Жаймашуақ жаздың соңғы күні Ертіс өңіріндегі Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театр...
«ABISH ALEMI» театр фестивалінде Ғ.Мүсірепов театры бас жүлдені иеленді
1659
Қарт Каспийдің жағасында орналасқан Ақтау қаласының Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында қыркүйектің 20-23 жұлдызы аралығында ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ABISH ALEMI» ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ өткізілді. Халықаралық фестивальде 10-ға жуық театрдан 250-ге жуық сахна шеберлері өнер көрсетті. Оның ішінде, Грузия елінен Месхети мемлекеттік кәсіби драма театры, Башқұртстан Республикасынан Туймазы мемлекеттік татар драма театры, Қырғызстаннан Жалал-Абад облыстық Барпы атындағы қырғыз драма театр ұжымдары мен Қазақстан театрларынан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры, Семей қаласынан «Дариға-ай» жастар театры, Қызылорда қаласынан Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры, Қарағанды қаласынан С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры және Алматы қаласынан Мемлекеттік қуыршақ театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрлары қатысты. Өнер ұжымдары Әбіш Кекілбайұлының қаламынан туған көркем шығармалары мен аудармаларын сахна тілінде сөйлете білді. Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Құрмет және Парасат ордендерінің иегері Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бахтыгереев, Иран республикасының театр қайраткері Атабек Надери, Халықаралық және Грузия театр сыншылары одағының вице президенті Лаша Чхартишвили, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы Жақсылықова Меруерт сынды өнер саңлақтары бақ сынаушы театрларға қазылық ету жауапкершілігін өз мойындарына алды. Қазылар алқасымен қоса Самал Еслямова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Дүйсен Қасеинов, Ақұштап Бақтыгереева, Асхат Маемиров, Нұрнияз Мұханов сынды елге белгілі өнер адамдары да қонақ ретінде бой көрсетті. «ABISH ALEMI» фестивалінде Әбіш Кекілбаевтың «Дүние ғапыл», «Король Лир», «Бурганның үйі», «Иринаның бақыты», «Ромео мен Джульетта» атты тың туындылары мен шебер аудармалары көрермен назарына ұсынылды. Бүтіндей үш күнге созылған бұл ауқымды халықаралық театр фестивалінің нәтижесі қыркүйектің 23-ші жұлдызының кешінде анықталды. Кіл мықтылар бақ сынасқан бұл байқауда БАС ЖҮЛДЕНІ Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпірімдер театры «КОРОЛЬ ЛИР» (реж.: Ф.Молдағали) қойылымен иеленді. Театр қоржынына кезекті жеңіс сыйлаған бұл спектакль қазақтың Әбіші шебер аударып, соңғы уақыттарда өзіндік жан-жақты көзқарасымен театр әлеміне жаңа леп әкеліп жүрген таланттардың бірі - Фархад Молдағали режиссерлік еткен, әлемге әйгілі Уильям Шекспирдің үздік шығармасы болып саналады. Төрт ғасыр бұрын жазылып, әлем театрларында үздіксіз сахналанып келе жатқан бұл спектакль: жаһанды жаулап, билікті уысында ұстап, төрткүл дүниені түгел билеп-төстегісі келген – Король Лирдің өктем бейнесі суреттеледі. Ғұмырында жинаған бар байлығы мен жерін үш бірдей қызына табыстап, ары қарайғы өмірін олардың қамқорлығы мен халқының құрметін иеленіп кешемін бе деген патша ниетінің нәтижесі кімді де болсын бей жай қалдырмайтыны мәлім. Қойылымның артықшылығы тақырып өзектілігін әлі күнге дейін жоймай келеді. «Жарыс бар жерде намыс бар». Фестиваль аясында әр театр өздерінің актерлік шеберліктерін жан жақты көрсетіп, бәйге сахнасында шыңдала түсті. Сонымен қатар, түрлі халықтар қатысқан бұл сайыста әр ел бір-бірінің мәдениетімен етене танысып, білісті. Оған қоса, төл әдебиетіміздің мерейін тасытқан «ӘБІШ ӘЛЕМІ» жоғары деңгейдегі шығармалары көрермен залындағы дүйім жұрттың да көңілінен шығып, ой сала білді десек артық айтқанымыз емес. Жеңісті күндер көп болғай!