Жезқазғанда азаматтарға ыңғайлы болу үшін тағы бір халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады. Жаң...
Ұлттық музейде «Қолөнершілер орталығы» мен «Палеонтология» залы ашылды
13 сәуір күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде «Қолөнершілер орталығы» мен «Палеонтология» залының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, республикалық және облыстық музей басшылары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
«Қолөнершілер орталығында» еліміздің заманауи шеберлері жасаған үздік сәндік-қолданбалы өнер туындылары жұртшылық назарына ұсынылды.Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһарлардың көркем үлгісімен жасалған аталмыш орталық келушілер көзінің жауын алды. Онымен қоса, қолөнер бұйымдарымен жақынырақ танысып, ұнаған туындыларды сатып алуға мүмкіндік алды.
Ал «Палеонтология» залында Қазақстан аумағынан табылған тираннозавр, үш саусақты гиппарион жылқысы, үлкен мүйізді бұғы, алып мүйізтұмсық (индрикотерий), мамонт секілді ежелгі тарихқа дейінгі кезең жануарлары мен палеонтологтар мен геологтар тапқан басқа да тіршілік иелерінің қаңқалары жинақталды. Заманауи ақпараттық құралдармен жабдықталған аталмыш орталықты даярлау барысында Париждегі Палеонтология музейінің, Лондон қаласындағы Жаратылыстану музейінің, Берлиндегі Жаратылыстану музейі секілді әлемдегі алдыңғы қатарлы музейлердің тәжірибелері пайдаланылды. Сонымен қатар залдың ғылыми тұжырымдамасын дайындауға танымал отандық және шетелдік палеонтолог ғалымдар тартылды.
«Палеонтология залы мен қолөнер шеберлері орталығының ашылуы - ҚР Ұлттық музей үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға. Бірегей экспозиция келушілерге біздің заманымызға дейінгі еліміздің тарихын көрсетіп қана қоймай, отандық палеонтология үшін маңызды орынға айналатынына сенімдімін. Ал қолөнер шеберлерінің орталығы біздің суретшілерімізге ұлтымыздың бай мәдениеті туралы мәлімдеме жасауға, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді және жалпы елімізде музей маркетингі пен менеджментін дамытуға қызмет етеді», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.