Жетісу облысында күйеуі атпен сүйреп өлтірді деп айыпталған 32 жастағы Айзат Жұманованың ісі бойынша...
«Қарызсыз қоғам»: қаржылық сауат пен әлеуметтік қолдаудың жаңа тетігі
Суреттер жасанды интеллект арқылы жасалды
Қазақстандағы қарыз мәселесін тек заңнамалық шектеулер арқылы шешу мүмкін емес. Оның түпкі себебі халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі мен табыс теңсіздігінде жатыр, деп жазады Мadeniportal.kz.
Қарызға тәуелділік отбасыларды тығырыққа тіреп, әлеуметтік мәселелерді тереңдетіп отыр. Осыған жауап ретінде 2023 жылы «AMANAT» партиясының бастамасымен «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Бұл бастама – тек қарыздан құтылу жолы ғана емес, азаматтарға қаржылық тәрбие мен әлеуметтік қолдауды қатар ұсынатын жаңа тетікке айналды.
Жобаның негізгі мақсаты – адамдарға өз қарызын басқаруды үйрету, заңдық кеңес беру және қиын жағдайдан шығудың жолдарын көрсету. Бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды:
-
Қаржылық сауаттылық курстары – пайыздық мөлшерлемені есептеу, қарызды тиімді басқару, коллекторлармен дұрыс жұмыс істеу.
-
Қарыз картасы – әр адамның берешегін жүйелі түрде талдап, қай қарызды бірінші жабу керегін анықтау.
-
Банкроттық рәсімі – азаматты заңды түрде қарыздан босату немесе төлемді қайта құрылымдау.
Алайда ресми статистика тек сандарды көрсетеді. Біз көбіне «миллиондаған адам қарызға батты» деген деректің артында әр отбасының күйзелісі, әр баланың уайымы, әр әкенің жауапкершілік жүгі мен әр ананың көз жасы барын ескере бермейміз.
Светлана Назар: арестке түскен шоттар мен жаңа үміт

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Жетібай ауылы. Таңғы салқынмен мектепке асыққан екі бала – төртінші сыныптағы қыз бен екінші сыныптағы ұл – есік алдында анасын құшақтап, қош айтысады. Светлана Назар қоғамдық жұмысқа кетіп барады. Ай сайын алатын 85 мың теңге – үйдің жалдау ақысы, жарық пен нанның ақысын әрең жапқанымен, балалардың киімі мен оқуына жетпейтін. Үйдегі азаматтық күйеуі тұрақты жұмыс таппай, отбасын асыраудың бар жауапкершілігі Юлияның мойнына түсті.
Жалақы жетпеген сайын ол «Хоум Кредит» пен «Kaspi»-ден несие алып, мектеп формасы мен дәптер-қалам үшін микроқарызға жүгінді. Ақыры азық-түлік дүкенінде де қарызы жиналып қалды. Уақыт өткен сайын берешек үсті-үстіне көбейіп, банктік шоттары тұтастай бұғатталды. Еңбекақысын ала алмай, тығырыққа тірелгенде ауылдық округ әкімдігінен «Қарызсыз қоғам» жобасына шақырған қоңырау түсті.
Үш күндік қаржылық сауаттылық курсы Юлияға өз өмірінің картасын қайта сызуға мүмкіндік берді. Мамандардың көмегімен ол 2 миллионнан астам берешегін заңды жолмен реттеудің амалдарын үйренді: egovMobile арқылы нотариустың орындау жазбасына қарсылық жолдап, бір күнде шоттарындағы арестті алдырды. Кейін «Хоум Кредитке» ресми өтініш беріп, реструктуризацияға өтті. Ал 1 сәуірде соттан тыс банкроттыққа құжаттары қабылданып, алты айға созылатын процесс басталды.
Юлия үшін ең үлкен арман – балаларын бейқам кешкі ас үстінде қарсы алу. «Қарызсыз қоғам» оған дәл осы тыныштықтың сызбасын қайта сызып берді. Оның оқиғасы – отбасылық тапшылықтың қарызға қалай итермелейтінін айқын көрсетсе, келесі кейіпкердің тағдыры тұрғын үй мәселесімен ұштасқан қарыз қақпанының қырын ашады.
Қуандық Нұрбай: үй үшін алынған несие, өмір үшін басталған күрес

