The Spirit of Astana 2018 халықаралық қазіргі заман этникалық музыкасы фестивалінде BaBa ZuLa (Түрки...
Абдулхамит Райымбергенов. Бөрібай Кәртеннің мақаласы хақында
Бөрібай Картеннің мақаласын түгел мұқият қарап шықтық. Мақаланың темірқазығы Қоңыратта Әзберген хан ұйымдастырған күй тартысының болған-болмағанын анықтау. Айта кеткен жөн, мақала авторы Әзіберген хан өміріне байланысты біраз тарихи деректерді сараптап қарап шыққан екен. Тым жақсы шолу жасаған. Автордың негізгі тілге тиек, мақалаға арқау болуы Ж. Есіркепованың «Әзберген би Мұңайтпасов: өмірі және қазақ азаттық қозғалысындағы орны» атты зерттеу еңбегі. Өте жақсы жасалған құнды еңбек. Хош...
Алайда бір өкініштісі, Бөрібай Кәтеннің мақаланың өне бойы Қоңыратта күй тартысы болмаған деген ұстаныммен жазылғаны. Әрине бұл әр автордың өз құқығы ғой.
Бөрібай Кәртеннің басты шүйліккен тұсы біздің еңбегіміздегі: «XIX ғасырдың аяғында 1878 жылы Қоңыратта (қазіргі Қарақалпақстан Республикасының қаласы) Әзберген хан ұйымдастырған күй сайысы өтеді...», – деп жазылған жолдар. (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 27-29 беттер). Яғни, 1878 жылы Әзберген ұйымдастырған күй сайысының өтуіне күмән келтіруі. Әрине, бұл тұста келісуге болады. Өйткені біздің қолымызда Жанар Есіркепованың архивтерден іздеп тапқан құжаттары болған жоқ. Сондықтан халық күйшісі Бақыт Басығараевтың айтқан деректеріне сүйене жазылды. Алайда «Қоңыратта күй тартыс болған жоқ», - деп кесіп айту әбестік сияқты. Өйткені біздің жинақ музыкалық этнографиялық жинақ. Тарихи деректермен салыстыру - ол тарихшылардың міндеті. 67 жыл өмір сүрген Әзбергеннің өмірінде той-жиындар, ас-садақалар болған жоқ деп кесіп айтуға да болмайды. Өйткені күй тартыс, бәйге, балуан күрес жиын-той, үлкен астарда өтеді.
Күйші Бақыт Басығараевтың орындаан күйлерін нотаға түсіріп отырған Абдулхамит Райымбергенов. Ақтөбе. 1980 ж.(А.Райымбергенов жеке қорынан)
Бұл тартыс жайлы бізге 1978 жылы баян еткен Б.Басығараев болатын. 1938 жылдан 1947 жылға дейін Бақыт ағамыз Қарақалпақ елінде тұрды. Қарақалпақстанның «Үшсай» ауылында тұрған жылдары Бақыт ағамыз Қазанғаптың Қартмұрат, Құрманбай, Тұрғанбай атты туысқандарымен танысып, ұлы күйшінің Сарыкенже атты үлкен қызымен көрші отырып, олардан күйшінің өмірі жайлы көптеген деректер естіп біледі. Қазанғаптың көзін көріп күйлерін тыңдаған Қарақалпақстандық Әбдіғали Жаңбыршиев, Сары-Дәулеткелді Жармағамбетов, Биман Кенжебаев сынды күйшілермен кездесіп, күйшілігін шыңдай түсті. Қазанғаптың көзін көріп, ізіне ерген Ембергенұлы Жұмалымен кездесіп шәкірті атанды. Ал бұлардың барлығы дерлік Қарақалпақ өңірінде тұрып, сол елдің әңгіме шежірелерін көкірегіне құйып өскен күйшілер. 1954 жылдары Бақыт ағамыз Қазанғаптың қасында 17 жыл еріп жүріп күйлерін үйренген Кәдіралы Ержановтың батасын алады. Қоңыратта болған күй тартысы жайлы солардың аузынан естиді.
