. Оған жыл сайын миллиондаған турист ағылып жатады. Біздегі ашық аспан астындағы музейлер жайлы айтып өтсеңіз?

- Бізде біраз тарихи орындарға музеефикация жұмыстары жүргізілді. Енді біреулерін тек «ашық аспан астындағы музей» деп теңеумен ғана шектеліп отырмыз. Оларға музеефикация жұмыстарын жүргізу қаржыны көп талап етеді. Жан-жақты инфрақұрылымы (жол, байланыс, қонақүй т.б) болмаса жұмсалған қаржы ақталмайды. Мен осыдан 3 жыл бұрын Бөкей ордасы музей-кешеніне бардым. Шынымды айтайын, жол азабын тарттық. Ұялы байланыс та анау айтқандай сапалы емес. Қонақүй мәселесі, тамақтану деген сияқты мәселелер толығымен шешілмеген. Мен ресми қонақтардың қатарында болған соң бұл проблемалармен бетпе бет келмедім. Бірақ, өзімді жеке келген турист ретінде қоятын болсам, жағдайым мүшкіл болар еді. Мені тек музей-кешеннің барынша ынтамен, тарихқа деген зор құрметпен, кәсіби тұрғыда жасалғаны қуантты. Музей-кешеннен осы деңгейді көріп қана шаршағаным басылды. Музей-кешеннің ішінен басқа оның архитектурасы, жанындағы тарихи тоғайы, кешенге кіретін ғимараттардың тарихы -нағыз ашық аспан астындағы музей. Дәл осы Бөкей ордасы тәрізді Солтүстік Қазақстанда «Сырымбет» тарихи-этнографиялық музей-кешені бар. Барған адам кері қайтқысы келмейді. Айғаным мен Шоқанға тиесілі дүниелерді, үйлерді, тарихи мекендерді көріп жүріп сағатыңыз емес, күндеріңіздің қалай өткенін білмей қаласыз. Бұл мекенге де жету оңай емес. Туриистерге жағдай мүлдем қарастырылмаған.  Ұлытау өңіріндегі «Алаша хан», «Жошы хан» мазарлары да дәл солай. Осы Ұлытау өңіріндегі «Теректі әулие» атты петроглифтер де ашық аспан астындағы музейге сұранып отыр. Ал, Маңғыстау өңірін мен «ашық аспан астындағы музейлер мекені» деп айта алатын едім. Өткен күзде бардық. Тарихы тереңде. Мақтанып айтатын тұсы өте көп. Әйтеуір жергілікті азаматтар билікке үміт арта бермей, тарихи-мәдени мұраларды өздері тұс-тұсынан қолдап жатқандары бар екен. Жергілікті тұрғындармен сөйлескенде осы дүниеге қатты риза болдым. Маңғыстауда осының бәрін біріктіретін қорық-музей болса деймін. Қорық-музейдің айналасына біріктіре алсақ, қазіргідей шашыраңқы болмас еді. Егер, Мәдениет және спорт министрлігі кіріссе Маңғыстаудан «Адай ата» қорық-музейін әбден ашуға болады. Сонда ғана тарихи орындар жүйеленіп, туризмнің дамуына жаңа мүмкіндік ашылатын еді. Және бұл қорық-музей өзінің көп шығындарын ақтайтын бірден бір қорық-музей болатын еді. Жалпы, еліміздің барлық аймағынан ашық апсан астындағы музей ашуға болады. Егер шынымен солай болатын болса олар бір біріне ұқсамайтын болар еді. Шығыстағы «Берел» қорық-музейін кеңейтіп, ашық аспан астындағы музейдің талаптарына толықтай сәйкестендіре түссе керемет болар еді.  Ақмола облысындағы «Құмай» кешеніндегі балбал тастар, Алматы облысындағы «Есік» қорық-музейінің обалары – біздің ашық аспан астындағы музейлеріміз.

- Қызылорда өңіріндегі музейлерге қатысты пікіріңізді білсек дейміз?

- Облыстық тарихи-өлкетану музейіне күрделі жөндеу жасап, экспозициялары жаңарғанын білемін. Бұл музеймен әріптестік орнату жоспарымда бар. Ал, аудандық музейлерінде болдық. Тек Шиелідегі музейде бола алмадым. Жазға салым Қызылордаға барғанымда арнайы барып көремін деген ойым бар. Облыстағы музейлердің қызметкерлерімен жеке байланыстарым бар. Әріптес ретінде ақпарат алмасып, қолдан келгенше көмек көрсетіп тұрамыз. Алдағы уақытта ауқымды жобаларыма Қызылорда облысының музейлерін де қатыстыру жоспарланған.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Сұхбаттасқан

Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ,

«ХАЛЫҚ» газеті

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...