Аталы сөзге тоқтаған асылдықтың белгісі

Жаңалықтар
1681


Жуырда Қостанайда өткен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» деген тақырыптағы конференция халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрін жаңғыртуға басқан қадамның бірі сынды болды. Бітімгершілікті Елбасы көтерген рухани жаңғырудың бір сатысына балама ретінде қарауға да болады.



Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың жетекшілігімен ағымдағы жылдың басынан бері жобалық менеджмент әдісімен 7 топ құрылған болатын. Соның ішіндегі «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында қызмет етіп жатқан топ Қостанай өңіріне ат басын бұрып, әлеуметпен – ақсақалдармен, ардагерлермен және судьялармен жүздесті. Конференцияда Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен: «Ежелден аталы сөзге тоқтап, сөз қадірін білген, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған, дана халық едік. Осы қасиеттеріміз бола тұра, ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаһандану толқынының әсері ме, жылдан-жылға даукес болып бара жатқандаймыз» деп сөзін бастады. 

Қазіргі кездегі қалыптасқан жағдай көңіл көншітерлік көрінбеді. Егер дауласып келген адамның ең төменгі саны екеу болғанның өзінде, бұл көрсеткіш еліміздегі жалпы халықтың 6-18 пайызын құрайды екен. Тіпті бұдан да көп болуы мүмкін. Және әлі де арта түседі. 

Аса етек алып тұрғаны отбасылық даулар болып шықты. Таратып айтсақ, неке бұзу, баласы немесе ата-анасын асырау үшін алимент өндіру сияқты тіршілікке қатысты нәрселер көтеріліп жатады екен. 

Орта есеппен алғанда еліміздегі әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалуда. Бұның ақыры некенің бұзылуына апарып соғады. Осыған орай әр отбасында кемінде екі баладан бар деп санасақ, сонда жүз мың бала ана яки әке алақанынан ажырады деген сөз. 

 Егер осындай дау-дамайларды сотқа дейінгі татуласу жолымен шешсе, мүмкін қоғам өңі өзгеше болар ма еді деген ой да туындайды.

Дауларды осындай баламалы түде шешуді қалыптастырғанда адамдардың  санасын өзгерту де маңызды мақсаттың бірі  болуы  тиіс сияқты.

Осы орайда халықтық дәстүр-салтымызды жаңғырту өте қажет. Осы арада баламалы шешімнің өзгешелігі, сотқа қарағанда екі тарап та өзара татуласумен тарасады. Бұл жерде адамгершілік, мораль сияқты құндылықтар алдыңғы шепке шығады. 

Қазақ халқы ата-бабадан сабақтастық алып, мұра болып келе жатқан асыл қағидаттарына сүйеніп, небір шешімі қиын даулардың қиюын тауып келді. Соның нәтижесінде біздің халықта жетім мен жесір қараусыз қалған емес. Тіпті, қуа келгенде түрме салмаған жалғыз халық осы қазақ па деп қаласың.

Кезінде даулардың сауатты және әділ шешілгені туралы мыңдаған мысалдар бар. Сөзге тоқтаған халық болдық. Осы ұлы қасиетті жаңғырту барысында жасалып жатқан жұмыс сол сабақтастықтың бір сипаты деп білгеніміз жөн. 

    

З. Самалбекұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...