Өткен ғасырдың 90 жылдары Башенбаев Білдірмес ақсақалдан Ақжелең күйлері мен күйшілер жайлы құнды деректер алдық. Білдірмес ақсақал: «Молдағали атты күйшіден Қазанғаптың күйлерін үйрендім, әкесі Берікәлі қысырдың тайын беріп, домбыраның соңына түсіп, бір жыл бойы «62 Ақжелеңді» үйреніпті. Әкесі Берікәлі Қазанғаппен Қоңыратта күй тартысында танысыпты», - деп айтқан болатын. Доңызтаулық Машалақ күйші де Мәңкенің Қоңыраттағы күй тартысына қатысқаны жөнінде айтып берген. Бұл күй тартыс жайлы 1934 нәубет жылдары Қарақалпақстанға ауып барып, төрт-бес жылдай сол жерді мекендеген күйші ақсақал Мәжит Бейсенбаев та тілге тиек еткен еді.
Енді мақала мәтініне түсейік. Бөрібайдың өз мақаласында былай деп түйіндейді: «Қысқасы мұнан әрі бұл жалған деректі жалаулатып, дуылдатып, өнер тарихына қараулық жасай бермеген дұрыс. Елді адастырып. Бәтуасыз қарсы дау бәрібір ештеңе шешпейді енді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Ақиқатты мойындау – парасаттылық, кісілік. «Теріс айтсам да сол шындық боп қабылдануы керек, менің сөзім соңғы қорытындысы» деген өркөкірек-ұғым болмауы тиіс кім-кімде де. Өнер мен тарих – ешкімнің басыбайлы меншігі емес! Осыны да ойлап қойған жөн дер ек». Біз еңбегімізде ел ішінен жиналған аңыз әңгімеге арқа сүйедік. Сонда бұл сөздер осындай халық мұрасын сақтап бізге жекізген күйші ақсақалдарға бағышталып тұр ма? Біз кітапты ел арасынан жинаған әңгіме деректерге сүйеніп жаздық.
Тарихи деректерді алға тарта отырып, Бөрібай:«...Әзберген би 1873 жылы 9 желтоқсанда Ембі уезі Бөрте болысындағы №1 ауылға қоныстанады және 1869-1873 жылдар аралығына түтін салығын төлеуге келіседі», – деп атап көрсетеді (астын сыздық-Б.К.). Яғни Бөрібайдың топшылауы бойынша тартыс 1873 жылы болуы мүмкін. Автор ойын әрі қарай өрбіте түсіп: "Еске сала кетейік, 1873 жылы Қазанғап он тоғызда, бұл жас – домбыраның әліппесін енді бітіретін кезең. Ал сайысқа қатысқан тоғыздың біреуі делінетін Емберген - он үште»,- деп жазған екен. Хош... Солай-ақ болсын. Сонда он тоғызға келген Қазанғапты «домбыра әліппесін енді бітіретін кезең» деп жазуы қай сасқаны? Қазанғап музыкалық колледжді бітіріп консерваторияның бастапқы курсында оқып жүр ме екен? Он тоғыз, жиырма жас деген ХІХ ғасырда толысқан жігіт қой! Ол тұста Қазанғап үлкен күйшілердің ізіне еріп, Орынбай, Төреш, Қаратөс-Аймағамбет, Құрманияз сынды ұлы күйшілердің алдарынан өтіп, батасын алған сақа күйші емес пе. «Күш атасын танымас» - деп халқымыз бекер айтпаған. Күйші Ембергенді бес шайтанның бірі атанған атақты домбырашы Тілеуқұл он жасынан бастап топқа салып баптаған екен. Ал арқалы күйші Кәдірәлі 9 жасында қозы бағып жүріп, Шалқар жаққа бара жатқан Қазанғаптың соңынан қалмай жігіре беріпті. Жас баланың соңынан қалмайтынан көрген ұлы күйші оны атының артына мінгестіріп алып кетеді. Талай жиын той мен тартыстарға ертіп жүріп, бес жылдан соң ауылына алып келеді. Сөйтіп Қазанғаптың сеніміне кірген "күйші жігіт" атанады. Бұл әңгімені Кәдіралының үлкен қызы Үміт әжеміз айтып берген болатын. Сонда Кәдірәлі 14 жаста екен.
