Балжан Бидаш кішкентайынан өзін дәлелдеу үшін тырысып жүретінін айтты, деп хабарлайды madeniportal.k...
Арандату сәтсіз аяқталды...
Біздің елде полицияның заң бұзуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің пара алуы немесе қорықшылардың браконьерлікпен айналысуы қатты таңғалыс тудыра қоймайды. «Қасқырларға қой бақтырып отырған» қалың қазақтың бұған еті әбден үйренген. Нұр-Сұлтан қаласында орын алған мына бір оқиға осы сөзіміздің дәлелі («Время» газеті).
Ол оқиғаның мән-жайы мынадай, Нұр-Сұлтан қаласы (ол кезде Астана қаласы) Мемлекеттік кірістер комитеті басшысының орынбасары Қайрат Жұмағұлов пен оның қарамағындағы екі қызметкер пара алу және экономикалық контрабанда күдігімен айыпталып, қамауға алынады. Бірақ кейін олардың іс-әрекеттерінде қылмыстық құрам болмауына байланысты кінәсіз деп танылды.
Қайрат Жұмағұлов, Нұр-Сұлтан әуежайы кеден бекетінде басшылық қызметте болған Жанат Айтенов және қарапайым маман Серік Тынымбаев 2018 жылдың күзінде пара алды деген күдікпен ұсталған. Бірақ кейін Бас көлік прокуратурасы Мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлеріне қатысты осы істі тоқтаты.
Тарқатып айтсақ, 1 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы тағы бір қылмыстың бетін ашқандары туралы хабарлады. Онда елге контрабандалық жолмен алтын әкелуге жол бергені үшін 1,450 доллар пара алған кеден органының қызметкерлері ұсталғаны айтылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мәліметінше, жоғарыда көрсетілген соманы алуға кеден бекетінің қарапайым маманы ғана емес, оның басшыларының да қатысы болған. Алайда бұл қылмыстық іс күмәнді көрінгендіктен объективті түрде журналистік зерттеу жасалған.
Кеденшілер ұсталғаннан кейін зерттеу жүргізген «Время» тілшісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының қызметкерлеріне қатысты бірқанша мәліметтерді анықтаған. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, бұл істің барлығы бұрын да контрабанда бойынша сотталған алматылық Санат Көшкінбаевтан басталыпты.
Бұл азамат елордадағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкері Бауыржан Керімбековтың алыс туысы болып келеді. Дәл осы азамат алматылық туысына өзінің қамқорлығы астына қымбат металды контрабандалық жолмен кеденнен өткізуді ұсынады.
Осыдан кейін Керімбеков Астана қаласы Мемлекеттік кірістер комитеті басшысының орынбасары Қайрат Жұмағұловпен жүздесіп, інісінің кеден бекетінен өтуіне көмектесуін сұрайды. Ол Керімбековті әуежай кедендік бекетіндегі өз адамына жібереді. Ал Керімбеков Жанат Айтеновпен сөйлесіп, «ынтымақтастық» мәселесі жоғары жақпен шешіліп қойғанына сендіреді. Сөйтіп, Айтенов Серік Тынымбаевтың Ұлттық бюроның өзге бір қызметкері Ержан Жақыповпен байланыста болуына себепкер болады.
Барлық қадам талқыланғаннан кейін, Стамбулдан 6 келі алтын бұйымдарын алып Көшкінбаев келеді. Ол келісім бойынша Жақыповқа $ 1,450 көлемінде «рақмет» ақшасын береді. Дәл осы кезде контрабандашы ұсталады. Яғни, шетелден алтын кіргізу және пара беру қылмысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлерінің алдын-ала ұйымдастыруымен жүзеге асты деген сөз. Олар осы арқылы кеденшілерді контрабандашыдан пара алды деп көрсетіп отыр.
