«Ақсақ құлан» күйінің аңыздары

МУЗЫКА
10405


Кетбұға бидің Шыңғысқанның үлкен ұлы Жошының қазасын естірткені туралы аңыздар түріктің кіндігінен тараған күллі ұлттар мен ұлыстардың фольклорында сақталғаны белгілі. Оқиғаны баяндау әңгіме, жыр, хикая түрінде өрбиді. Тарихи дереккөздерге сүйенер болсақ, Кетбұға Алтайдан Ұлытауға Жошы қосынын бастап келгені анғарылады. Осы жерде Жошы ұлысының негізін қаласады, ханға бағынышты елдің ұлық биі болады. Жошы аңшылық құрып (бұл аңызда айтылатын мифологиялық сарын, ал, Жошы қазасының себебі сол кездегі саяси тартысқа байланысты болғандығын кейіннен көптеген зерттеушілер жазғаны мәлім) киелі аң ақсақ құланды қуам деп мерт болады, құланның тепкісінен бақиға аттанады. Яғни, ол Ұлытау топырағында дүниеден өтеді, сүйегі де осында қойылады. Қазір Ұлытау жерінде Жошы ханның мазары бар. Ал, Қарақорымдағы қаған ордасына Жошы қазасын естірту міндеті Кетбұғаның мойнына артылады. «Ақсақ құлан» аңыздары осы бір алмағайып заманның трагедиясына құрылған. «Ақсақ құлан» шертілер болса әуелі оның аңызын әлқиссалау күйшілер арасында осы күнге дейін бұзылмай сақталып келе жатқан салт болып табылады. Енді осы аңыздардың бірсыпырасына тоқтала кетпекпіз.


1. Көне түркі нұсқасы 


Кетбұға жырау:

- Тенгиз баштын булғанды, ким тондурур, а ханым?

Терек тубтын жығылды, ким тургузур, а ханым?

Шыңғысхан:

 - Тенгиз баштын булғанса, тондурур (тундырар) олум Жучи дүр,

Терек тубтын жығылса, тургузур олум Жучи дүр.

Шыңғысхан:

 - Кöзунг йашын чöкӱртӱр конглӱнг толды болғаймы?

   Жиринг кöнгуль öкӱртӱр Жучи öльди болғаймы?

Кетбұға жырау:

- Сöйлемеске эрким йок сен сöйлединг, а ханым!

 Ӧз йарлығынг öзге жаб айу öйлединг, а ханым!

Шыңғысхан:

 - Кулун алған куландай кулунумдин айрылдым

 Айрылышкан анкаудай эр олумдин айрылдым.


(Шажрат әл-атракт (Түркі шежіресі), Ибн әл-Асир, 15 ғасырда өмір сүрген араб ғалымы).



2. Шағатай нұсқасы


Кетбұғы: 

   Теңіз баштан булғанды, 

  Кім тундурур, ей, ханым?

 Терек туптін йығылды, 

 Кім турғұзур, ей, ханым?

Шыңғыс хан:  

 Теңіз баштан булғанса

 Тундурур ұғлым Жошы дүр

 Терек түптін йығылса,

 Тургузұр ұғлым Жошы дүр. 

(Хальфин Ибрагим бин Исхақ. Чанғыз хан уә Ақсақ Тимур тарихы. Қазан, 1808, 31-бет. Қазақ тарихынан. Жалын баспасы, Алматы-1997. 98-бетте)



3. Ұлытау жерінде сақталған нұсқасы


        Алаша ханның тамы Қаракеңгірде. Өзінен қалған нәсіл-жұрағат жоқ. Жалғыз баласы Жошы хан бала күнінде аң аулауға шығып, түзде жүргенде бір ақсақ құланды қуамын деп, көп құланның ортасына түсіп кетіп,аты құланмен қабат елігіп-желігіп, бала атына ие бола алмай,тоқтата алмай жығғылып, құлан ортаға алып тарпып өлтіреді. 

 Аңға кеткен бала келмеген соң бір жаманатты хан да, қара да түсініпті. «Бұл бала енді жоқ болды, кімде-кім баланың өлімін естіртсе басын аламын» - депті. «Өліміңді өшпендің естіртсін» деген деп. 

 Сол заманда ханның бір Кетбұға деген домбырашысы бар екен. Бір күні домбырасын қолына алып, күймен баланың өлгендігін шертіпті.