Қазанғап бейітінің ашылу салтанаты.Солдан оңға қарай Мұхтар Арынов, жазушы, сазгер Ілия Жақанов,этнограф Ақселеу Сейдімбеков, Қазақстанның халық әртiсі Қаршыға Ахмедияров,Шалқар ауданының әкімі Кеңес Абдуллин.
1994-жыл. (А.Райымбергенов жеке қорынан)
Әрбір сөзін, әрбір деректі сүзгіден өткізетін атақты ғалым Ақселеу Сейдімбековтың Әзберген ханның күй тартысына байланысты жазған деректеріне күмән келтіруі де әбестік сияқты. 1989 жылдары Ақселеу ағамыз бізге Қарақалпақстандағы күйшілер жайында қызғылықты әңгіме айтып, сол елдегі күйшілердің шығармаларын нотаға түсіру жайында бізге қолқа салған болатын. 1994 жылы А.Сейдімбек Қазанғап бейітінің ашылу салтанатына қатысып, сол кездегі Садуақас Балмағамбетов бастаған көптеген Қазанғап шәкірттерімен кездесіп, олардан да ұлы күйші шығармашылығына байланысты деректерді жазып алады. 1997 жылы Ақселеу ағамыз күй табиғатына байланыста докторлық диссертациясын қорғап шығады. Ол аз болғандай, Бөрібай Кәртен жас зерттеуші Аякөз Нұрсұлтанованың Әзберген ханның ұйымдастырған күй тартысына байланысты фольклор экспедициясынан жазып әкелген деректеріне тағы да шүбә келтіреді.
Мақала авторы жас ғалым филология ғылымдарының кандидаты К.Қайролланың «Бесқала қазақтарының күйлері» атты еңбегін - дау тудырған фальсификация кітабы», - дей келе оның бұл күй тартысқа байланысты жазған деректерін де жоққа шығарады.
Біздің жазған еңбегіміз музыкалы-этнографиялық жинақ. Қазанғап қолына қару алып, отаршыл Ресей жандайшаптарының нысанасында болып, түрмеге қамалған жоқ. Сондықтан Қазанғап өмірі жайлы бір-де бір архивтік деректер сақталмаған. Біз Қазанғап шәкірттері және көнекөз қариялардан, ел аузынан 40 жылдан астам уақыт бойы жиналған деректерге сүйеніп ұлы күйшінің шығармашылық өмір жолын жазып шығуға тырыстық. Ал Бөрібай Кәртен болса «мынау бір қызық дерек екен, анық-қанығына зерделеп қарайықшы»,- деп қуанудың орнына бәрін жоққа шығарып, жерден «жеті қоян тапқандай» қуануы несі?
Соңғы кезде біздің кейбір ғалымдар - «Қорқыт ата болмаған, ол мифтік тұлға, оның күйлері де өтірік, фальсификация, бұл күйлерді Нышан абыздың өзі шығарған», - деген пікірлерін кейбір конференцияларда баяндап, баспа беттерінде жариялап жүр. Қорқыт күйлері мен Нышан абыз туралы алғаш жариялаған академик Әлкей Марғұлан болатын. Ұлттық мұрамызды бүтіндеп, оны шашауын шығармай сақтап, келесі ұрпаққа қалай жеткіземіз деп жүрсек, керісінше, барымызды жоққа шығарғанда не ұтамыз? Мақала авторының: «Қысқасы, мұнан әрі бұл жалған деректі жалаулатып, дуылдатып, өнер тарихына қараулық жасай бермеген дұрыс» - дегені не сөз? Бұл деректі біз ойдан шығарып жалаулатып жүр ме екенбіз? Бұл елдің ішінде сақталған әңгіме!
