Би өнері әрбір адамның өміріне енетін уақытты армандаймын. Ол бір тамаша уақыт болар еді. Сол бір ке...
Қитараның қирәті
Ән - құдірет, ән - ұлттың киесі. Адамзаттық құндылықтардың өрлеу, сөну кезеңдерінің түгелінде халықтың жандүниесіне қалқан болған бірегей өнер ән. Ән - сазбен нәзираның (поэзия) арасынан туатын мақам. Әнсіз ғұмыр болған емес. Өмір мен өлімнің арасындағы аужар - итжейде мен ақыреттің жиегіндегі дыбыс, ариозолық ырғақ ел- жұрттың есіндегі ежелгі әуез. Ән, ән, ән! Саусағының ұшынан саулап, көк іргесінен күңіренген күй болып төгілер әнші өте сирек кездеседі кейде. Ежелгі Бабылдан он бірдеңесінші ғасырда Ишпаһандардың шертпелі аспабына ұласқан қитара сазы әйдік болған үн.
Үннің сілтісі алты, жеті шегінен күлдір кісіней жөнелетін ғұмырият сазына көшкен. Қайта сергудің ХҮІІ ғасыр серенадасы қағылез құлақтарды тылсым түн тұңғиығына тартты. Осы қитара құдыретін құлпырта, тамылжыта шырқайтын шың үншілер бізде де көп. Таңғайыр табиғи дауысты Табылды Досым, Нұрлан Өнербайұлы, Гүлмира Ақүрпекқызы осы санатта. Азия материгі пайда болғанда тастың қас бетіне жұққан бір дыбыс болған. Көне көшпелі қазақтың дәуіріне қарай келгенде тұл інгеннің тұла бойын иіткен қара қобыздың шанағынан саулаған саңғал дауысқа ұласқан. Осы шыңғыл дыбыс, міңгір күйімен бізге жұғып қалған. Еңсеп, еңіреп мүлгіп тыдайтын... Сол замана мұңы ғасырлар алмасқан сайын жандана берері тауарихат! Домбыра сарыны түз даланы кезіп өткенде әр жыра-жылағда жылап қалған тағдырды оятар бір құбылыс мәңгі сарынымен қала беретін секілді. Шап-шағын ұлттың «...таудың тасы етекке саудыраған...» дүбірі санамыздың тереңіне сіңіп, тығылып келіпті.
Солардың бірі таңғайып талдырмаш қыз Баян Нұрмышқызы.
Ежелгі Мысырдағы тыныстардың арғысы, Алтай білеудің бетіндегі бәдізі, кісі көзіне бір зәузат. Сегенектің көзіндей өбісе келетін сызықтар мен әріптер жинағын «нота» депті. Бедерге тиянақтап бекіген одағай әуезді орындайтын тұлғаны «жыршы құс» есебінде кейіптесе керек. Ендеше біздің дәуірдегі көп бұлбұлдың бүдіретінен өнік көрінетіні осы Баян секілді жыршылар түрені-тін. Түренгер 6-7 шекті еңірете келіп самалдатады. Ысқыру, үһілеу, күрсіну, күңіренумен дірілкөмей, кернейлете, сырнайлата жететін шертпе дыбыс. Дыбыстың өмір сүру өлшемі неше миллион жылға жалғасуы мүмкін. Американдақ Боб Дилан (Bob Dylan) ұлы елдің үні болғанын Нобель сыйлығы дәлелдеді.
Ал, түземдік Баян Нұрмышқа осы қасиет ерте қонған ба, әйтеуір бұлбұлкөмей. Бұбұл деген кішкентай ғана құс. Дүниеге пайда болғалы он неше млн жыл болған жұмырықтай тірі әуен! Сол секілді Баянның да сырты бір шөкім үр дыбыстың үркіні секілді. Қобыздың бебеуінен туып, маң далаға ауған маңырау марқа жанды дауыс!