Алаша хан, Жошы хан,

  Ақсақ құлан жосыған,

Құлан теуіп өлтірді-ау,

   Бұйрығын ақтан келтірді-ау..,

- деген сөз шығыпты. Оған құлақ түрген Хан:

- У, Кетбұғам, сенің домбыраңның дауысы қалай жаман шығады, «Алаша хан, Жошы хан, Ақсақ құлан жосыған» деп тұр ғой, мен кеще кісі болмасам «ханның жалғызының жайрағаны, дәл келеді-ау осыған» деп отырсың ғой!- дегенде ел шулап қоя беріпті:

- Алдияр тақсыр, өз аузыңыздан естідік! – деп.

Сол уақыт «құлан шуы» деген мезгіл екен. Хан жарлық қылды: «Төрт түлік малды баласынан айырсын, жаңа туып жатқан жас төл енесіне жамырамасын. Мен аңырап зарлап қалдым. Хайуан мал да мендей зарлы болып азынасын, зарласын!»-деп. Төрт түлік малдың жас төлін Қаражалдың бір жағына, енесін бір жағына бақтырады. Ел күйзелді, өзі ас-су ішпей, төсектен басын көтермей, теріс қарап жатып қалады.

 Алаша хан өзі қара қылды қақ жарған әділ екен. Екі даугер келсе шошып оянады екен. Ас ішіп отырса қолындағы аяғын былай қоя салады екен. Сол екі даугердің көңілін дауалатпай ішкені ас болмайды екен. 

Алаша ханның Ханбибі деген қатыны бар екен. Асығып-үсігіп, аптығып ордаға кіріп келеді. Теріс қарап жатқан хан:

- Бұл қайсың? – дейді.

- Мен, Ханбибімін - дейді. 

- Біреу қуып келгендей ентігіп тұрсың ғой, жайдан-жай кісі солай кіре ме екен?

- Есік алдында екі даугер кіре алмай тұр. Соны айтайын деп келдім, - дегенде:

- Дауы не екен, сұрадың ба? – депті.

- Сұрадым. Біреуін танымадым, мен көрмеген бөтен елдің жолаушысы. Біреуі өзіміздің күнде көріп жүрген жүрген Қылдыбастың інісі Жүнбас. Жолаушы ұзын жолға кетіп бара жатқан мүсәпір. Қайтарымда алармын деп Жүнбасқа ат басындай алтын сақтатып кеткен екен. Сол мүсәпір барған жолымен қайтып, енді алып кетейін деп сұраса Жүнбас бермейді дейді. «Баяғыда сенікі болғаны не керек, менің көзім үйір болып, бауыр басып қалдым, бермеймін, жеңген жеріңде ал» - дейді екен. Дауы осы екен – депті. Хан:

- Былшылдамасын, аманатты әркім сақтар болар. Иесі сұрай келсе өзіне қайырар болар. Бар, солай деп айт! – дегенде Ханбибі:

- Төрелігіңізге құлдық, тақсыр, «хан екі сөйлесе қара болады, қара екі сөйлесе қатын» деген. Бұл бала жасаған иемнің сіз бен бізге сақтатқан аманаты емес пе еді, аманатын иесі өзі алды, өзінікін өзі алды деп өкпелеу дұрыс па? – дегенде хан басын көтеріп алыпты:

- Сенікі дұрыс екен де, менікі бұрыс екен, - деп сабасына түсіп, отын оттап, суын ішіп, мал баласын жамыратыпты.

 Сонда бір боз інген жеріп өз ботасын алмапты. Хан осы бота аштан өлсе обалы менің мойнымда қалады-ау, - деп, осы інгеннің өз ботасын өзіне алғызғанға қалыңсыз қыз бере едім деген соң, баяғы Кетбұға күй шертіп, хан баласының мән-жайын күймен шерткенде естіген жұртта ес қалмай, су болып ағып, інген де есінен танып, елтіп, балқып кетіп, еміреніп иіп ботасын емізіпті. Сол күйдің аты «Бозінген күйі» аталып кетіпті.

 Хан енді құланнан өш аламын деп, жұртқа сауын айттырып, құлан қууға ат жараттырады. Қыз-бозбалаларға тамақ, сусын даярлап беріп тұрады. Құлан үшін қаздырған ор бұл күнде «Құлан өтпес» деген өзен аталып қалады. Қырғынға ұшыраған құланнан бесеуі-ақ қалады. Шу бойында сол жер «Бес құлан» аталып қалады. Домбауыл деген батыр сол бес құланды қуыпты. Екі жүйрік ат бар екен. Құланды қойдай иіріп соғатұғын. Бірі - Еңкейторы ат, екіншісі - Аққабақ ат. Еңкей, Қабақ, Құлан Жалақ - жер аттары болып қалған.