Жарайды, 1878 жылы Әзберген ханның түрмеде отыруына байланысты күй тартысы дәл сол кезеңде болмаған шығар, бірақ осыны желеу етіп, соншама күйші ақсақалдарымыздың жеткізген мұрасын жоққа шығару - әбестік емес пе?! Хош... Әзбергеннің күй тартысына байланысты ойымызды осы жерден тоқтатайық.
Енді Бөрібай Кәртеннің: «Күй шақырғыш Ақжелең» – «Орынбай Ақжелеңнің» тоны теріс айналдырылған түрі» - деп жазған бөліміне келейік.
Автордың бұл бөлімдегі негізгі нысанасы «Күй шақырғыш Ақжелең» мен «Орынбай Ақжелең» күйлерінің айналасында өрбиді. Өз мақаласында Бөрібай Кәртен: «Күй шақырғыш Ақжелең» мен «Орынбай Ақжелеңді» салыстыра сан мәрте тыңдадық. Атаулары бөлек болғанмен өте ұқсас. Бір әуезбен өрбиді. Бірақ бұл екі шығарманың бітімінен өзара едәуір өзгерістердің де барын байқауға болады», - деп жаза отырып, «Күй шақырғыш Ақжелең» күйін жоққа шығарады. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының доценті, белгілі педагог-домбырашы, күй зерттеушісі Мұрат Әбуғазыға сілтеме жасай отырып, оның айтқан сөздерін келтіріпті: «Қазанғап Ақжелең» деген кітабының 28, 29, 30-беттеріне енгізілген Ж. Айпақовтың орындауындағы «Орынбай Ақжелеңнің» нотасын мұқият қарап шықтым. Ол мелодияны ортаңғы буынмен дамытып әкеткен. Үлкен сағаға түспейді. Кіші саға мен орта буын бірігіп кеткен. Бірақ А. Райымбергеновтың «Күй төресі Қазанғап» аталатын соңғы шыққан кітабында жарияланған Ж. Айпақовтың ноталық нұсқасында саға бар.....Соған қарағанда, «Қазанғап Ақжелең», «Күй төресі Қазанғап» кітаптарына енгізілген «Орынбай Ақжелеңнің» ноталарындағы орын алған айырмашылықтар – автордың алғашқы еңбегінде баспа тарапынан кеткен қателік болар, сірә». Яғни бұл жерде «А.Райымбергеновтың қателігі болар», - деп айтуға ауыздары бармай, сыпайылатып «баспа тарапынан кеткен қателік болар, сірә»,- деп жазыпты. Бұған да рахмет! Алайда, Мұрат Абуғазы өзі де домбырашы, жақсы біледі, дәстүрлі күйшілердің орындаған күйлері өрнектеліп, әр кезеңде құбылып отырады. Олар нота емес көкірегіндегі көңіл-күйін орындайды. Күй анасы Дина Нұрпейісованың немесе, шертпе күйдің майталманы Төлеген Момбеков пен Мағауия Хамзин орындаған күйлерін тыңдасаң, әр кезеңде орындаған күйлерінен айырмашылықтыр сезуге болады. Олар күйді орындаған сайын байытып, құлпыртып, «сірке қондырып» орындайды. Ал «Қазанғап.Ақжелең» кітабымызға сілтеме жасаған М.Абуғазы неге оның шығу датасына назар аудармаған? Ол кітап 1980-жылдары жазылып, 1984 жылы жарыққа шықты.
Қазанғаптың тікелей шәкірті Кәдірәлі Ержанов. Музыка зерттеуші-ғалым Тымат Мерғалиевтің Кәдіралы атамызды жазып алу сәті. 1963 жыл.
