Қазақстандық актер әрі жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар Ташкентте өтіп жатқан ALL STARS TASHKENTтур...
Ақтөбеде 18 жастағы курсанттың қазасына қатысты сот отырысы өтті
Сурет ашық дереккөзден алынды
Бұл істе майор мен кіші сержант басты күдікке ілігіп отыр. Сот отырысында айыпталушылардың қорғаушылары істі қайта тергеуге жіберуді сұрады, хабарлады MadeniPortal.kz.
Ал жәбірленуші тарап айыпталушыларды үйқамақтан уақытша тергеу изоляторына ауыстыру туралы өтініш хат жолдады.
Ақтөбе облыстық әскери сотына айыпталушы Нұржан Айденов пен Заманбек Төлегенге қатысты іс түсті. Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен сот алды тыңдауы басталды.
Айыпталушы Н. Айденовтің қорғаушысы кінәлілердің бәріне бірдей айып тағылмағаны, соның ішінде парашютті жинаған маман мен қойма жетекшісі жауапқа тартылмағанын айтты. Мұның бәрін тексеруі тиіс басшы да жауапқа тартылмаған деп санайды.
Айыпталушы Н. Айденов өз қорғаушысын қолдады. Ал, айыпталушы З.Төлегеннің де қорғаушысы дәл осы өтініш хатты қолдап, жауаптыларды түгел анықтауды сұрап отыр.
Жәбірленуші тарап болса үйқамақты күзетпен ұстауға өзгертуді, яғни, қамауға алуды сұрады.
– Анасы қазір төсек тартып жатыр. Олар неге бостандықта жүр деп сұрайды. Әкесі де соны түсінбейді. Бала биіктен құлағанда шашылып қалған. Көзі ағып кеткен. Үйқамақты қамауға алуға ауыстыруды сұраймыз, – деді жәбірленушінің қорғаушысы.
Сот алды тыңдауы кезінде айыпталушылар көпбалалы екенін, тергеуде қандай да бір кедергі болмағанын, уақытылы шақыруға барғанын айтты.
Тараптардың өтінішін тыңдаған сот кеңесу бөлмесіне кетті. Шешім 2026 жылдың 5 қаңтарында шығады.