Жыл басынан бері елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген

Фото: Владимир Третьяков

Жаңалықтар
169

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Оның 730-ы бойынша қылмыстық іс ашылып, сот органдарына жіберілді. Бұл туралы Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Айдар Қонысбек айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz el.kz тілшісіне сілтеме жасап. 

Жалпы, Астанада жыл басынан бері интернет-алаяқтықпен айналысқан 67 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, ал басқа да фактілер бойынша тергеу әрекеттері жалғасуда. Келтірілген залал 3 млрд теңгеден асады, оның 424 млн теңгесі өтелді.

Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі алаяқтар банк карталарының деректерін алудың түрлі әдісін ойлап тапқанын айтады.

Алаяқтар өздерін банк, құқық қорғау органдары немесе ұялы байланыс операторы ретінде таныстырып, түрлі себептерді айтады. Мысалы, қазір алаяқтарды ұстау бойынша арнайы операция өтіп жатыр деп алдап, соған орай телефонға хабарлама арқылы келген құпия сандарды айтуды өтінеді. Онлайн-платформалар арқылы жоқ тауар мен қызметті ұсынып, алдын ала төлем жасауды сұрайды. Одан бөлек жалған жеткізу қызметін ұсынып, сілтеме арқылы деректерді толтыруды сұрайды. Осылайша, адамның жеке деректеріне қол жеткізеді. Кейде ақша көбейтудің жалған жолдарын ұсынып, бағалы қағаздар мен криптовалютаға тиімді инвестиция жасауға болатынын айтады. Алаяқтар сайттар жасап, ойдан шығарылған сауда-саттық ұымдастырып, толықтырулар мен кірістер туралы мәліметтер көрсетіледі. Қылмыскерлер WhatsApp мессенджерінің аккаунтына заңсыз кіру әрекетін де жасап жатыр. Онда зиянды сілтемені пайдаланып, әлеуметтік желідегі аккаунтын иемденіп алады. Сол адамның атынан барлық нөмірге жазып, қарызға ақша беруін сұрайды. Міне, осындай алаяқтық түрлері қазір жиі жасалады, - деді ол.

Полиция басқармасы өкілінің айтуынша, елорда тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, 2 миллион теңгесінен айырылған.

Астана қаласының тұрғынына белгісіз адам хабарласып, өзің телефон операторының қызметкері ретінде таныстырған. Әрі қарай қолданыстағы SIM-карта мезгілі өтіп бара жатқанын айтып, пайдалану мерзімін ұзарту үшін телефон нөміріне келген құпия санды айтуды сұраған. Қала тұрғыны алаяқтың айтқанына сеніп, хабарлама арқылы келген сандарды айтқан. Кейін тұрғынға басқа біреу хабарласып, өзің банк қызметкері деп таныстырған. Оған «Жаңа ғана алаяққа алданып қалдыңыз, ақшаңызды қауіпсіз жерге аударыңыз» деп сендірген. Елорда тұрғыны алаяқтың айтқанына көніп, ол жіберген шотқа 2 миллион 100 мың теңге ақша аударып жіберген, - дейді Айдар Қонысбек.

Қазір интернет-дүкендердің қызметі тұтынушыларға түрлі мүмкіндіктер қарастырып қойған. Дегенмен алаляқтар интернет-дүкендерін пайдаланып, жеке тұлғаларды алдап, ақша жымқырып жүр.

Елорда тұрғынына белгісіз нөмір хабарласып, интернет-дүкен атынан автокөлік ұтып алғанын айтқан. Жәбірленушіге көлікті рәсімдеу және сақтандыру үшін ақша керегін айтып, 600 мың теңгеге алдап кеткен, - деді полиция өкілі.

Жыл басынан бері 900-ден астам түрлі заңсыз мазмұндағы сайттар бұғатталуға жіберілген.

Интернет-алаяқтықтың алдын алуға болады. Ол үшін күмән тудыратын сілтемелерге өтпеу керек. Ешкімге жеке деректер туралы айтпау қажет. Тауарларды әртүрлі интернет-алаңдарында сатып алатын кезде алдын ала төлем жіберу үшін мәліметтердің түпнұсқалығына көз жеткізу керек. Әлеуметтік желідегі жеке мәліметтерді сақтау үшін қиын құпиясөздер қою қажет, - деп түсіндірді полиция өкілі. 

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...