Алматыда экскаватор мопед мінген баланы басып өлтірді, деп хабарлайды madeniportal.kz Ulysmedia...
Атырауда әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы өлі табылды
Фото: әлеуметтік желі
Атырау облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Бауыржан Асаинов өз пәтерінен өлі табылды. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Басылымның мәліметінше, Асаиновтың денесі 18 қазанда өзі тұрған пәтерден табылған. Оның қайтыс болғанын әріптестері де растап, ведомствоның ресми парақшасында қазанама жариялаған.
«Бейресми деректерге қарағанда, марқұмның денесі табылғанға дейін пәтерде шамамен екі апта жатқан. Осы аралықта үйге жылу берілген. Бұл дененің өлімнен кейінгі өзгерістерін жеделдетіп, өлім себебін анықтауды қиындатуы мүмкін», — деп жазды басылым.
Редакция дереккөздері Асаинов пен оның бауыры арасында жанжал болуы мүмкін екенін де айтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, екеуі бірге ішімдік ішкеннен кейін сөзге келіп қалған. Бауыры Асаиновқа соққы жасап, ол тірі кезінде пәтерден кетіп қалған болуы мүмкін деген болжам бар.
Алайда жанжалдың мән-жайы, оның өлімге ықтимал қатысы және Асаиновтың неден қайтыс болғаны ресми түрде расталмаған. Басылым ақпарат алған кезде бауырының қайда жүргені де белгісіз болғанын жазады.
Бауыржан Асаинов Атырау облысы бойынша аталған департаментті 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап басқарған. Бұған дейін прокуратура органдарында, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеген. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.