Сәулет Бақыткелді Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Текес ауданында дүниеге келген. Жапонтанушы, кәсіпкер...
Арыс қаласында Абай ескерткіші ашылды
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне және Арыс қаласының 65 жылдығына орай қазақтың ұлы ақыны Абайға арналған бюст ашылды, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
Өнер туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик әрі Арыс қаласының тумасы Тілеуберді Бинашев сыйға тартты. Салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арыстықтарды мерекемен құттықтады.
– Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттырады. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – бәрімізге ортақ міндет. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі тиіс. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн» деп атап өтті. Олай болса, орталық кітапхана алдында бой көтерген еңселі ескерткіш жастарымызды Абай армандаған кемелдікке жетелейді деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Бюст ұлы ақынның есімін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің алдына орнатылды. Ескерткіштің биіктігі – 4 метр, тұғыры – 2,20 метр, бюстінің биіктігі – 1,50 метр. Тұғыры гранит-мрамордан жасалған. Еңселі ескерткіштің айналасына көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 7 жарықшам, 7 орындық, 2 прожектор қойылды.