«Толағай» - таудың мүсі. Ән болып төгілген ғажайып әуен. Түздегі тылсым лирикасы Баянның көмейі мен қитараның жеті шегінде ойнаған сүмбі саусақтар ізінде жаңғырық тұнғаны. Мамырдың жұпарымен көктен саулаған құстар үні! Бір нәзік дүниетүзем ораториясынлай өткен шағыңды сүйреп, бүткіл сүлей сүгіреттерді алдыңа жаяды. Мейірімді даланың мекіренген ене еңкілі есе береді. Қоңыр ауылдың үстінен жамыла бүркеген мақпал түннің сүйкім елесі. Осы әуездің сиқырлы діңіне дүние-жалғанның түмен сырлы түгел еркелігі сиып кеткен... Арманның шексіздігін, жалғанның өтпелі шағын сағына жұтасың! Тоқсан бәлен өріммен өрілген тау - «Толағай» төбенің етегіне еңірей құлаған дауыс бұ жолы Баян Нұрмыштың үнінен төгілген пері үнімен өңдес...
Мамырдың желпілдеген жұпар лебі,
Қиқулап келді тағы құстар легі,
дүние, шіркін,
жайнайды, еркем!
Толқытып Толағайдың мақпал түні,
Арманың кеткендей бір болмай шегі,
беймаза көңіл сайрайды, еркем!
Қайырмасы:
Ахоу,
Асыл еркем,
Асыл еркем,
Толғанып салған әнім жетер ме екен?
Жайлауы Толағайдың қоңыр салқын,
тербеген түні қысқа, таңы жақын,
ғашықтар сыры шертіледі, еркем!
Өзге емес өзіме де қимайтындай,
Жарқылдап жүретұғын ашық-жарқын,
көрсем бір шіркін көркіңді, еркем!
Жылқым көп Толағайдың етегінде,
Ақ боз ат өзің көрген жетегімде,
сен жоқсың әлі сағындым, еркем!
Мұратқа жеткізгендей шаттандырып,
Қол бұлғап қалып едің кетерімде,
сертіңе сол бір бағындым, еркем!
Қазақтың қара өлеңі - «Дедім-ай,ау» әуені де бұла! Біздегі түрлі бедер,қына өлеңдегі меломодерн! Қарапайым үн қанатында ұза-а-ақ жиектегі бір сағыныш сарыны елестейді. Ұшқын ой сілемі қалықтап келіп тыңдаушыларың зердесін түртіп оятады. Сүгірет пен наздың уысындағы тұп-тұнық әуенге жүзесіз. Жерден көтерілген әуен бірден өзге әлемге шарықтаған мұнарғайыптай! Ару даланың күміс сыңғыры тағы да тамылжыған таңырауына тартады. Сарығайып кеңістікте алуансәйгілең бояулар мамырлайды. Аспандағы айдан шұбырған әппақ әлемнің сән сілекейі қандай... Адамның ішкі аранын байлап тұрған ішкі самал, ойқұсқы теңеулер арасында тек «дей алатын» жұрт қазақ емес пе!?
«...Көрген адам қасынан кете алмайтын.... Мұз үстінде жүргендей тайғанақтап...» осы теңдессіз ұтқыр һәм ежелгі мән теңеудің (риторика) әуендегі сүлдеріне қарай беріңіз!?
Жаһанды жатқыратпайтын жанды дауыспен әуелетіп, оны қитарамен желпіген желбір-жекен Баян ғана әзірге.
Айналайын ақ жүзің айдан аппақ
Сендей жарды ер жігіт қайдан таппақ дедім ай ау
Көрген адам қасыңнан кете алмайды
Мұз үстінде жүргендей тайғанақтап, дедім ай ау
Қайырмасы:
Алма ағаштың гүліндей ау
Текеметтің түріндей ау
Өтіп дәурен бара жатыр
Сіз бізге білінбей ау
Құлағыңа таққаның күміс сырға
Күмбірлетіп шығасың күнде қырға.
дедім ай ау
Сағыныштан сарғайып шыдам таппай
Мен өзіңді қосамын ән мен жырға.
дедім ай ау.
...Қарғам-ау лепесі-әже мейіріндей жұмақ! Баяғыда сабақ - сапарға кетерімізде әжем қалушы еді артқы жақта сағынышпен... Қоңырау көмей қоңыр ботаның шуда үлпіл, шумақ ізді нәшімен қара жолдың бойлап сумаңдатып келе жатамыз. «Қарғам-ау» әуені үнтаспаны қақ жарып шығып шағыр жотаның үстіртіне қарай жортып баратын-ды. Кеңіс жалғандағы ең ғарыштық сүйкімдік қазақтың әнінде ғұмыр кешеді өстіп.