 Баласының бір санын тауып алып, там салып, ол там, «Жошы ханның тамы» аталып қалады. Онан соң Алаша хан өзі ажалы жетіп өлгенде, оған тамды келіні соқтырады. Келін өз тамын ойпаң жерге соқтырыпты. «Атам тамына көрініп тұрмасын», - деп.

 Келін болсаң осындай бол. Міне, ибалы келін. Тірі күні атасына именіп көрінбеген, иба қылғандығын өлгенде де кейінгі қалған ұрпаққа айта қалғандай қылғандығы.



4. «Бесқұлан» жолында (Созақ) сақталған нұсқасы


Шыңғыс ханның баласы Жошыны құлан теуіп өлтіргенде халық хан қахарынан қорқып амалы құрыды. Ұлы қаған «кімде-кім жаманат хабар әкелсе соның көмейіне қорғасын құйылсын!» деп жар салдырды. Сонда Жошының қазасын найманның жыршысы Кетбұға естіп, Шыңғыс ханның ордасына келіп айтқаны мынау екен:

 Уа, иеміз Шыңғыс хан!

 Домбыра не деп жырлайды,

  Сарнап бір даусын қырнайды,

  Құлағың сал, осыған...

  Ақсақ құлан, қу құлан,

  Қияннан қашқан ту құлан,

  Қиырсыз құба далада,

  Аңда жүрген балаңа,

  Кез болып бір қашыпты.

  Белден-белге асыпты,

  Қатқақ бұлдыр салада,

 Мекендеп өскен өрбісіп,

 Ордалы құлан жосыған.

 Қуып ақсақ құланды,

 Мінгені тұлпар құнан-ды,

  Ордалы үріккен құланға,

 Құйғытып ойнап қосылған.

 Өлім деген тәңір ісі,

 Желіккен құлан әңгісі,

  Құланмен тұлпар еліккен,

 Жосыған құлан желіккен,

 Балаңды шайнап өлтіріп,

 Жұлмалап, жалмап кетіпті.

  Ордалы құлан шошыған,

 Жұрттың аузы бармаған,

 Сөзді айтып жырлап зарлаған,

 Домбыраның балаңды,

   Естірткені осы, Хан!

  Өзгеге артпа жалаңды,

  Еліктірген балаңды,

  Сол қу құлан, ту құлан,

 Балаң өлді – Жошы хан!

 Нансайшы ханым, осыған!


5. Маңғыстау жерінде сақталған нұсқасы


Бұрынғы өткен заманда Жошы деген хан болыпты.Оның сенімді бас уәзірі бар екен. Жеті жыл жер бетін шарлап, алыс сапардан оралған оны Жошы хан шақыртып алып, көрген-білгенін сұрапты.

- Саруалдың арығы деген жерде көп ордалы құландар жатыр екен. Соның ішінде киелі ақсақ құлан бар екен, оған ешкім жоламайды.Өзіне тиген адамды құлан не теуіп, не таптап өлтіреді, әйтеуір, ажал қармайды екен.Сол ордалы құланды көрдім,- дейді уәзірі.

- Оу, ақсақал, мен адамды жылқы не құлан теуіп өлтіреді дегенге сенбеймін,- дейді сонда Жошы ханның қасында отырған баласы. Содан ол қырық жігітке келіп:- Уәзірдің айтқан жеріне біз де барып, көзімізбен көріп қайтайық,- дейді. Қырық жігітті көндіріп, құлан жайылып жүр екен. Ханның баласы қызыл шекпенін киіп, мылтығын қолына алады да, құландарға қарай жүреді. Сонда көп құланның ішінен бір ақсақ құлан үйірінен бөлініп шығып, одағайлап келіп жер тебініп, пысқырып қалғанда айналаны қап-қараңғы тұман басып кетеді. Мергендер бір-бірінен көз жазып қалады. Бір кезде тұманның арасынан: «Қу шақайлыдан қаша жүріңдер, қызыл шекпендінің үстін баса жүріңдер» деген бір дауыс естіледі. Жігіттер тұман сейілгеннен кейін қараса, құландар да, ханның баласы да ізім-ғайым жоқ болып шығады. Олар үш күн бойы іздеп жүріп хан баласының жалғыз шынашағын тауып алады. Үстінен шұбырып өткен көп құлан оны таптап кеткен екен. Мергендер елге келеді. Баласын жоғалтқан хан қайғыдан қан құсып, басын көтермей жатып қалады. «Кімде-кім менің алдыма балаң өлді деп келетін болса, соның құлағына қорғасын құямын»,- деп жарлық етеді. Мұны естіген халық ханға баласының өлімін естіртуге қорқады. Сөйтіп, ел-жұрт мұның еш амалын таба алмай, дал болады. Сонда ноғайлыдан шыққан Кербұқа деген домбырашы тәуекелге бел буып, хан сарайына келеді. Ол келе домбырасын тарта бастайды. Сонда домбыраға алғаш салғаны құланның жүрісі екен. Хан басын көтерместен жата береді. Домбырашы әрі қарай толғайды. Домбыра «Балаң өлді, Жошы хан» деп күңіренеді. Сонда хан басын көтеріп алып:

