Абай болайық, қарындастарым...

Жаңалықтар
8306

Өткен күзде министр Дәурен Абаевқа бардым. (Жалпы Дәурен жақсы жігіт. Екі тілде еркін сөйлейді. Білімді. Сезімтал.) «Дәуке, мына «Мәдениет» каналын жауып тастағандарыңыз дұрыс болмады. Басқа басқа Елге, халыққа осы канал керек еді» дегенімде, «Тәке, ол каналдың рейтингісі төмен» - деді. Мен «Өте дұрыс айтасыз. Мәдениетте ешқашан рейтинг болмайды. Өйткені қазір мәдениеттің де, руханияттың да қоғамға керек болмай тұрған кезі» дедім. Бірақ өскелең ұрпақ үшін бұл ауадай қажет. Рейтингісі биік түрік, кәріс, үнді, ресей фильмдерінен біз не ұтамыз? Не тәлім-тәрбие аламыз? Дәурен бауырым аз-кем ойланып отырды да, Мәлика деген көмекшісін шақырып, «Мәдениет» каналын қайта ашайық» - деді. Өкінішке орай, ол канал ақыры ашылмады...

М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен. Бір жылдары осы қанатты сөзді мен өзгертіп, «Ел боламын десең, экраныңды түзе» дегенмін... Кейін оны басқа бір журналисттер қағып алып, айтып жүрді. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі біздің көгілдір экраннан береке кетті. Әлгі рейтинг қуған журналисттер телевидениеден не бір сұмдықтарды көрсетіп жатыр. Отандық хабарларды көруге қорқасың. Нағыз «фильм ужасов!». Әнеукүні Ләйлә Сұлтанқызы «бір арсыз қызды ел-жұртқа паш етті. Көтерген мәселесі - әлгі арсыз салдақының арын қаншаға сататыны жайлы. Ал, КТК-да Дина Төлепбергеннің «Астарлы ақиқат» хабарында бір әйелдің мысық жегені жайлы, екінші бір хабарда тағы біреудің түйенің зәрін ішкенін айтып, айхай шулады кеп дерсің... Тура жерден жеті қоян тапқандай мәз...

Әу, ағайын, сонда бізде бүгінгі таңда басқа әңгіме табылмаған ба? Айналайын, Ләйлә! Арсыздар қашанда болған! Бар және бола беруі де мүмкін... Хош делік... Сонда осындай арсыз қызды миллиондаған көрерменге шығарғаннан не ұттың? Орыста сөз бар «Есть созидатели, есть разрушители» деген... Сенікі осы сөздің қайсысына жатады? Экран еріккеннің ермегі емес қой... Неге осындай хабарлар бізге қазір ауадай қажет боп тұр? Өйтіп жинаған рейтингінің құны бес тиын емес пе? Меніңше бұндай хабарлар арналардан орын алмауы тиіс. Онсыз да берекесі қашып отырған елге, бала-шағасын қалай бағамыз деп отырған аналарға, жұмыстан қажып келген ер-азаматқа осындай сұмдық, сұрқия хабарлардың көрсететін жөні ме? Жо-жоқ... Бүгінде бізге басқа тәлім-тәрбиелік жөні бар хабарлар қажет... Иә... Иә... ондай хабарлар жасау үшін талант керек, ақыл керек, жүрек керек, сезім керек, Елге деген үлкен сыйластық керек...

Менің қазіргі ұққаным: «Ақылды журналист – халықты ақылға, абыройға жетелейді, арсыз, ақымақ журналист – халықты сұмдыққа жетелейді!».
Абай болайық, қарындастарым...

Талғат Теменов

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...