Оның бер жағындағы жылдары Қазанғап шәкірттерімен кездескен белгілі ғалым Т.Мерғалиев пен 1960 жылдары Шалқар өңірін аралап Қазанғаптың тікелей шәкірттері Кәдірәлі Ержанов, Құрманғали Өмірзақов, Бұрқан Кәкенов, Құрманғазы Боқаев, Жәлекеш Айпақов сынды арқалы күйшілердің тікелей өздерінен жазылған үн таспаларын бізге табыс етті. Соның арқасында күйші Жәлекеш Айпақовтың әр кезеңде орындаған күйлерін тыңдап, оларды салыстырмалы түрде талдау жасауға мүмкіндік туды. Ал Жәлекештің қолынан күй үйренген Рүстембек Омаровтан бұл күйдің сағасы жайында сұрағанымызда: «Жәлекеш кейде қосып, кіші сағаны қоспай да орындай беретін. Өйткені саға буынының негізгі иірімдері орта буынмен сәйкес келеді. Сондықтан сахнадан орындағанда біз сағаны қосып орындаймыз», - деген болатын.
Ал Б.Кәртеннің: «Орынбай Ақжелең» күйін Қ. Ержанов 1 минут 46 секунд, С. Андарбаев 2 минут 21 секунд, ал С. Балмағамбетов 2 минут 30 секунд, Т. Жайханов 2 минут 21 секунд ұзақтықта орындайды. Ал Б. Басығараевтың орындауындағы «сірке қондырылған» «Күй шақырғыш Ақжелеңнің» ұзақтығы – 4 минут 23 секунд. Қайталаулары жиі. Аяқ жағы айтылып жүргендей өзгеше әуезбен толықтырылған», -дей келе бұл күйді жоққа шығарады. Бұл тұста Бөрібайдың не айтқысы келген ойын түсінбедік.
Сонымен қатар Б.Кәртен өз мақаласында: «Б. Басығараев өзінің нұсқасында «ілме қағысты» басым қолданады екен. Қазанғаптікі деп Қ. Ержанов орындаған «Орынбай Ақжелеңде» «қара қағыс» жиілеу. Сондай-ақ, «Күй шақырғыш Ақжелеңнің» әуезі жыр сарынына едәуір жақындайды. Ал «Орынбай Ақжелең» - бұған қарағанда жүрдек. Қазанғапқа тән өрнектер ә дегеннен-ақ елес беріп тұрады. Бұл екі күйді саралап тыңдағанда пікірімізді олардың дыбыс өлшемдеріндегі, динамикалық қуатындағы, екпініндегі т.б. орныққан өзгешеліктер толық қуаттайды - дей келе, - Екі күйдің әуендік пішін-құрылымын мұқият салыстыра зерделей келіп, мына ақиқатқа көз жеткіздік: «Күй шақырғыш Ақжелең» – «Орынбай Ақжелеңнің» тоны теріс айналдырылған түрі. Шығармадағы өзгерістер – өз иесінен, авторлық түпнұсқасын бұлжытпай орындайтын туған топырағындағы оның шәкірттерінен алыстап, өзге шет аймаққа жеткенде ол жақтағы әр домбырашы өз қабылдауында тартқан, жандарынан қоспалар қосқан». Кез-келген ғалымның, күй зерттеушісінің бұлай айтып баға беруге қақысы жоқ. Өйткені күй зерттеушінің нысанасы сол күй емес. Егер күй табиғатын осылайша талдайтын болсақ, онда Динаның «Жігер» күйін Дәлеткерейдің тонын теріс айналдырған «Жігері», - деп айтуымыз керек шығар.
