Су - XXI ғасырдың мұнайы

Фото: ЖИ/Шедеврум

ЖАҢАЛЫҚТАР
632

Су – XXI ғасырдың мұнайы: Қазақстан неге бұл байлықты қорғауға кешігуде? 

 XX ғасырда елдер мұнай үшін соғысты. XXI ғасырда ше? Ендігі майдан даласы – өзендер мен көлдердің бойында. Қазіргі таңда адамзат баласы ғарышқа ұшты, жасанды интеллект жасап жатыр, бірақ дәл осы сәтте ең құнды ресурс – таза ауыз су – көз алдымызда сарқылып жатыр.

 Егер де мұнай моторға жан бітірсе, су тіршілікке жан береді. Бірақ елімізге бұл өмір өзегі күннен-күнге таратылуда. Неліктен біз оны әлі күнге дейін экономикалық, геосаяси, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырмай келеміз?

 Бүгінгі таңда бүкіл әлемде су мәселесі өте өзекті болып тұр. Бұрын адамдар су шексіз деп ойлайтын. Бірақ қазір ғалымдар: «Болашақта су мұнайдан да қымбат болады», – деп дабыл қағуда. Су – адам өмірі үшін ауа сияқты маңызды. Біз онсыз бір апта да өмір сүре алмаймыз. Кейбір елдер суды үнемдеп үйреніп, оны қайта өңдеудің жолын тапты. Мысалы, Израиль елі тамшылатып суаруды қолданады. Олар әрбір тамшы суды бағалайды.

 Ал Қазақстанда қалай? Бізде су көп болып көрінгенімен, су қорымыз жылдан-жылға азаюда. Қалаларда су босқа ағып жатады, ал кейбір ауылдарда адамдар ауыз суын таба алмай отыр. Бұл – өте қайшы жағдай. Сондықтан суға тек табиғат сыйы деп емес, болашақ байлығымыз ретінде қарауымыз қажет.

 Қазақстан – көлемі жағынан әлемде 9-орында. Бірақ бұл кең-байтақ жердің 50%-дан астамы – құрғақ дала. Су ресурстарының 45%-ы шекарадан тыс орналасқан: Ертіс – Қытайдан, Сырдария – Қырғызстан мен Өзбекстаннан, Іле – Қытайдан келеді. Бұл – еліміздің суға тәуелділігі тек табиғатқа емес, геосаясатқа да тәуелді деген сөз.

 Онымен қоса, Қазақстанда ауыл халқының біраз бөлігі ауыз суына зәру. Таза су құбырына қол жеткізе алмай отырған мыңдаған отбасы бар. Кей ауылдарда адамдар тіршілік нәрін құдық пен тасымал су арқылы алып отыр.

 Ал қалаларда ше? Қалада су тіпті артық. Су себепсіз кетеді: ағып жатқан крандар, көлік жуу орындары, бақшаларға құйылатын су – бәрі ретсіз. Бір жерде тамшыны аңсап отыр, бір жерде су өз бетімен рәсуа болып жатыр. Бұл – жәй жүйесіздіктің дәлелі.

 Елімізде су тапшылығы мәселесін шешудің жолдары бар. Бірақ оларды енді емес, дәл қазір қолға алу қажет. Мысалы: суды қайта өңдейтін технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығында тамшылатып суару жүйесіне көшу, су тарифін әділетті реттеу, су туралы білім беру мен насихатты күшейту, халықаралық келісімдерде батыл болу. Егер осы қадамдарды бүгін бастамасақ, ертең тым кеш болады.

 Су – жай ғана мөлдір сұйықтық емес. Ол – тіршілік, экономика, саясат және бейбітшілік негізі. Қазақстан мұнайға ғана қарап өмір сүре алмайды, бірақ сусыз өмір сүруі мүлдем мүмкін емес. Егер су – XXI ғасырдың мұнайы болса, онда оны қорғай алмаған ел болашағынан да айырылады.

 Біз кешігіп келеміз. Бірақ әлі де үміт бар. Себебі әр өзгеріс – түсінуден басталады.

 

 

Болатова Инабат Ерболовна

Жезқазған қаласы, №1 жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан футзал қауымдастығының жаңа президенті қызметіне спорт менеджері Нұрсұлтан Құрман тағайынд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақ ұлттық музыка академиясын 25 жыл басқарған скрипкашы Айман Мұсақожаева жылы орнын қайтарамын д...