Тікелей эфирде Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сотта Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенова...
Алматыда жігіт бойжеткенді ұрып-соғып, еркінен тыс алып қашуға әрекет жасаған
Фото: видеодан скриншот
Алматыда жігіт бойжеткенді ұрып-соғып, еркінен тыс алып қашуға әрекет жасаған. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Қызға сол маңда жүрген бірнеше бойжеткен мен ер адам араша түскен, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оқиға кеше түнде “Бауыржан Момышұлы” метро станциясының маңында болған. Куәгердің айтуынша, жақын маңдағы жатақханада тұратын қыздар айғайлаған дауысты естіп, далаға шыққан. Олар жігіттің бойжеткенді жібермей, ұрып жатқанын көрген. Кейін оқиға орнына жақын жүрген ер адам араласып, қыздарға қашып кетуге мүмкіндік туған.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке қарағанда, қызға шабуыл жасаған жігіт оның сүйіктісі болуы мүмкін. Сонымен қатар ол бойжеткенді өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген деген ақпарат бар. Бұдан бөлек, жәбірленушінің кәмелетке толмағаны туралы да хабар тарады. Алайда бұл мәліметтердің ешқайсысы әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Олардың дерегінше, әзірге ешкім ресми арыз түсірмеген. Құқық қорғау органдары оқиға туралы әлеуметтік желідегі жарияланымдардан білген.
“Бұл дерек бойынша ресми түрде ешкім шағым түсірмеген. Оқиға әлеуметтік желілер арқылы белгілі болды. Қазір аудандық полиция басқармасының қызметкерлері болған жағдайдың мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Сонымен қатар оқиғаға қатысы бар адамдардың жеке басын анықтап, әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға береді”, – делінген жауапта.