 -Әй, сенің тартар күйің емес, менің естір күйім емес екен бұл, «Балаң өлді, Жошы хан» деп тұр ғой мына күй,- дейді. Сол уақытта Кербұқа:

- Тақсыр-ай, балаңыздың өлгенін өзіңізден естіп тұрмын,- дейді.

- Өз қолымнан өлтірер едім, әттең, мынау сөз тауып кетті-ау. Бәлен жерде айдаһар жылан бар. Домбырашыны соның алдына апарып тастаңдар,- деп әмір етеді хан.Кербұқа:

- Тақсыр, оған да құлдық, тек домбырамды өзіме беріңіз,- дейді. Ханның нөкерлері оның қолына домбырасын беріп, аяғына кісен салып, айдаһардың алдына апарып тастайды. Айдаһар адамды көріп, жұтайын деп қасына келгенде, Кербұқа оның алдына отыра қалып, күй тартады. Сонда айдаһар күй біткенше тыңдап жатқан екен. Күй аяқталған соң ініне кіріп, ат басындай алтынды домбырашының алдына домалатып әкеліп тастайды. Кербұқа алтынды құшақтап еліне қайтады. Ол ханның қаһарынан да, айдаһардың аузынан да осылайша аман құтылып, мұратына жеткен екен. 


(А.Райымбергенов. Күй қайнары. - Алматы. М.Өскінбаевтың жеткізуінде жазылып алынған.)



6. Семей өңірінде сақталған нұсқасы


...Ерте заманда Шыңғыс деген ханның Жошы дейтін жалғыз баласы бар екен, сол саятқа шығып бір ақсақ құланға кез болады. Содан ақсақ құланды алмай қоймаймын деп қуа жөнеледі. Ол құлан бір топ құлан үйіріне қосылып, тау-тасты кезе қаша жөнеледі. Жошы аңшылықтың құмарымен құланды ұзақ қуады, ақыры ат-матымен таудан құлай ма, құздан секіре ме, әйтеуір қырсық шалып, қаза тауыпты. Жошының сүйегін ел болып, жұрт болып іздейді, бірақ таба алмайды. Хан қатты түңіліп ордасына қайтады. Содан «Менің ұлымның жаманатын естірткен адамның тілін кесіп, құлағына қорғасын құямын!» - деп елге жарлық шашыпты. Ел-жұрт болып, қауым болып Жошының сүйегін іздейді, мүрдесін тауып алып оны Шыңғысханның босағасына алып келеді. «Мұны енді қалай естіртеміз» деп халық пұшайман болыпты. Сол кезде қолында домбырасы бар бір жас жігіт:

-Халайық, мұның естіртуін мен естіртейін, баланың сүйегін алып менімен бірге ханға жүріңіздер, - деп жол бастайды. Ел-жұрт ханға сәлем беріп, аман-саулық айтысады. Сонда әлгі жігіт хан алдына жүгініп бір күйді шерте жөнеледі. Күй ақсақ құланның шоқырақтап қашқанын, Жошының оны қуғанын бейнелейді. Бір сұмдықтың болғанын іштей сезген Хан:

 - «Мына домбыраң не дейді?» - деп сұрайды. Сонда әлгі жігіт:

 Ақсақ құлан жосыған,

  Қайғылы болған осыған,

  Арманда кеткен балаңыз,

 Хор қызына қосылған...

- дейді. Содан ханның жарлығымен домбыраның ішектері қиылады да шанағына қорғасын құйылады. Сосын құланның ұрығын құрту керек деп елге пәрмен берді. Ел жиналып даладағы құлан үйірін түгелімен қуып, терең қазылған орға қамап түсіріп, қынадай қырды. Бірақ ақсақ құланды ұстай алмайды, ол терең ордан секіріп қашып шығады.