Қаратау қаласының шетінде ағаш жарып жүрген Қуандық Нұрбайдың ойы алыста. Ол өткен жылдарда, аудандық «Қазпоштада» күзетші болған кездерін есіне алып отыр. Шағын жалақысы отбасын асырауға жетпеді. Баспаналы болуды армандаған ол «Хоум Кредиттен» 964 мың теңге, «Альянс банктен» 510 мың теңге несие алып, ай сайын төлеп отырамын деп сенген. Бірақ тұрмыстың салмағы ауырлаған сайын табыс жұқарып, төлем кейінге қалды. Қарыз өсіммен ұлғайып, берешек 1,4 миллион теңгеден асты.
Шоттары бұғатталып, айлығынан ұстала бастағанда, жұмыс істеудің өзі мәнсіз болып, Қуандық амалсыздан қызметінен кетуге мәжбүр болды. Отбасы құрылыс маусымындағы күндік табысқа қарап қалды. Бұл – үш баланың әкесіне ең ауыр сын еді.
Сол кезде оған ауыл әкімдігінен «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысуға ұсыныс түсті. Үш күндік оқу барысында Қуандық несие тарихындағы түйткілдерді тарқатып, неге бұған дейін соттан тыс банкроттық өтініші қабылданбағанын түсінді. Қаржы сарапшыларының көмегімен ол Талас ауданының мемлекеттік кірістер департаментіне жолығып, қате рәсімдерді түзетті. 19 қыркүйекте өтініші қабылданып, алты айға созылатын банкроттық процесі басталды.
Қарыздан құтылу – Қуандық үшін тек есеп-шоттағы нөлдер туралы мәселе емес. Бұл – балаларына қайта тірек болып, ресми жұмысына оралуға берілген жаңа мүмкіндік. Оның тарихы – шағын жалақы мен баспаналы болу арманынан туындайтын қарыз қақпанының ащы шындығы. Ал келесі кейіпкердің тағдыры қарыздың отбасылық тыныштыққа қалай әсер ететінін көрсетеді.
Ермек Нақып: 4,5 миллион теңгелік ауыртпалықтан құтылу

Ермек Нақыптың шаңырағында ұзақ уақыт бойы үнсіздік орнады. 4,5 миллион теңгелік қарыз үшін сот шешімімен салынған арест әр әңгімеге көлеңке түсіріп, үй ішін уайымға толтырды. Үйдің табалдырығында ойнап жүрген балалардың күлкісі де сиреп, отбасы күнделікті өмірін қорқынышпен өткізді.
Жауапкершілікті әрі еңбекқор азамат болғанына қарамастан, Ермектің мойнына артылған берешек оның психологиялық та, тұрмыстық та жағдайын күйзелтті. Шоттар бұғатталып, мүлікке тыйым салынған шақта бір ғана үміт – «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандары болды.
Сарапшылар істі зерделеп, заңды тетіктерді пайдалана отырып, арестті алдырды. Сол сәттен бастап үй ішіне қайтадан тыныштық орнады. Есік алдында балалардың күлкісі естілгенде, Ерлан көптен бері алғаш рет терең дем алды. Ол үшін қаржы тұрақтылығы – тек сандардағы өзгеріс емес, отбасындағы бейбіт өмірдің кепілі еді.
Ерланның оқиғасы борыштың отбасы тыныштығына қалай көлеңке түсіретінін дәлелдесе, келесі кейіпкердің тағдыры – түрмеден кейінгі өмірдің қарыз қақпанымен қалай тоғысатынын көрсетеді.
Елдар Рахметов: түрмеден кейінгі жаңа өмірге жол
Қосшы қаласының тұрғыны

Елдар Рахметов үшін бостандыққа шығу – жаңа өмірдің есігін ашу ғана емес, өткеннің ауыр жүгін арқалау еді. Шартты түрде босатылған соң жұмыс табу оңай болмады. Ал жылдар бойы жиналған шамамен 2 миллион теңге қарыз әр күнін көлеңкеге айналдырып, қоғамға бейімделуді одан сайын қиындатты.
«Қарызсыз қоғам» жобасының көмегімен ол соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш берді. Қаржылық жүктемеден арылған сәт Елдар үшін тек ресми құжаттардағы өзгеріс емес, жаңа өмірге жасалған қадам болды. «Енді мен балаларымның көзіне тік қарай аламын», – деді ол шешім шыққан күні.
Бұл жеңілдік оған өзін қайтадан қоғамға қажет адам ретінде сезінуге мүмкіндік берді. Елдардың тарихы қарыздың түрмеден кейінгі өмірге қалай кедергі болатынын көрсетсе, келесі кейіпкердің оқиғасы – сол жолдағы басқа бір қырды ашады.
Октай Варлам: жазадан кейінгі жаңа тыныс

Ақмола облысының Ақкөл кентінде өмір сүретін Октай Варламның еркіндікке шыққаннан кейінгі алғашқы қадамы – соттан тыс банкроттыққа өтініш беру болды. Жазасын өтеп келген соң оның алдында тек екі жол қалғандай еді: бірі – қарыздың салмағына басылып, өткеннің қателіктерін арқалап жүре беру, екіншісі – жаңа өмірді таңдауға батыл қадам жасау.
Өтінішінің мақұлданғанын естіген күні Октай өзіне бұдан былай әр теңгені жоспарлап жұмсап, бұрынғы қателіктерін қайталауға жол бермеймін деп уәде берді. Қарыздан құтылу – оның абыройын қайта оралтып, жаңа өмірге ашылған есікке айналды.
Октайдың тәжірибесі түрмеден кейінгі өмірдің қиындықтарын еңсерудің бір қырын көрсетсе, келесі кейіпкердің тағдыры әке жүрегінің жауапкершілігі мен күресін айқындайды.
Жамбыл Қапаров: әке жүрегіндегі жауапкершілік

