Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында ерекше қажеттілігі бар балаларға қ...
2024 жылы қазақстандықтар қандай танымал тұлғалардан айырылып қалды?
Фото: Stan.kz
2024 жылы халқымыз бірнеше адамнан айырылып қалды. Ғылым мен өнерге үлес қосқан, халыққа еңбегі сіңген адамды соңғы сапарына шығарып салды.Оның ішінде спортшылар мен саясаткерлер, әнші-актерлер және өз саласының үздігі болған жандар бар. Stan.kz биыл бақилық болған жандардың тізімін жасап, марқұмдарды еске алады, деп хабарлайды madeniportal.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
12 наурызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист-жазушы Жұмабай Шаштайұлы 74 жасында өмірден озды.
Жұмабай Шаштайұлы "Коммунизм жолы", "Лениншіл жас", "Социалистік Қазақстан" газеттерінде, "Жалын" журналында жұмыс істеді, "Заман Қазақстан" және "Қазақ әдебиеті" газеттерінің бас редакторы болды.
Ол – "Жала мен нала", "Жыр жолбарыс", "Біздің заманның Аяз биі", "Жаңғырық" кітаптарының авторы. Кеңестік кезеңде жазылған, бірақ сол кездегі биліктің сынына ұшыраған "Қызыл қар" романының соңғы жарияланған туындысының 2020 жылы тұсауы кесілді.
29 қаңтарда Вячеслав Ершов өмірден өтті. Ол 2006 жылғы Азия ойындарының чемпионы, әлем чемпионаттарының қатысушысы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы болды.
2013 жылдың сәуір айында зілтемірші әйгілі қазақстандық спортшы, екі дүркін әлем чемпионы Майя Манезамен шаңырақ көтерген. 2013 жылы тамызда ауыр атлеттер отбасында ұл, 2021 жылдың тамыз айында қыз дүниеге келді.
Қазақстан ғалымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ғани Қалиев 86 жасында қайтыс болды.
Ғани Қалиев еліміздің саяси өміріне де белсенді араласқан. ҚР Жоғарғы кеңесі мен парламент мәжілісінің депутаты және "Ауыл" партиясының экс-төрағасы болған.
Ғани Қалиев 1938 жылы жылы 19 шілдеде Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Белбасар ауылында туған. Мансабын Алматы халық шаруашылығы институтында (қазіргі Қазақ экономика университеті) оқытушы болып бастаған.
- 1968-84 жылдары Қазақтың ауыл шаруашылық экономикасы және оны ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, сектор, бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары, директоры (1988-96);
- 1984-88 жылдары Қазақ қой өсіру технология ғылыми-зерттеу институтының директоры;
- 1991-96 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының президенті болды.
- 1999 жылдан парламент мәжілісінің депутаты лауазымын атқарды.
Оның басшылығымен Агроөнеркәсіптік кешеннің Ведомствоаралық ғылыми-техникалық кеңесі құрылды.
Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезов 81 жасында бақилық болды.
Мұрат Әуезов – көрнекті қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты. Ол 1943 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Меркі ауылында дүниеге келген.
1965 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша бітірді.
КСРО Ғылым академиясының әлем әдебиеті институтында диссертация қорғап, әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты атанды. Қазақстан Журналистика Академиясының толық мүшесі.
Мұрат Әуезов "Қазақфильм" киностудиясында бас редактор (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасының басшысы (1988-1990), Қазақстандағы "Мир" телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Кеңес президиумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990), Ұлттық кітапхана директоры (2003-2006) секілді жоғары қызметтерді атқарған.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде елді өзгертуге белсене атсалысты. Парламент депутаты болды, сонымен қатар әдеби зерттеулермен айналысты, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі қызметін атқарды.
Көркемдік процестің теориясы мен практикасы бойынша 200-ден астам жарияланымның, сондай-ақ "Уақытты байланыстырушы жіп" (1972), "Иппокрена. Уақыт құдықтарын аралау" (1997) және "Қайта оралу үшін кету" (2002) сияқты танымал монографиялардың авторы.
Ол 2007 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы қорды басқарып келді.