Жошының өлімін жас жігіт осылай күй шертіп естірткен екен...


(Бағаналы Саятөлековтің жеткізуі бойынша сақталған аңыз. Қазақ радиосының алтын қорынан) 


7. Қырғыз елінде сақталған аңыздар


Бірінші аңыз


Шыңғысханның баласы өлгенде Кет Бука ырчының естірткені:


Туысқан қырғыз халқы Кетбұға жырау туралы тамаша аңыз-жырды сақтап қалған, оның сыры мынада болса керек, ежелден бауыры ажырамаған жұрттың шежіресі бір, бастан кешкен тарихы да ортақ. Төменде сол аңыздың қырғызша нұсқасын аудармай беруді жөн көрдік.

Айхандын(Чынгыс хан) баласы өлгөндө хандын каарынан коркуп, эч ким даап айта албай коёт. Ошондо Кет Бука ырчы угузган дешет.

Кет Бука:

Туу куйругу бир кучак,

Тулпар качты, Айганым.

 Туурунан бошонуп,

 Шумкар качты, Айганым.

 Алтын така, күмүш мык

 Дулдул качты, Айганым.

 Алтын туур ордунан

 Туйгун качты, Айганым.

Алтын ордо багынан

Булбул качты, Айганым.

Деңиз толкуп чайпалып,

Көл бөксөрдү, Айганым.

  Терек түптөн жулунуп,

Жер бөксөрдү, Айганым.

Ала-Тоо кулап, пас болуп,

 Бел бөксөрдү, Айганым.

  Берекелүү нур качып,

 Эл бөксөрдү, Айганым.

 Төрөлөрдүн уругунан

   Төл бөксөрдү, Айганым.

 Агын дайра соолуп,

 Көл бөксөрдү, Айганым.

  Кара жандан таптатты

 Ынак көчтү, Айганым.

 Касиеттүү башкача

  Чырак өчтү, Айганым

Муңканган комуз күүсүнөн табышмактуу ырдын сөзүнөн баласынын өлгөнүн Айган түшүнүп:

Кет-кет, Кет Бука,

Кеби суук Кет Бука

Карап турган кашымда

Кашың да курусун, Кет Бука.

 Күү менен сүйлөгөн

 Сөзүң курусун, Кет Бука.

Комуз чертип ырдаган,

Ырың курусун, Кет Бука.

Кара жанды кашайткан,

Чырың курусун, Кет Бука.

Атайы келген алдыма

Ишиң курусун, Кет Бука.

Комуз чертип жоруган

Түшүң курусун, Кет Бука 

-деп ыйлап отуруп калган экен...


Екінші аңыз


Чынгыз хандын баласын кулан тээп өлтүргөндө Бука деген ырчы угузган экен.

Бука:

 Алтын боолуу ак шумкар

  Алтын боосун тытыптыр,

Айды карап сызыптыр.

 Күмүш боолуу ак шумкар

 Күмүш боосун тытыптыр,

 Күндү карап сызыптыр,

 Ал эмине болучу?

 Туу түбүндө кок бука

  Күндү карап өкүрөт,

  Алчагай мүйүз ак эркеч

Айды карап бакырат,

Бул эмине шумдугу?

Асмандан ак ала булут сөгүлөт,

 Аяктап мөндүр төгүлөт,

 Көктөн көк ала булут сөгүлөт,

 Көнөктөп мөндүр төгүлөт,

   Бул эмине шумдугу?

Чынгыз хан:

Алтын боолуу ак шумкар

Алтын боосун тытканы,

Айды карап сызганы

Ал кулунум ботом болгону

Күмүш боолуу ак шумкар

 Күмүш боосун тытканы,

 Күндү карап сызганы

Бул кулунум ботом болгону.

Култук мүйүз көк бука

 Туу түбүндө өкүрсө,

 Ал атасы болгону.

 Алчагай мүйүз ак эркеч

 Айды карап бакырса,

Ал энеси болгону.

Асмандан ак ала булут сөгүлсө,

 Аяктап мөндүр төгүлсө,

 Көктөн көк ала булут сөгүлсө,

 Көнөктөп мөндүр төгүлсө

 Көзүмдүн жашы болгону,

- деп баласынын өлгөнүн түшүнүп:

 Кет-кет, Кет Бука,

Кеби жаман Кет Бука,

Сенин айтар кебиң бул эмес,

Менин угар кебим бул эмес,

- деп ырчыны колго багылган арстан, жолборско таштап жиберерде Кет Бука ырдады::

Кыздары соккон кыялдай

Кылыгы жакшы Ай-Ханым.

