Президент 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Жаңалықтар
1697

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".

«Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады», деп жазды Президент Twitter -дегі парақшасында. 

Оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту жариялау туралы Президент Өкімі шықты. 

«Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2021 жылғы 29 тамызда жалпыұлттық аза тұту жариялансын», делінген құжатта. 

Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 12 адам қаза тапқан. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, барлығы 98 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 37-сі ауруханаға жатқызылып, қалғандары жарақат пункттерінде тиісті көмек алып, үйлеріне жіберілген. Тараз қаласының стационарларында ем алып жатқан зардап шегушінің бесеуі реанимацияда, екеуінің жағдайы ауыр. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше оқиғаға байланысты шұғыл жиналыс өткізді, оның қорытындысы бойынша төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылды, Оның Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады.

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...