«Қарғам-ау» - ежелгі Афродита аңызындағы махаббат тәңірісіндей лағыл жыр! Бұрынғы Ұрымның сұлулық пен махаббаттың құдайын қазақ өзінше қара өлеңінде - Ай мен Шолпанға теңеген. Кәдімгі - «Айман-Шолпанға». Еділ мен Жайыққа шомылған осынау қос ару ғаламшарға тым жуықтан бір жыр да жазылды. Шамасы аян секілді дейік...
Шәкерім Құдайбердінің «Ләйлі-Мәжнүн» жырында бір мән бар:
«...Келбеті бұл баланың өзгеден жат,
Бір көрсең, көргің келер неше қабат.
Бетінде бек сүйікті бір нұры бар,
Қыласың ықтиярсыз шын махаббат...» Мінеки бұған не дейміз!? Қарғам-ау!!!
Қарағына қамалған қараңғы түннің суқара жанарынан жауған жәуһердей қара нұрға керемет ынтығасыз! Жер жұпарын жұлқа ескен желдің өтінде тұрып өзіңді өлшейсің.
Біздің өлшем өте ерте дәуірден бері төрткүл ғаламға мәшһүр.
Жапон аңыздарында жеті жусан нәрі және танка өлең үлгісімен мазмұндас, жақын келетін жақсы көру, ынтызарлық әлемі бізге ұқсас. Бірақ, оларда біздегі «қарғам-ау» тәнік өлеңі өзгенің өзегінен өңге,жұпсыз.
Адалдықпен махаббаттың пафосы - Үндінің «Махабхарата» мен «Рамаяна» жырларында қаншама қанатты ғажайыптар бар. Алайда біздегі «Қарғам-ау»-дың шегі мен шеті өте кең, кемел. Қарғам-ау; көктен құлап тынатын мың қанатты құс секілді, көкке шашылып жылап тұратын шың қабатты құз секілді киелі мұң, иелі ым.
Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде,
Құриды ынтызарым сен дегенде.
Аршын төс, алма мойын, беу, қарағым,
Бал татыр сілекейің шөлдегенде.
Қарғам-ау, ақша жүзің айдан аппақ,
Аулыңнан шыға алмаймын айналақтап.
Қасыңа ешбір адам бара алмайды,
Көргенде ақ жүзіңді тайғанақтап.
...Естайдың - «Жай қоңыры» қазақ ән өнерінің інжу-маржандарының бірі. Ертістің арғы жағы- Арғанатының қайыршақты бөктері ежелгі тас дәуіріндегі қаншама бейнелерге толы. Көз ұшында көшпелі қауымның ошағының орыны қалған мекен. Тастағы бәдіздердің сарыны Естай Беркімбайұлының жадысында жаңғырыпты. «Жай қоңыр» соның тірілген сүлдері. Бұлдырықтар қанатымен бұйырғын басын үрлеп өтер сары даланың үнін Баян Нұрмыш дара оятып озандатыпты. Қыпшақ пен қимақтың, оғыздардың от жаққан жұртындағы жанды жалынды лаулатқан озаншы осы талдырмаш бұрымды.
Ертістің арғы жағы – Арқанаты,
Әншінің домбырасы – қолғанаты.
Жағалап Қара Ертісті Естай ақын,
Деп салған «Жай қоңыр» деп әннің аты.
Әуелі бұл шіркінді бастау қиын,
Екінші, көптің сөзін тастау қиын.
Төрт сөзің түгелімен келмеген соң,
Барқырап көп алдында қақсау қиын.
...Қазақтың ғаламаты қара өлеңінде. Сазға орап, әуезбен әрленген әлемдік поэтикалық құндылық. Дала әуендерінің өлшемі шексіз. Қызыл дәуірден жалыққан, жабыққан жұртты түрлі-түсті ызыңнан құтқарған қыл қобызбен құрдас, екі шекті домбырамен мұңдас осы жеті шекті шертпелі қитара.
Елеңдегі Ертістің ернеуінен беу есілген ерен сұлу көркіндей таза әуеннің үш тағаны бар.
Ақиесі - ақын, орындаушысы - әнші, тұтынушысы текті халық. Озандата шырқаған сәтте мұндай кең саһара дала сахнасында туғаныңа шүкір дейсің. Сахнада қитараның үнімен сәл қырындап бұла әуендерді бұрқатқан бұрымды жайраң Баян Нұрмышқызы тұр.
Сұраған Рахметұлы,
ақын