Осыдан кейін Жақыпов алған ақшаны Серік Тынымбаевқа алып келеді. Әрине жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері де бірге болды. Сол кездегі түсірілген кадрда кеден қызметкерінің «Рақмет» сомасынан екі мәрте бас тартқаны анық көрінеді. Алайда, пара алудан бас тартқанына қарамастан Тынымбаев ұсталып, қамау изоляторына жабылды. Бұған қоса Айтенов пен Жұмағұлов та қамауға алынды. Тергеушілер үшеуін де осы қылмыста сыбайлас ретінде көрсетеді.
Ал туысқаны Керімбековтің кеңесіне құлақ түріп, контрабандаға барған Санат Көшкінбаев та кеденшілермен бір камераға қамалды. Оның анасы Бибігүлсін Көшкінбаеваның айтуынша, баласын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар оның немере ағасы Бауыржан Шарипов алдап соққан.
Ол Көшкінбаев пен Керімбековті таныстырып, Санатты елордаға келіссөзге жіберген. Әрі бірер мәселе туындаса сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері көмектеседі деп сендірген. Алайда бәрі басқаша аяқталып, Көшкінбаев бұрын ешқашан кездеспеген тіпті сөйлеспеген Тынымбаев, Айтенов және Жұмағұловқа пара берді деп айыпталды. Ал ол ақшаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро қызметкері Жақыповқа берген болатын.
Бір сөзбен айтқанда, осы шулы істің көптеген күмәнді тұстары болды. Бұның бәріне астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің көлеңкелі іс-әрекеттері себеп болған. Заң бойынша, азаматтарды қылмыс жасауға итермелеуге және қызықтыруға қатаң тыйым салынады. Алайда Керімбеков пен Жақыпов Заңды белден басып, білгенін істеді. Сондықтан 362-бап (билікті немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша іс қозғалды. Бұл істі тергеу Бас прокуратураның арнайы прокуроры Нұрлыбек Сәбитовке тапсырылды.
Зерттеу барысында МКК қызметкерлерінің кінәсі дәлелденген жоқ. Мәліметтердің бәрі Бас көлік прокуратурасында зерттеліп, қорытынды жасалды: Қайрат Жұмағұлов, Жанат Айтенов және Серік Тынымбаевтың іс-әрекетінде ешқандай қылмыс жоқ. Осыған байланысты оларға қарсы тергеу тоқтатылды. Сонымен қатар, пара берді деп айыпталған Санат Көшкінбаевтің әрекеттерінде де қылмыс жоқ деп танылды.
Cөйтіп, төртеуіне қатысты барлық тергеу амалдары тоқтатылды. Ал алғашқы үшеуі өткен жылы қараша айының басынан бастап, яғни алты ай бойы тергеуде болды. Жұмағұлов, Айтенов және Тынымбаевқа тағылған айып алынып тасталады әрі олардың жұмысы қалпына келтіріледі. Сондай-ақ заңсыз қылмыстық қудалану және түрмеге қамалуға байланысты өтемақы алуға құқылы. Қысқаша айтқанда, тергеу мемлекеттік кірістер бөлімінің қызметкерлерінің кінәсіз екенін растады.
Контрабандаға қатысқан Санат Көшкінбаев, сондай-ақ оның ағасы Бауыржан Шарипов пен курьер Самат Қонақбаев елімізге әкелінген белгісіз алтын ісіне жауапты болады. Олардың ісін тергеу Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің экономикалық зерттеулер департаментіне тапсырылды. Алайда, бұл айыптау қылмыс құрамы пара берумен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл. Әрі кетсе үлкен айыппұлмен немесе шартты жазамен шешілуі мүмкін.
Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер Керімбеков пен Жақыпов заңсыз әрекеттері үшін жауап беруге тиіс, олардың қылмыстарын тергеу жалғасып жатыр. Бұл іс мемлекеттік қызметтегі барлық адмаға сабақ болуы тиіс. Саптасын сатып немесе арандату жасауға мүлде болмайды.
Мақала авторы: Михаил КОЗАЧКОВ
Қуаныш Қаппас