Коронавируспен күреске бөлінген көлемді қаражат флеш-мобқа жұмсалған. Бұл туралы Республикалық арнай...
Ауыл қызметкерлерінің жалақысы өседі
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтін бірқатар сала мамандарының лауазымдық жалақысы кемінде 25 пайызға көтеріледі. Бұл өзгеріс денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және басқа да әлеуметтік салаларда еңбек ететін қызметкерлерге қатысты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Тиісті өзгерістер Үкіметтің 2026 жылғы 19 қарашадағы №1027 қаулысымен енгізілді. Құжат азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне және қазыналық кәсіпорындар жұмысшыларына еңбекақы төлеу жүйесін реттейді.
Қаулыға сәйкес, ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, архив ісі, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларының мамандарына жоғары мөлшердегі лауазымдық айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгіленеді.
Олардың жалақысына қосылатын үстемеақы кемінде 25 пайыз болуы керек. Нақты мөлшерін жергілікті өкілді органдар белгілейді.
Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар да қамтылады
Өзгерістер республикалық бюджеттен қаржыландырылатын және ауылдық елді мекендерде орналасқан ұйымдардың бірқатар мамандарына да қатысты. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария салаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің лауазымдық жалақысы мен тарифтік мөлшерлемелерін кемінде 25 пайызға көтеру көзделген.
Сонымен қатар орман шаруашылығы функцияларын атқаратын мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне де осындай тәртіп қолданылады.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.