А.Райымбергенов қазақтың әйгілі күйшісі Қали Жантілеовпен.1982 ж. (А.Райымбергенов жеке қорынан)
Атақты Мәмен күйшінің шәкірті Қали Жантілеуов бұл күйлердің екеуін де аса құрметпен орындайтын. Әуен сазында ұқсастық болғанымен, екеуі екі бөлек күй. Дәулеткерейдің «Жігерінде» композитор «қара қағыс» қолданса, Дина шешеміз өз күйінде «ілме қағыстар» арқылы өрнектеп отырады. Қәзіргі уақытта Республикалық күй сайыстарында Дәулеткерей мен Динаның күйлерін атын атап, түсін түстеп бөлек орындап жүрміз. Немесе арқалы күйші Садуақас Балмағамбетов орындаған «Орынбай Ақжелеңі» мен соның орындауындағы «Күй басы» Ақжелеңді» тонын теріс айналдырған бір күй деуіміз әбестік болар. Бұл жаңсақ пікір. Мұндай күй талдауға бір де бір ғалым, бір де бір кәсіби күй зерттеушілері барған емес. Бұл аз болғандай, мақала авторы - «Б. Басығараев Қазанғаптың өзіне тән мәнер-стилінен ауытқып, өзгерістер енгізіп орындайтын Қарақалпақ өңіріндегі домбырашылардан (Жұмалыдан т.б.) «Орынбай Ақжелеңді» «Күй шақырғыш Ақжелең» деп үйренген...» - деп айтуға қалайша аузы барады. Бақыт Басығараев Қарақалпақстандағы Жұмалы, Әбдіғали, Сары Дәлеткелді, Биманнан үйренсе бұлар Қазанғаптың көзін көрген күйшілер. Қазақстанға оралғаннан кейін Бақыт ағамыз ұлы күйшінің соңына еріп, шәкірті атанған Кәдірәлі Ержановтың батасын алып, Қазанғаптың шәкірттері соқыр Келбет, Бұрқан, Тайпан сынды күйшілермен кездесіп, Садуақас, Ізбасар, Қожагелді, Задаш, Нұрболат сияқты күйшілермен қатар жүріп, күй тартқан дарынды өнер иесі.
Қазіргі таңдағы Қазанғап мұрасын жалғастырушы күйшілер. 2017ж (А.Райымбергенов жеке қорынан)
Қалайша Бақыт ағамызды «Қазанғапқа тән мәнер стилінен ауытқып - күй тартады», - деп айтуға болады? Бұл пікірде ешқандай дәйек жоқ. Қазанғаптың көзін көріп, конфискация мен аштық жылдары елден ауып барып Қарақалпақстанда орын тепкен Биман, Молдағали, Әбдіғали, Сары-Дәулеткелі сынды атақты күйшілерді «Қазанғап мәнер стилінен ауытқып күй тартқан» деп қалайша айтуға болады. Қайта елден жырақта жүрсе де, Қазанғап күйшілік дәстүрін сақтап, ұлы күйшінің ұмыт болған көптеген күйлерін көкірегіне жиып бізге жеткізген осы күйшілер емес пе? Біздің қолымызда осы домбырашылардың әрқайсының орындаған 40 астам күйлерінің үнтаспалары бар.
Бөрібай Кәртеннің «Олай болса, «Орынбай Ақжелеңнің» қарақалпақстандық орындаушылар тарапынан «Күй шақырғыш Ақжелең» болып өзгертіліп тартылған түрін бұрын «Күйбасы Ақжелең» аталған деуге еш негіз жоқ!»- деп мақаласын түйіндейді. Олай болса 1928-30 зұлмат жылдары Қарақалпақ еліне ауып кеткен күйшілерімізден жазып алған, бұрын белгісіз болып келген Қазанғап күйлеріне де негіз жоқ шығар. Мүмкін күй атауларын сол мұраны сақтап жеткізген күйшілерден емес Бөрібай Кәрттеннің алдына барып өзгертіп беруін сұрауымыз қажет шығар.
Қорыта айтқанда, «Орынбай Ақжелең» де, «Күй шақырғыш Ақжелең» де күй өнерінде өз орнын тапқан сүбелі туындылар. Әр қайсысының өз ерекшелігі, өз қолтаңбасы бар. Қазанғап күй мұрасына қосылған үлкен олжа.
Күй атаулары мен күйге байланысты аңыз-әңгімелерге өте мұқият болуымыз керек. Бұл - ауыз әдебиеті, бұл - фольклор. Зерттеушінің міндеті халық аузында сақталған аңыз-әңгімелердің бәрін хаттап қағазға түсіру. Ал күйлерді зерделеп, ғылыми түрде музыкалық талдау жасау - кәсіби мамандардың құзырында болғаны абзал.
Өнертану ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, "Құрмет" орденінің иегері, күйші Абдулхамит Райымбергенов