Павлодар облысында еңбек қауіпсіздігі ережесін бұзу салдарынан экскаваторды қосу кезінде жұмысшы қаз...
Атыраудағы мектепте оқушы жарақат алды: қылмыстық іс қозғалды
ашық дереккөзден алынған
Атырау қаласындағы жекеменшік білім беру ұйымдарының бірінде 11-сынып оқушысының жарақат алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің ақпарына сүйенген бірнеше ақпарат көздері хабарлады, деп жазады Мadeniportal.kz.
Қазіргі кезде күдікті тұлға анықталып, оның заңды өкілдерінің қатысуымен тергеу амалдары жүргізілді. Оқиғаның нақты себептері мен жағдайларын анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр.
Уақытында тиісті органдарға хабар бермегені үшін мектеп директоры мен сынып жетекшісінің әрекеттеріне қатысты материалдар Атырау облыстық білім сапасын бақылау департаментіне жолданған.
Құқық бұзушылыққа барған жасөспірім ішкі істер органдарының арнайы есебіне алынды. Оның ісі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына беріледі.
Бейресми дереккөздердің мәліметіне қарағанда, бұл оқиға Атыраудағы «Тағылым» жекеменшік мектебінде болған. Зардап шеккен оқушының туысының айтуынша, оқиға мектеп дәретханасында болған. Қыздың басы қатты соғылып, жарақат алған. Ал мектеп ұжымы қан іздерін жуып, балаларға бұл жайтты жасырын ұстауды тапсырған көрінеді. Алғашында оқушы жарақатты өз кінәсінен болған деп түсіндіргенімен, кейін қатарласы итеріп жібергенін айтқан.
Туыстарының айтуынша, мектеп тарапынан ата-аналарға дер кезінде хабар берілмеген. Оқиға жайлы олар кешкі уақытта ғана, басқа бір ата-ананың сөзінен білген.
Атырау облысының білім басқармасы бұл жағдайға байланысты ішкі қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Басқарма өкілдерінің сөзінше, мектеп қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оқушыны медициналық тексерістен өтуге көндіруге тырысқан. Алайда оқушы бұл ұсыныстан бас тартып, тек ағасымен бірге баратынын айтқан.