Жамбыл Қапаровтың шағын пәтерінде таңғы әбігер. Балалар мектепке жиналып жатыр, ал ас үйде әке жалғыз өзі дастарқан жайып жүр. Жұбайы кеткелі бері тұрмыстың бар салмағы оның иығына түсті. Қарапайым жұмыс табылмаған сайын, Жамбыл амалсыз несие мен микроқарызға жүгінді. Бірақ тұрақты табыс болмаған соң пайыздың шеңберінен шығу мүмкін болмады.
«Қарызсыз қоғам» сарапшылары оған заңды жол көрсетті – банкроттық рәсімдеу. Осы шешім арқылы 303 714 теңгелік берешек кешірілді. Біреуге бұл сома аз көрінуі мүмкін, бірақ Жамбыл үшін ол балалардың болашағына қайта жағылған жарық еді.
Енді ол күнін жоспарлап, қай уақытта қандай жұмыс атқаратынын, ресми қызметке құжат қашан тапсыратынын ойлайтын адамға айналды. Жамбылдың тағдыры – әкелік жауапкершіліктің қарыз қысымында қандай сынақтан өтетінін көрсетсе, келесі кейіпкердің тарихы әйелдерге тән қосарланған ауыртпалықты айқын сипаттайды.
Камила Назарова: он жанды асыраған әйелдің күресі

Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында он жан тұратын үйдің ас бөлмесінде Камила Назарова шай құйып отыр. Ол – үлкен отбасының тірегі. Ортаңғы әпкесінің оқу ақысына деп рәсімделген несие біртіндеп бүкіл шаңырақтың ортақ ауыртпалығына айналды. Камила шетелдік компанияда жұмыс істеп жүргенде жағдайы біршама тұрақты еді, бірақ филиал жабылып, табысынан айырылды. Артынша күйеуінің мезгілсіз қазасы еңсесін біржола түсірді. Жылдар бойы өтелмеген берешек 1,5 миллион теңгеден асып, отбасы күнделікті тапшылықпен күнелтті.
Жұмыспен қамту бөлімінен түскен қоңырау Камиланың өмірін екіге бөлгендей болды. «Қарызсыз қоғам» жобасына шақырған қоңыраудан кейін жаңа жол басталды: бес күндік қаржылық сауаттылық курсы, заңгерлік кеңес, құжат жинау. 6 наурызда оның соттан тыс банкроттыққа өтініші қабылданып, алты айға созылған процесс қыркүйекте аяқталды. Сол сәтте Камила ресми түрде банкрот деп танылып, қарыз міндеттемелерінен толық босады.
Енді ол еңбек келісімшарты бар жұмысқа орналасуға, балаларын ешкімнен қымсынбай дамытуға әзір. «Бұл – тек менің емес, бүкіл үйдің екінші тынысы», – дейді Камила күлімсіреп. Оның тарихы – әйелдер иығына түскен әлеуметтік әділетсіздік пен қаржылық қысымның айнасы.
Ал осы тағдырлар тоғысқанда, қарыз қақпаны Қазақстан қоғамының әлеуметтік бейнесін анық көрсетіп отыр.
Түйін
Бұл оқиғалардың әрқайсысында ортақ бір ырғақ бар: қарыз – тек қаржылық міндет емес, ол адамдарды әлеуметтік осал етеді, ресми еңбек нарығынан шеттетеді, бала күлкісін де салқындатып жібереді. Ал «Қарызсыз қоғам» сол ырғақты өзгертетін батыл нота сияқты: қаржылық сауаттылықты үйретеді, заңды тетіктерді көрсетеді, ең қиыны – адамдарға үмітін қайтарады.
Берілген кейстерден үш негізгі сабақ шығады. Біріншіден, қаржылық сауатсыздық қарыз алушыларды әлсіз етеді: көпшілік келісім-шарттың заңдық қырын білмейді, банктермен ресми келіссөз жүргізе алмайды. Екіншіден, табыс теңсіздігі – төмен жалақы, жұмыссыздық пен тұрмыстық соққылар адамдарды қарызға итермелейді. Үшіншіден, банкроттық рәсімі – құтқару жолдарының бірі. Ол барлық мәселені түбегейлі шешпесе де, көптеген азаматқа ресми жұмысқа қайта оралуға, әлеуметтік тұрғыдан қайта аяққа тұруға мүмкіндік береді.
Юлия, Қуанбек, Ерлан, Елдос, Олег, Жанат пен Клараның тағдыры – Қазақстандағы қарыз проблемасының нақты бейнесі. Бұл – статистика емес, бұл – адамдардың өмірі, балаларының болашағы, отбасының тыныштығы.
«Қарызсыз қоғам» – қаржылық сауаттылық жобасы ғана емес, ол әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы бастама. Ол қарыздан титықтаған мыңдаған қазақстандыққа жаңа өмір бастауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл тарихтар қоғамның әрбір мүшесіне ой салады: қаржылық білім мен әділ мүмкіндік берілсе, кез келген адам қарыз қақпанынан шығып, ертеңіне сеніммен қадам баса алады.
Гүлнұр Кәкімжанова