12 мың адамның алдында балағат сөз айтқан: Семейде TikTok-тағы тікелей эфир әйелді қамауға алып келді (ВИДЕО)

ВИдеодан алынған скрин

ЖАҢАЛЫҚТАР
121

Семейде TikTok желісінде тікелей эфирге шығып, қоғамдық тәртіпті бұзған 53 жастағы әйел бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлады MadeniPortal.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

ІІМ мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Абай облысының полицейлері TikTok-тағы тікелей эфирді анықтаған. Онда әйел балағат сөздер айтып, алкогольдік ішімдік ішкенін әдейі көрсетіп, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

Аталған трансляцияны шамамен 12 мың адам көрген. 

Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтады. Ол Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны болып шықты.

Сот әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жасын ескере отырып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердің баршаға қолжетімді кеңістік екенін, ал тікелей эфирлерді кәмелетке толмағандар да көруі мүмкін екенін ескертті.

Ведомство интернетте жасалған әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында тиісті баға берілетінін атап өтті.