Келиндер сайган кестедей,

Кеби жакшы Ай-Ханым.

Элчи менен ырчыга

Хан алдында кай өлүм?

- дегенде Чынгыз хан ачуусунан кайтып, ырчыны өлтүрбөй башына азаттык берет.


Үшінші аңыз


Илгери өткөн заманда Айхан деген жашап, анын Жолчухан аттуу жалгыз баласы болот. Ал жанына кырк жигит алып ууга барган жеринен баланы жолборс жарып өлтүрөт. Жолчу хандын өлгөнүн атасына кантип угузарын билбей айлалары кетип турушканда кырк жигиттин ичинен Кет Бука деген ырчы чыгып угузган дешет.

Туу, туу, туу кучак,

 Тулпар качты, Айганым.

  Туурунан ажырап,

 Шумкар качты, Айганым,

О не болот, Айганым?

Алтын боолуу ак шумкар

 Айды көздөй сызыптыр,

 Алтын боосун тытыптыр,

О не болот, Айганым?

Күмүш боолуу ак шумкар

  Күндү көздөй сызыптыр,

  Күмүш боосун тытыптыр,

О не болот, Айганым?

Абадан ак ала булут сөгүлөт,

  Аяктап жамгыр төгүлөт,

  О не болот, Айганым?

  Көктөн кок ала булут сөгүлөт,

Көнөктөп жамгыр төгүлөт,

О не болот, Айганым?

Айхан түшүнүп:

Туу-туу, туу куйрук

Тулпар качса карматпай,

Менин туйгунум өлгөн турбайбы,

  Ошондо шорум курбайбы.

 Алтын боолуу ак шумкар

  Айды көздөй ал сызса,

  Менин арыстаным өлгөн турбайбы,

  Менин бир шорум курбайбы.

  Көктөн көк ала булут сөгүлсө,

  Көнөктөп жамгыр төгүлсө,

  Көзүмдөн жашы турбайбы,

 Менин бир шорум курбайбы.

 Кет, кет, Кет Бука.

  Комузуңду колго алып,

  Сүйлөткөнү келдиңби?

 Бүгүн Айган пашаңды

  Ыйлатканы келдиңби?

   Жолчуханды тапсаңар,

    Кыркыңды паша кыламын,

  Жолчуханды таппасаң,

  Кыркыңды кырк жерде

    Башыңарды аламын!

-деп айбалтаны белине кыстарып, Буканы жанына алып, токойго кирсе, Жолчу ханды жолборс басып жатыптыр. Бука жолборстун маңдайына барып комуз черткенде жолборс кошуп уктап кеткен имиш. Ошондо Айган жолборсту башка чаап өлтүрүп, жонунан кайыш тилип, Жолчу хандын сөөгүн үйүнө алып кайтыптыр деген сөз бар...


(Аңыздар http://bizdin.kg/ порталынан алынды).



8.Сауға


Ертеде Шыңғыс дейтін ханның баласы саяттап жүргенде жабайы құлан шайнап қайтыс болыпты. Баласының қазасын естірте алмай ел пұшайман болып жылап-сықтапты, ханға не дерін білмей қайғыға түсіпті. Шыңғысхан «баламның жаманат хабарын кім жеткізсе соның көмейіне қорғасын құям» деп жар салыпты. Не тірі, не өлі хабарын ел жеткізе алмай біраз уақыт өтеді. Хан «егер ұлымның хабарын айтпасаңдар жұртыңды қырып тастармын» деп одан сайын қахарланады екен. Сол кезде ел ішінде Кетбұға деген күйші болыпты, «Ханеке, халқыңызды текке қырмаңыз, жанымызға сауға беріңіз, сауға!» - деп домбырасымен күй шертіпті. Сонда баласының өлгенін түсінген хан райынан қайтып халықтың жанын қиып, бастарына сауға беріпті.


Аңызды жеткізушілер - Т.Әсемқұлов, С.Бүкіров.


"Ақсақ құлан. Кетбұға бидің күйлері"  кітабынан алынды.

(Құрастырып, ғылыми түсініктемелерін жазған Жүзбай Жанғали.) 

Кітаптың толық нұсқасын оқыңыз







author

Кетбұға

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...